21 Тамыз 2014, 09:55
Үйсін ұлысы Батыс Өңірдегі əрі ең үлкен, əрі ең күшті ел ғана емес, əрі ең бай ұлыс болған. Бұған тілтиек бола алатын себептер молшылық.
Ең алдымен, басты ресурс - халық санының артуы жəне оның маңайдағыларға қарағанда сапалық жоғарылығы. Бұл Елжаудай ел көсемі тобының, өзге елдерге салыстырғанда, жоғары интеллекті мен мықты басшылық қабілетіне тіке байланысты. Бүкіл үйсін жұрты солардың жетегінде жан-жақтылы көтерілді.
Сосынғы бір абзалдылық табиғи ресурста болатын. Жетісуды кіндік еткен аймақтың қай саланың өркендеуіне де қолайлы жағдайы жар болды.
Бұл кездегі Ұлы Жібек жолының жазғы тарауы мен Ұлы Далалық тармағы (Жайлау Жібек жолы) Үйсіннен өтпей қоймайтын-ды. Үйсін елі Батыс пен Шығыс арасына көпірлік рөл атқарды. Бұл Үйсінге, қазыналық пайда келтіріп қана қоймай, мəдениет пен өнер, шаруашылық пен сауда сықылды жақтардан да ауыс-түйістік көп орай ұстатты. Шығыс пен Батыс елдерінің артық тарапынан үйренуіне ыңғайлылық туылды.
Əрі ежелден байланысы қою, əрі жап-жақында тұрған батысы мен оңтүстігіндегі елдердің (мысалы Қосөзен - Тигр мен Эфрат сияқты көне мəдениет ошақтарының) озық жақтары Үйсінге, қай тарапынан болса да, тіке əсер етуші еді. Оған кейін келе Қытай жақтың озық мəдениеті де ықпал жасай бастады.
Жылқыны қолға (əлемде ең бірінші болып) ерте үйреткен, “қанатты” сарыарқалықтар қатарындағы үйсіндердің харекет өрісі өте кең еді. Соған орай көргені көп болды, естігені одан да асып түсті. Қазіргі тілмен айтқанда, информация алу орайының молдығы үйсіндердің өзгелерге (əсіресе маңындағы талай отырықшы жұрттарға) қарағанда көзін тіпті ашты, көкірегін анағұрлым оятты.
Тəуелсіздік алғасынғы əлде неше ондаған жылдар, сұрапыл соғыссыз, негізінен бейбіт өтті. Өзгелер үйсінге тиісе алмады. Ал, үйсін қажет тапқанда іргесін оп-оңай кеңейтіп алатын болды.
Үйсін қоғамында дала мен қала, көшпенділік пен отырықшылық, малшылық пен егіншілік, сауда мен қолөнері, т. б. өзара толықтырысып, демесіп отырды, т. б.
Біз енді экономикаға тəн басты салаларды атай кетейік.
1. Малшаруашылығы. Бүгінде мол суына, тың құйқасына, шұрайлы көгіне,орманды тауына, мол жауын-шашынына, жылы ауа-райына бола жер жаннаты атанған Жетісу өңірінде (ҚХР -дің Іле Қазақ Автономиялы облысы менҚР –ның Алматы қаласында, Алматы облысында жəне Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде) кемінде 6-7 миллион халық ауқатты өмір сүруде. Бұл 2000 жылдың алдындағы 2 миллионға ғана таяған үйсіндер үшін өте жайлы табиғи ресурсты қоныс еді. «Хəннама. Үйсін баянында»: олардың “Елінде жылқы көп. Байларында 4-5 мың жылқы бар” делінген. “Шижюн ханшаны айттырғанда “қалыңға мың жылқы” айдатқанының өзінен-ақ жылқыларының көп екендігін аңғаруға болады. Жылқыларының сапасына келсек, Хəн əулеті тұсында Үйсін жылқылары өте даңқты болды. Жаң Чянның Хəнге үйсіндерден алып барған асыл тұқымды сəйгүліктері, алғашта “тəңірлік сəйгүлік” делінді де, Дад-уанның (Ферғананың) сəйгүліктері Түнязыға əкелінгеннен кейінғана олардың аты “қиыр батыс қазанаты” дегенге өзгертілді. Іле өңірі -іс жүзінде сол кездегі үйсіндердің мекені - қазіргі таңда да бүкіл елімізге (Қытайға. - С. Ж. ) əйгілі “Іле жылқысының” өндіріс базасы болып отыр. Бұл жылқының дене бітімі тым зор болмағанымен, мүсінді, жүрісті, жүйрік. Бұл да олардың сол бұрынғы тегіне тартқандығынан болар. Шижюн ханша “Аққу жыры” деген бəйітінде: “Қорегі тек ет екен, айран, қымыз-сусыны” дегендегі “ет” жылқы, сиыр, қой еттерін қамтиды. Бірақ қой басты орында тұрады. Обадан қазып алынған қой сүйектері көп ретте кездікпен бір жатады. Тіпті кездіктің сүйекке түйрелген күйінде табылғандары да бар. Бұл сол кездегі сүйек шығарушылардың өлгендердің о дүниеге барғандағы ет жейтін құралына дейін орналастырғанын нақты бейнелейді”. Бүгінде кей ғалымдар ол кездегі Үйсін ұлысындағы малдың жалпы санын 4 миллион 536 мыңнан асады десіп жүр. Үйсіннің мал байлығына, осы Жетісуды кіндік еткен ежелгі Үйсін жеріндегі обалардан табылған асыл дүниелер түгіл, сол обалардың сыртқы келбетінің өзі-ақ зор айғақ. Өйткені олар өте ауқатты елдің ғана қолынан келетін, көп еңбеккүш пен талай азық-түлікті жəне қаржыны қажет ететін алып та ауыр құрылыстар.