ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ТҮЗІМІ

21 Тамыз 2014, 09:47

ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ТҮЗІМІ

Ғұн құрамындағы тайпалардың, сол қатарда үйсіндердің арғы сақтардан бері талай тарихи сатыларды бастарынан кешіргені табиғи. «Тарихи жазбалар. 112-бума. Ғұн баянындағы»: “ғұндар арғы атасы Чүнуейден Тұманға (б. з. б. III ғасыр. - С. Ж. ) шейінгі мың жылдан астам уақытта, кейде ірілеп, кейде шағындап, тарап бытырап отырды” дегеннен байқайтынымыз мыналар:

1. Ғұндар тарихы тым арыдан бастау алады. Тек мына сенімді дерекке қарағанда, оның б. з. б. III ғасыр аяғындағы тəңірқұты Тұманнан оның арғы атасы Чүнуейге (Д. Əлімғазы оны Чоң би немесе Күн би болар дейді) дейіннің өзінде мың жылдан артық заман жатыр. Бұл сатыда оның аталары сақтар деп атанған кезеңді бастан кешірген. Əрі көне өркениет ошағы екі (Амумен Сыр) өзенге, əрі шошақ бөрікті сақтар жұрты Тəңіртау мен Алатауға таяу жүрген Үйсін ұлысының құрамындағы тайпалардың тарихы да одан қысқа емес, əрине. Бірақ, жылнамаларға сенсек, б.з.б. III ғасырға шейін Үйсін түріктілді сақтар ішіндегі шағын ғана ұлыс болуға тиісті.

2. Бұл ұзақ тарих барысында рулық, тайпалық демографиялық құрам талай рет өзгерген де (оған талайлар кірген де, талайлар шыққан да) болар.

3. Ғұндардың, əсіресе оның озықтау өредегі құрамы үйсіндердің б.з.б. II ғасырға,одан көп арыдағы қауымдық (ортақ өндіріс, ортақ бөліс орын алған, тапсыз, қанаусыз алғашқы коммуналық өмір кешкен) құрылым ыдырағаннан кейінгі сатыларды, тіпті құлдық қоғам басқышын əлдеқашан басып өтіп, одан кейінгі сатыға аттағанына недəуір заман болған. “Үйсін қоғамында б. з. б. І ғасырда құлдық түзім ыдырап, феодалдық қарым-қатынас қалыптаса бастаған. Бұл туралы жазба деректер болғанның үстіне, археологиялық материалдар да молынан табылады”  дейтін ғалымдар бұл тұжырымға қарсы бола қоймас.

4. Алтай көктүріктерінің темірші атануы бұл маңдағы тайпалардың темір мəденеті кезеңіне недəуір ерте енгенінен дерек береді. Оған бүгінгі археологиялық фактілер дəлел берсе, кенге бай өңірде тіршілік еткендік пен адами бітімділік қолымызға қисын ұстатады. “Ер қанаты ат” бүкіл əлемде ең алғаш осы маңда қолға үйретілгендіктен, ат тұяғы жетер көне өркениет бұлақтары (шығыста Қытай, түстікте Қос өзен мен кіші Азия, т.б.) таяу тұрғандықтан, өзгеден ауысары мен үйренері тағы бар деңіз.

“Қазіргі заман ғылымында, ерте темір дəуіріндегі далалықтар қоғамының ерте мемлекеттілік деңгейде тұрғандығы туралы пікірлер кеңінен айтылуда. Б.з.б. 1-мыңжылдықта өмір кешкен дала халықтарының даму дəрежесін пайымдай отырып, сібірлік ғалымдар “дала өркениеті” деген атауды ұсынды. Ерте темір дəуірінің соңын алатын, яғни скиф-сақ дəуірінен кейін келетін кезеңді ғылымда ғұн-сармат дəуірі деп атау қалыптасқан (б. з. б. III ғасыр - б. з. IV-V ғасырлары)”.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу: