25 Шілде 2016, 12:48
Оған қараймын да оны көрмеймін, оны көзге көрінбейтін дейтінім сондықтан. Оны тыңдаймын да ештеңе естімеймін, сондықтан оны есітілмес санаймын. Оны ұстап алғым келеді де жете алмаймын, сондықтан оны ең ұсақ деп санаймын. Бұлардың негізі неде екенін білуге тырысудың керегі жоқ, өйткені ол бірлестікте. Оның жоғары жағы жарықтанбаған, төменгі жағы қараңғыланбаған. Ол шексіз және оның атауы жоқ. Ол қайтадан болмыстың жоқтығына қайта оралады. Сонымен оны пішіні жоқ пішін деп атайды, мәнісі жоқ кескін дейді, сондықтан оны айқын емес тұманды деп айтады. Онымен жолыға тұрып оның бетін көрмеймін, оның соңынан ере тұрып оның арқасын көрмеймін.
* * *
Қабаған ит ширығып тұрған адамды қабады. Саналы және жинақы адам ондай иттің жанынан зиян шекпей өтіп кетеді.
Ақылды басшы өмірге ғашық болмай және өлімнен қорықпай өмір сүреді. Осы еркіндік лидерді зияннан қорғайды.
* * *
Ұстаз айтты:
Билікші рәсімдерді сақтайтын болса, халық оған құрметпен қарамауға батылы бармайды; билікші әділеттілікті сүйсе, ешкім оны тыңдамай кетпейді; билікші шындықты сүйсе, ешкім адалдықтан аттамайды. Осылай болса бұл елге жан-жақтан балаларын арқалаған адамдар келіп қоныстанады. Сонда билікші егінді өзі ормайды.
Лао-цзы
Барлық тірліктің бастауы мен соңы туралы екі кітап
Көне Қытайдың саяси және құқықтық ой тарихында даосизмнің негізін қалаушы аты аңызға айналып кеткен Лао-цзының ілімі ерекше орын алады.
Философ Қытайдың бірігуінен бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген, ол кезде бірнеше көнеқытай мемлекеттері болған еді. Ол Чжоу патшалығы кітапханасының бас сақтаушысы болып қызмет атқарған. Мемлекеттің құлдырап бара жатқанын байқаған және төңірегіндегі адамдардан көңілі қалған ол буйвол мініп Батысқа қарай сапар шегіп кете барған. Оның елден мәңгілік кетіп бара жатқанын көрген шекарашылардың басшысының өтінішіне орай Лао-цзы өзінің ілімін кеңінен айтып түсіндірген және екі бөлімнен тұратын еңбегі мен өз ілімінің негізін құрайтын бес мың иероглифті аманат етіп қалдырған.
Лао-цзы «Дао дэ цзин» («Сапар мен оның көріністері жайлы кітап» немесе «Сапар мен ізгілік жайындағы кітап» немесе «Дао мен дэ туралы негізгі кітап») деп аталатын трактат жазған. Оны біреулер өзінің жазғаны десе, енді біреулер біздің эрамызға дейінгі III ғасырда оның ілімін жалғастырушылардың жазғандары деп осы күнге дейін таласады. Лао-цзы Қытайдың ең бірінші философы ретінде мифологияда айтылатын қытайлардың бабасы Хуандимен теңесе айтылады. “Дао де цзин” - құқықтық ой тарихының ең көне ескерткіштерінің бірі.
Біздің дәуірдің екінші ғасырында Лао-цзы Құдаймен теңестіріле дәріптелді, оны даоның «түрленуі» немесе «денесі» деп атады.
Аңыз бойынша Индияда будда ілімінің пайда болуына Лао-цзының ілімі себепкер болған. Кей аңыздар Лао-цзы мен Будда шежіре бойынша туыстас, тіпті ол Будданың шын мәніндегі әкесі болып келеді екен дейді.
Лао-цзы Конфуцийдің аға замандасы болып келеді. Екеуі бірінші рет кездескеннен соң Конфуций өзінің сұхбаттасына соншалықты таң-тамаша болғандықтан үш тәулік бойы тіл қатпапты деседі. «Сіз оған қандай уәждер айттыңыз?» деп сұраған замандастарына «Мен бір айдаһар көргендей болдым, ол бірде тұманға айналды, бірде аспанда қалықтап, инь мен янның аспан сәулелерімен тыныс алып тұрды. Мен оған қарсы бір уәж айтпақ түгілі, аузымды да аша алмадым» деген екен.
Лао-цзы барлық нәрсенің негізі қимыл, мәңгілік өзгеріс, түрлі пішіндердің ұдайы дамуы деп түсіндіреді. Оның көзқарастары стихиялы диалектикаға тән.
Лао-цзы іліміндегі ең іргелі түсінік – дао (сапар, даму, өмір, қозғалыс, қалыптасу, эволюция). Ол сөз қытай философиясында кейіннен аса маңызды мәнге ие болды.
Қытай философиясын түсіндірген еуропалықтар даоны Жоғарғы сана, Жоғарғы жан иесі, Табиғат, Құдай, Әлем осі, Абсолют, Ақиқат, Қажеттілік, Логос, Барлық тірліктің бастауы мен соңы, Сапар және с.с. дейді.
Лао-цзы ілімінің негізгі мағынасы – адамды және бүкіл адамзатты ғарыштың табиғи әуені мен заңдарына кірігу, ену, оларды тану, солармен бірігіп кету, соларға бағыну.
Лао-цзының айтуынша дао бірнеше деңгейде болады, оның түрлі қырлары мен тұстары бар. Лао-цзы әлемде әділеттілік үйлесімі болады, бір ұрпақтар тұсында бұзылған мәңгілік әділеттілік қайтадан қалпына келтіріледі, сөйтіп байлық қайта бөліске түседі дейді. Ол әділеттілік деп барлық игіліктің – материалдық құндылықтар, құрмет, қошемет, қоғамдағы орын әділ бөлінуін айтады.
Лао-цзының ілімі ескі заманда қоғам табиғи жолмен дамыған еді, бірақ мемлекет пайда болғаннан соң оның қалыптасуы мен дамуы кезеңінде көптеген заңдардың шығуымен адам үшін ақиқат жолынан ауытқу басталды деп түсіндіреді. Адам эволюциялық даму жолына түсуі тиіс, заңдарды бұзудың негізгі айыпкері – адамдардың білгіш бола бастауы дейді. Тәбеттің өзгеріп, жасанды әлеуметтік заттар ойлап табылған соң қоғамда да, жеке адамдардың өмірінде де түрлі әдемі және бағалы заттар пайда болды, олар адамдарды қылмыстарға итермеледі. Одан адамдардың еркіндігі шектелді, ал ойдан шығарылған еркіндікті шектеу адамдардың қалыпты қарым-қатынасына нұқсан келтірді.
Бірақ Лао-цзы білгіштік жалған білімнен келіп шығады дей отырып, білімге қарсы шыққан жоқ және саяси-құқықтық құбылыста саналылықтың қажеттігін жоққа шығармады. Керісінше ол дао түсінігі өз елі мен өзге елдерді тануға жол ашады деп санады.
Лао-цзы мемлекетке де, заңдарға да сыни көзбен қарады, оларды табиғи құқықты бұзушылар деп атады. Ең негізгісі Аспан астындағы заттар мен құбылыстардың қозғалысында табиғи ырғақ пен траекторияға қайта оралу арқылы кірігіп кету деп санады. Мемлекет заңдары даоның табиғи генетикалық ырғағынан айырады, адамдардың қызығуы, күші, құмарлығы, жасанды жобалары ғарыш пен адамдардың өзіндік стихиялы дамуынан ауытқытады деді. Адамдарға жасанды түрде сіңірілетін заңдар керексіз және онсыз да күн кешуге болады деді. «Елде заңдар мен бұйрықтар көбейсе, ұрылар мен қарақшылардың саны көбейеді» - дейді данышпан. «Елде тыйым салатын заңдар тым көп болып, халық кедей бола түседі» дейді ол.
Аристократияның жағдайын қорғауды және дұрыстауды, дәстүрлер мен