21 Тамыз 2014, 09:20
Кей ғалымдар “Үйсіннің Нəнді күнбиінен арғы елиелерін” айтып береді. Мысалы, Геология-минералогия ғылымының докторы, профессор Əділхан Байбатша сықылдылар. Алайда, Əділхандардың “Арыс (Аргиппей, Арсақ, Аорыс) тайпасы б.з. б. V-IV ғасырлар шамасында, Қазақ Даласының қастерлі ұлдарының бірі Үйсін бытыраңқы сақ тайпаларын біріктіріп құрған Ұлыодақтың (жүздің) құрамына кірді. Арыс тайпасы іргелі де құдіретті Үйсін мемлекетінің негізгі халықтарының бірі болып, даму жолының жаңа тарихи айналымына түсті. Үйсіннің өзі, Қаратауда туды деген деректерге сүйенсек, осы Арыс тайпасынан шыққан” дегеніне («Қазақдаласының ежелгі тарихы». 65-бет) сену де, сенбеу де қиын. Өйткені:
1. Тарихи тұлғаларды недəуір толық терген доктор, профессор Тұрсын Жұртбаевтің «Дулығасында» Үйсін атты адам жоқ. Қытай тарихтарында да мұндай жеке тұлға кезікпейді. Ал, Ə. Байбатшаның шығармасында мұндай адамның болғаны, оның б. з. б. V-IV ғасырлар шамасында өмір сүргені, т. б. туралы деректі қайдан алғаны айтылмаған. Егер осы туындысының 73-бетіндегі “ Үйсін б. з. б. V-IV ғасырлар шамасында өмір сүріп, өте көп жасаған адам екен (Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы, 1993)” дегеніне қарап «Түп тұқияннан өзіме дейінге» сүйенді де- сек, онда сүйенген негізінің өзі шын-өтірігі айқындалмаған, таласқа толы дүние.
2. Қазақ шежіресіндегі Үйсін атаны ойдан шығарылған деу де қиын. Ал, б. з.б. II ғасырда Үйсін атты ұлыс болғанын ойлағанда, егер бұлардың билеушілерін Үйсін атты адамның ұрпағы десек, Үйсіннің одан арғы екі-үшғасыр бұрын өткен жан екеніне де сенуге тиістіміз.
Біз, мұндайларды былайғы зерделеулерге қоя тұрып, сөзді Үйсін ұлысының Жетісуға келер алдындағы жұртының орны туралы айтарымыздан ғана бастайық. Ғалымдар бұл туралы бір пікірге толық келе қоймады. Оларда кемінде мынадай ойлар бар:
1. Ғұндардың батыс жағында деу.
Сыма Чянша болғанда, ол кездегі үйсіндер “Ғұндардың батыс жағындағы шағын ел”, Леузаң (Лаушаң) “Тəңірқұт өлгеннен кейін, күнби ғұндарға бағынғысы келмей, елін бастап, шалғайға қоныс аударып бөлек кетеді” («Тарихи жазбалар. Ферғана баяны»). Сыма Чян мұны елші Жаң Чянның патшаға берген есебі арқылы да баяндайды: “Жаң Чян бұл тұста (бір соғыстағы қателігіне байланысты - С. Ж.) бек мəртебесінен айырылған еді. Ол: “Пақырыңыз Ғұнда жүрген кезінде Үйсін ханының күнби деп аталатындығын естіген. Күнбидің əкесі ғұндардың батыс жағындағы шағын елді билеген екен” ” деп. Меніңше бүгінге шейін бұл пікірге қарсы уəж айтушы шыға қоймады. Алайда Сыма Чян батыс (Іле жақтан қарағанда шығыс) жақ болғанда нақты қай тұс екенін ашып айтпаған. Талас осыдан туындайды.
2. Ұлы жүздермен бірге отырған деу.
Бан Гуше болғанда, “Күнбидің əкесі Нəнді би тегінде Келен (Чилян) мен Дахата (Дунхуаң) аралығындағы ұлыжүздермен (ұлынүкістермен) қанаттас отырған кіші мемлекеттің билеушісі екен” («Хəннама. Жаң Чянның ғұмырнамасы»).“Үйсін мен Ұлы жүз Дунхуаң тарапта бірге еді” («Хəннама. Батыс өңір баяны»).