Үйсін мемлекетінің қоғамдық күйі

21 Тамыз 2014, 09:49

Үйсін мемлекетінің қоғамдық күйі

Темір дəуірі дейтін кезеңге келгенде, əрине, қоғамдық өндіргіш күш деңгейі тез өсе бастап, төрт түлікті негіз еткен малшаруашылық өнімі артып, жеке (əсіресе жеке байды кіндік еткен ауылдық) меншік өріс алды. Жекелердің еті тірілерінде қор жиналып, ауқаттылар бой көтерді. «Тарихи жазбалар. Ғұндар баянында» айтылғандай: Үйсін сықылды ұлыстағылардың, “от-су қуалай көшкендерімен, əр біріне тиесілі жер бөліктері болды”. Демек малды негіз еткен байлыққа ғана емес, жерге де (əсіресе шұрайлы жайылымдарға, отты шабындықтарға, жайлы қыстау, көктеу, күзеу, жайлауларға) ауылдық меншік (іс жүзінде ауылнайдың жекелік меншігі) орнады. Таптық жіктелу ілгерілей түсті. Сонымен малшаруашылығы мен егін шаруашылығындағы ауқаттану өзге əр саланың дамуына түрткі болды.

Үйсін сықылды ұлыстардағы адамдар, тіпті оның байлары да, ежелгі Грекия мен Римдағылардай емес, еңбектен қол үзбеді. Сонда да, соғыс қана емес, өндірістің өзіне де (малшылық, егіншілік, аңшылық, аушылық, əсіресе қолөнері мен қара жұмысқа) басқаруды күшейту қажет болды. Шаруаға салынатын құлдардың немесе тұтқындардың, тіпті жай кедейлердің көбеюі бұл қажеттілікті тіптен асыра түсті.

Сонымен, торсайттардағы ( //www. htb. com. cn/ мен //imgsrc. baidu. com/baike/ дегі) авторлар айтқандай, “Б.з.б. VII ғасырларында, Орта Азия даласындағы көшпенді тайпалар мен шұраттардағы (оазистердегі) егінші тұрғындарының алғашқы коммуналық түзімі ыдырай бастап, Орта Азияның ең алғашқы мемлекет формасы біртіндеп қалыптасты. Қытай жылнамалырындағы Сақ мемлекеті дегендер сақтардың да құлдық мемлекет құрғанынан дерек береді”. Енді бұдан 5-6 ғасыр өткенде сол сақтардың бұтары үйсіндердің ұлысы рулық-феодалдық қоғамды қалыптастырып, сол дəуірге лайық кəдімгідей мемлекеттілікке ие болды.

Үйсін мемлекетінің қоғамдық күйі туралы тақырыпқа Уаң Биңхуа, Уаң Миңжы, Яң Жяншиндерден бұрын ешкім шындап келе қоймаған- ды. Қазір бұл қызу талқы өрісіне айналды. Уаң Биңхуалар “Жазбаша жəне археологиялық материалдарға қарағанда, Батыс Хəн, Шығыс Хəн əулеті замандарында (б.з.б. 206 - б.з. 220 жж. - С. Ж.) Үйсін қоғамы күшті патриархалдық сипат алған, көшпелі малшаруашылық негізіндегі құлдық қоғам болды” деп қарайды. Бұл ойды «Хəннама. Батыс өңір баяны. Үйсін баянында» тұрған бір ауыз сөз де- “олардың салты ғұндармен ұқсас” дегендік те мықтай түседі. Ғұндарды тарихшылар Батыс Хəн, Шығыс Хəн əулеттері заманында-ақ олар құлдық түзімде еді деп жүр. Ендеше, Үйсін тəуелсіздік алғанша сол қағанаттың қарамағындағы бір ұлыс болғандықтан, үйсіндердің ғұндармен түзім жағынан да ұқсас болуы даусыз.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу: