21 Тамыз 2014, 09:58
Үйсіндердің қол жеткізген табыстары мен шығармашылығының жиынтығы да, тындырған жұмыстары мен өзіндік ерекшеліктері де, əр саладағы жетілу деңгейі де, т. б. оның мəдениетіне есеп. Үйсін ұлысының жоғарыда аталған қысқаша тарихы да, түзімі де, экономикасы да оның мəдениетін аңғартпайды емес. Өйткені оның бəрі - Үйсін рухани əлемінің заттануы, сыртқы көрінісі. Сөз болғалы тұрған бұл Үйсін мəдениеті - б. з. б. II-I ғасырлардағы үйсіндердің материалдық (заттық) жəне рухани (бейзаттық) даму деңгейі.
Бұл кездегі үйсін мəдениеті - оның алдындағы сақ мəдениетінің табиғи жалғасы дегенді айтқамыз. Бұл арадағы мəдени сабақтастық əсте естен шықпауға тиісті.
Жақып Мырзахановтың Үйсін ұлысының мəдениет деңгейі туралы бір қисынды талдауы бар. Ол онда былай деген болатын: “Үйсін елінің астанасы Шығудың өз заманында Жібек Жолы саудасында маңызды орын ұстағаны күмəнсіз (демек бұл мəдени ауыс-түйістің қайнаған алаңы болды. - С. Ж. ). Осы қаладағы (немесе қала төңірегіндегі) қарапайым бұқара Үйсін шонжарларын астықпен қамдап отырған (Əрине. Бұл егіншілікке құл-күңдерді салды деген күнде де, əйтеуір егіншілік, бағбаншылық мəдениетінің болғандығы даусыз. Оны жоғарыда да дəлелдедік. - С. Ж.). “Бұл ел жылқылы келеді. Байларында 4-5 мыңнан жылқы мыңғырады (Демек таптық қоғам қалыптасып, феодалдық қоғамға өткен. - С.Ж.), халқы қырыс, обыр келеді (Демек сауда, пайда, қор жию, т. б. жақтарға ысылған. - С. Ж.). Сенімсіздік істегендерге қатты өшігеді, ұры-қарысы көп (Демек недəуір күрделі қоғам. - С. Ж.), “ең күшті мемлекет” деп жазылуы Үйсін қоғамында таптық қатынастар айқын, мемлекеттік билік органы күшті екенін, ел ішіндегі бөлшектенуге де, сырттан келетін шапқыншылыққа да төтеп беретін құдіреті бар екенін дəлелдейді. Оның үстіне үлкен байларының болуы, “ең күшті мемлекет” деп жазылуы Үйсін мəдениетінің өз дəуірінде биік өреге көтерілгенін дəлелдейді. Үйсіндердің мəдениетін сақ мəдениетінен төмен мөлшерлеу ғылыми жақтан табан тірей алмаса керек”. Ал, мен Үйсін мəдениеті оның алдындағы Сақ тайпалары мəдениетінен жоғары дей аламын. Өйткені қалыпты жағдайдағы кез келген этностық мəдениеті заманның ілгерілеуіне ілесе дамиды, ұрпақтан ұрпақ сөзсіз озады. Бұл адамзат тарихының ақиқаты. Б. з. б. III-Iғасырларынан бұрын Ұлы Далада өмір сүрген сақ тайпаларын əрі Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Алан елдерінен мүлде бөлек санау, əрі оларды өзге жұртқа бар мəдениетін түк қалтырмай алып кеткенге есептеу, сөйтіп Үйсін сықылдыларды ғана емес, бұл аймақтағы бүгінгілерді де тарихи тамырынан айыруға ұмтылу, егер еуроцентризм мен шығысцентризм болмаған күнде, өзге жат пиғыл саналар еді.