Қысқа бойлы зілтемірші

27 Наурыз 2020, 12:27 5518

Пауэрлифтингші Гүлім Құрманбаеваның ерекше тағдыры

Өмірде қаншама қиындықты басынан кешірсе де, сағы сынбай, одан сайын жігерлене түсетін жандарды көріп, қуанасың. Өмірде мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамай, алға ұмтылып, жетістікке жетуді мақсат тұтқандарды көріп, «жарайсың» деген мақтау жаудырғың келіп тұрады. Иә, өмір тек жеңгендікі ғана. Алла берген сынақтан сүрінбегендер шын бақыттың дәмін татып, көп киыншылықтың артындағы балдай қуанышқа қол жеткізеді. Бұл сөз бойы бар болғаны 127 сантиметр 30 жастағы пауэрлифтингші Гүлім Құрманбаеваға тиесілі.


(Суретте: Гүлім Құрманбаева)

– Жеңіліс те адамға берілген үлкен мүмкіндік, келесі сынаққа жоғары дайындықпен келуге түрткі болады, – дейді ол.

Қайсар қыз спортқа келгенде «өзгені құлату үшін емес, өзімді құлатпау үшін келдім» деген екен. ІІІ топ мүгедектігіне қарамай ол аз уақыттың ішінде жоғары жетістіктерге жете білді.

– 1988 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Амангелді ауылында дүниеге келдім. Ең үлкен ағам дүниеден озса да, бес ағайындымын деп айтып келемін. Әке-шешем өмір бойы жұмыс істеп, бала-шағасының, яғни біздердің жағдайымызды барынша жасаған жандар. Бүгінгі менің жеңістерім солардың қатаң тәрбиесінен бастау алды деп ойлаймын. Маған «мүгедексің» деп қарап, аяушылық танытып, тым еркелетіп жіберген жоқ. Барлығымызға бірдей тәлім-тәрбиесін беріп, жақсы сөздерін айтып отырды.

Гүлім дүние есігін барлық мүшесі сау боп ашқан. Тек екі жасқа жетер-жетпес уақытта сандықтан құлап, буындарынан зақым алыпты. Ол уақытта қазіргідей дәрігерге бірден жүгіріп бару қайда? Келе-келе жазатайым оқиға қыз баланың денсаулығынан көрініс бере бастаған.

– Бойымның қысқалығына бала кезімде қатты қынжылатынмын. Мектепте де оқушылардан оқшау жүруге тырыстым. Көп жылаған кездерім де болды. «Неге мен ғана осындаймын?» деген сұрақ маза бермейтін. Мектепті аяқтап, арман қуып Ақтөбе қаласына келгенде барлығы өзгеріп шыға келді.


Онда Гүлім Ақтөбе көлік, коммуникация және технологиялар колледжін бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша аяқтайды.

– 2008 жылы ағам теледидардан Құралай Базарбайқызының мүгедектер қоғамы жайында айтып жатқан сөзін естіп қалады да, нөмерін тауып, мені сонда алып келді. 150-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жандарды көргенімде, бұл өмірде мен ғана осындай емес екенмін ғой деген ой келді. Өз ортамды тапқандай болдым. Бұл іштей мүжіліп жүрген маған үлкен серпін берді.

Гүлімнің өмірге деген құлышынысын арттырып, жігерін жаныған тағы бір нәрсе – спорт. 2015 жылы ол алғаш рет жеңіл атлетикадан паралимпиадаға қатысыпты.

– Жалпы, мектеп кезінен денешынықтыру сабағына қатты қызығатынмын. Денсаулығыма байланысты «сабақтан босатылған» деген қағазым болғандықтан, ол пәнге қатыса алмадым. Бірақ, сырттай бақылап, мен де барлығы секілді жүгіріп, секіріп, шынығуды армандағаным рас. Алғаш жеңіл атлетикаға сал аурулар қоғамының белсенді мүшесі Гүлмирам Сражова әкелді. 2-3 ай қызу дайындықтан соң, Павлодар қаласында өткен паралимпиадаға қатысып, бағымды сынап, 2-орыннан көріндім.

Сонда жүріп Гүлім пауэрлифтинг жаттықтырушысы Қандыағаш қаласының тұрғыны Сергей Ведюшкинмен танысады.

– Ол мені өзі жаттықтырып жүрген спорт түріне қатысуға шақырды. Мен қуана-қуана келісімімді бердім. Қыз баласына зілтемір көтерген соншалықты қиын емес. Біз техникалық қауіпсіздікті сақтай отырып, жаттығамыз. Оның да өз әдістері бар.

Бір жылдай дайындық жүргізген Гүлім 2016 жылы облыстық жарысқа қатысады. 45 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қайсар қыз 65 келі зілтемірді бағындырған екен. Сол жылы Көкшетау қаласында өткен республикалық турнирде 2-орын иеленеді. Аздап тәжірибесі толысқаннан соң, Құрманбаева тегі тек бірінші аталып келеді. Қазірге дейін ол Қазақстанның 7 дүркін чемпионы болды.


Зілтемірге келгенде басты қиындық салмақ қууда болды. Себебі, өз салмағым 47-48 келіні құрайтын. Ал жарысқа 45 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетуім керек. Аз уақытта 2-3 келі тастау біршама әлсіретіп тастайтын. Күшің құрып, басың айналып қаласың. Әрине, сондай қиындықтарға қарамай, төзіп жүрдім.

Гүлім өткен жылы елордада өткен әлем чемпионатына қатысып, жаттықтырушы қойған барлық салмақты еңсеріп, 11 сатыдан көрінеді. Бірінші рет халықаралық сында бағын сынап тұрған ақтөбелік қыз жақсы нәтиже көрсете алмаса да, бұл сында үлкен тәжірибе жинаған еді.

– 2020 жыл мен үшін өте сәтті басталды. Ұлыбританияның Манчестер қаласында өткен Әлем кубогында 80 келіні бағындырып, бірінші орыннан көріп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болдым. Жеңіс тұғырында тұрған сәтімді ешқашан ұмытпаймын. Қазақстанның көк байрағын желбіретіп, айтулы додада чемпион атанғаным әлі талай жетістіктің бастауы деп білемін. Онымен тоқтап қалмақ емеспін.

Осы жылы пауэрлифтингтен Қазақстан біріншілігінде де Гүлім Құрманбаева қарсыластарының барлығын қапы қалдырып, алтыннан алқа таққан еді. Сонымен қоймай, ел рекордына өзгертулер енгізді. Ол бұл жолы 85 келі зілтемірді еңсерді.

– Өткен жылдың сәуір айында шымкенттік өзіммен тағдырлас Бағдат есімді жігітке тұрмысқа шықтым. Оған дейін Ақтөбе қаласында спорттан бөлек Ауған соғыс ардагерлері қоғамында хатшылық қызметте жүрген едім. Қазір Түркістан облысында арқа сүйер азаматым екеуміз бақытты, баянды ғұмыр кешіп жатырмыз. Ара-тұра Ақтөбеге, Қандыағашқа барып тұрамыз. Әрине, келін боп түскен шаңырағым да спортпен шұғылдануыма барлық жағдайды жасап отыр. Жолдасым да қолдау көрсетеді. Сол себептен шығар, осы жылды жоғары жетістіктермен бастадым.


Гүлім үй жұмыстарын да беріле жасайды. Дәмді тамақтар әзірлеп, отағасының барынша көңілінен шығуға тырысады.

– Екеуміз әлеуметтік желіде мүгедек жандардың тобы арқылы танысқанбыз. Арамыздың алыстығына қарамай байланыста жүрдік. Бір қызығы бізді Шымкент қаласына сауықтыру шараларына жіберетін. Үш жыл бойы оңтүстікке табан тірегендіктен онымен жақынырақ танысып, жиірек кездесуге мүмкіндік туды. Үйленердің алдында «екеуіңнің де мүмкіндіктерің шектеулі, қиын болмай ма?» деп айтқандар көп болды. Қиын болатын ештеңесі жоқ. Барлығымыз теңбіз. Қайта біз өмірдің белгілі сынақтарынан өткен жандармыз. Ары қарай қол ұстасып, қиындықтарды бірге еңсеретінімізге еш шүбәм жоқ.

Гүлім өте ақжарқын, кез келгенмен оңай тіл табыса алатын жан. Сол себептен де болар, оның достары көп.

– Достарым көп деп мақтана аламын. Олардың барлығы да мүмкіндігі шектеулі жандар. Достарыма әрдайым спортпен шұғылданыңдар деп айтып отырамын. Спорт – адамның күш-жігерін жанып, ішкі рухын мығым ете түседі. Ол өмірге басқа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.Оның үстіне салауатты өмір салты деген бар.

Спорттық мансабын аяқтаған соң кейіпкеріміз өзі секілді жандарға жаттықтырушы болғысы келетінін айтады. Осы уақытқа дейін жиған-тергенін үйретіп, әлем чемпиондарын әзірлеуді мақсат етеді.

– Бапкер болу – арманым. Барлық үйренгендерімді, шәкірттерімнің санасына құя аламын деп ойлаймын. Біздің елімізде талантты жандар жетерлік. Тек соларға дұрыс бағыт сілтеп, жетелей білсең жеткілікті.

Гүлім әрқашан өзіне, бетіне күтім жасап, барынша сәнді киінуге тырысады. Ол өзін қалай бар, солай қабылдап, келер күнге зор үмітпен қарап, барынша еңбектеніп келеді.

– «Ешнәрсеге өкпем жоқ. Менің әр күнім қызыққа толы», – дейді Гүлім Құрманбаева жылы жымиып.

Біз өз кезегімізде спортшыға толағай табыстар мен отбасына бақыт тілейміз.

(Суреттер Гүлім Құрманбаеваның жеке мұрағатынан)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: