23 Тамыз 2014, 10:23
Заман ықлымына жəне елбасыларының пиғылына орай, əр заманда, Ұлы Даладағы елдердің əр бөлігі өзге алыс тұстарға ауған болатын. Ауған көктүріктердің бір бөлігі Түнязы деп аталатын Орта Жазыққа (Қытайға) кетті. Енді бір бөлігі батысқа, тіпті сонау Батыс Еуропаға шейін барды. Тынық мұхитты солтүстігінен айналып Америка құрлығына кетушілер де болды. Соңғылардың дені Алтайды кіндік еткен (Амурдан Кавказға шейінгі) жалпақдаладағы түрік тайпалары болатын.
Ұлы далалықтардан Түнязыға ауып бару ерте басталған. Түнязылық əулеттердің ірге кеңейтуі салдарынан оған қосылған хандықтар жұртынан тыс, өз еркімен көшіп кіргендер, соғыс тұтқындары жəне жерлік табиғи өсім Түнияз халқының санын тез өсірді. Ғұн мен Үйсін қағанаттары ыдырап, əлсіреген сайын, соған қоса Батыс Өңірдегі жұрттың Хəн жаққа, өз іштеріндегі хəншілдерге наразылығы күшейген сайын, хəншілдердің бұл жақтан кетуі, Хəнге барып паналауы тіпті көбейді. Хəн əулеті Лю Жиею мен Уаң Жаужюннен тараған жиендерін тегіс Шаңлинюандағы Футау сарайына жайғастырады. Тізе бүге келген шетелдік өзге ығайларды да қастерлеп, марапаттап, мəртебелі күтімге алады. Ондайларды неғұрлым көбірек тартуға тырысады. Бұл адам ресурсының маңыздылығын ерте білгендік еді. Қытай - əлем елдері ішіндегі бұл жағынан ең ұтқан ұлыс.
Сонымен түрік тайпаларынан Орта Жазыққа барып сіңгендердің ересен көптігін айтудың өзі артық. Олардың кейі Қытай тарихына белгілі ықпал да жасады. Егер мысал ала кетсек, соның бірі - Шато. Оның əсілі аты Чуюе екен. Үйсін ұлысының ежелгі жұртының шығысында, Баркөлдің батысында, Құбының құмы жақта (бүгінгі солтүстік Шынжаңда) болғандықтан хəндер Шато түріктері “құм қыраттының түріктері”деп атап кетіпті. Б. з. 806-820 жылдары тайпа көсемі Жуше Жы-и Таң əулетіне бағынып, Ли дегенді өзіне фамилия қып алады. Оның немересі Ли Кы-юң, таң əулетіне көтерілісшілерді басып беріп, қарамағындағы бір жерге хан болады. Ли Кыюңның ұлы - Қытай тарихындағы Соңғы Таң əулетін (б. з. 923-936жж. ) құрушы. Былайғы Соңғы Жин ( б. з. 936-946 жж.), Соңғы Хəн (б. з. 947-950 жж. ) əулеттерін құрғандар да осы шатолар. “Шюе Зұңжың шатоларды түріктенген жүздер тайпасы болар дейді. Оның көсемінің фамилиясы – Чуюе дегеннен шыққан Жуше. Шатолар түбіттердің (тибеттердің) қысымынан шығысқа ауған. Былайғы шатолар негізінен “үш шато” делінетін ұш тайпа болатын: Шато, Анчиң, Согы. Мұның ішіндегі Анчиң мен Согы Орта Азиядағы тоғыз оқ ғұздар(Жауу) регионынан шыққан. Согы деген ат Соғдияна, Соғд дегендермен тіпті тіке байланысты. Анчиң мен Согы тайпалары... тоғыз оқ ғұздардан құралған. Ал, Шатоның өзі шығысқа ауған Чуюе тайпасынан. Бес əулет (б. з. 907-960жж. ) кезінде, Ан, Ми, Хы, Шы, сияқты толып жатқан тоғыз оқ ғұз фамилиялары көрінеді. Бұл міне шатолар ішінде тоғыз оқ ғұздардың барлығының белгісі. Бұл құбылыс - Шато мен Жүздің, демек Тоғыз оқ ғұз бен Жүздің тығыз байланысты екендігінің айғағы”. Шато жолын қуған тайпалар одан бұрын да, кейін де ересен көп болыпты.
Ұлы Даладағылардың батысқа да, шығысқа да аумай қалғандары тыныш жатқаны жоқ. Өсті, өнді. Өз тарихын жалғасты жаза барді. Ал, оңтүстікте Орта Жазық (Қытай), солтүстікте Ғұн қағанаты əлсіреген кезде, одан бұрын бұғулы күйдегі кей этностар бас көтере бастады. Соның бірі - Сянбилер ( Сəнбе, Шиəнби).