Үйсін елінің сол кездегі тайпалық құрамы

21 Тамыз 2014, 09:38

Үйсін елінің сол кездегі тайпалық құрамы

“Бүгінге дейін батыс рұңдар  ішінде скитайлық құрам немесе ариантілді тайпа барлығы байқалған жоқ. Ол кездегі ариандардың ең шығыс шеті Тəңіртаудың орта шенімен шектелетін. Сондықтан Жүз бен Үйсінді иран тілді тайпа санау ақылға қона кетпейді. Дегенмен Үйсін жері батыстарақ. Іледегі скитайлармен іргелес болуы мүмкін. Сондықтан арасында ариан қандылар жоқ деуге де болмайды. Жылнамаларда үйсіндерді Батыс Өңірдегі ұлттар ішінде еуропалық нəсіл ерекшелігі ең айқын делінуі де бұған айғақ” дегенге қарағанда, Үйсін ішінде, іргелес те замандас отырған елдердің (Қаңлы, Жүз, Ферғана, Қыпшақ, т. б. ) түгіл, олардан арыда өмір сүрген (мысалы ариан секілді)скит - сақ ел адамдарының өзге ұрпағы да болған.

Дегенмен, жылнамалар Үйсін елінің сол кездегі тайпалық құрамын бере алмаған, тек былайғы заманда біртіндеп тарих сахнасына көтерілген тайпалар (Дулат, Албан, Шігіл) атының көзін ғана көрсеткен.

Бірақ қазақ шежіресі бойынша мынадай тұспал жасау айып емес. Ең алдымен, ол замандағы халық саны миллионнан асқан мұндай зор елді əлдеқанша туыстас тайпалардан құралған одақ деп мойындаған жөн. Сосын оның тайпаларын іздестіруге кірісу керек. Бұл іздеу барысында қазақ шежіресінің белгілі тарихи деректер жинағы сипатын жоққа шығармаған дұрыс. Сосын ең кемінде шежіредегі Ұлы жүз - Үйсін атты қазақ құрамына тəн басты рулардың(оны мен артқы бөлімде бергелі отырмын) осы Үйсін мемлекеті тұсында бар екеніне сенген жөн. Ол талай ғасыр ауызша таралып, айтылып келген. Оның хатталуы ғана бергі (мысалы Абылайлық) заманға есеп. Ол басты рулардың (мейлі бір қара шалдың ұрпағы болсын, яки бір рулы елді басқарған атаның атымен танылған болсын) əр бірі 2000 неше жүз жылда 70-80 -ұрпақтық тізбекті құрауға тиісті (2500 жылдың алдындағы Күң Фузының ұрпағы 80 - іншіге аяқ басып, жиыны 2 миллионнан асты!). Бірақ бізде ол шежірелер Кұң Фузінікінше 2500 жыл үздіксіз хатталып келмегендіктен, талай ата ұмытылған (Шежірелік тізбектегі буын саны көбінесе 70-80-ге толмайды. Оған қарап шежіредегі басты рулардың атын бергі ғасырларда шыққанға жатқыза салу əрі ағаттық, əрі күнə болады!) Оған əдейі ұмыттыратын сыртқы (арабтық, моңғолдық, т. б.) саяси ықпалдарды қос. Сонымен ең болмағанда Үйсін мемлекетінде ол заманда əлгі басты рулар болған деп келіскен жөн.

Ораз Исмаилов «Əлем тарихындағы жалайырлар» (Алматы. 1999. 43-бет)атты еңбегінде: “Тарихшы Əбдікəрім Хасеновтың зерттеу-дəлелдеулеріне қарағанда, Үйсін конфедерациясына 15 ұлыс бірігіп отырған. Олардың бастылары: сары тарұқ, қызыл тарұқ, ақ тарұқ. Қазақ шежіресі тарұқты ТАРАҚ есімімен біледі. Үйсін ата- тектерінде АБАҚ, ТАРАҚ атанған тарихи тұлғалар еске алынып, оның тарағынан Жалайыр тайпасын таратып шығарады. Үйсін ордасына енген 15 ұлыс мыналар: 2 керей, 3 қауға, 2 даған, 2 шашыжүн, 1 дулат, 1 тарышы, 1 кіркүн жəне 3 тарақ. Осындағы кіркүн ұлысы сəл кейінірек тарақтың құрамына кіріп кеткен. Сөйтіп, тарақ саны жағынан 4 ұлыс боп көбейген. 552 жылы Түрік қағандығы көтерілгенде Үйсіннің ру-ұлыстары Естеми жабғудың ту тіккен жері - Жетісуда отырған болатын” дейді. Ал, тарихшы Əбдікəрім Хасенов «Қазақстан мəдениеті мен өнерінің тарихы» атты шығармасында (Алматы, 1987, 34 бет) : бұл 15 ұлыстың бастылары: Сянь Далу – Сары тарұқ, Цзо Далу – Қызыл тарұқ, Юе Далу – Ақ тарұқ, Гянь кер (керей), Хэу кау (қауға), Дагянь – даганделі, Йаған (жаған-жалайыр), Дую-тулы (дулат), Дали - тарышы, Таринах, Ше чжун – шашыжүн, Кигбюнь – кіркүн, Күкіркін дейді.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу: