Қыркүйекте ЖОО оқытушыларының жалақысы тағы да көтеріледі

27 Шілде 2022, 12:47 2963

Сәуір айында жоғары оқу орындарының ректорларына қосымша тапсырма берілген

2022 жылдың қыркүйегінен бастап университеттердегі оқытушылардың жалақысы тағы да көтерілуі керек. Бұл туралы Оқу-ағартау министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды El.kz

«Жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы көтерілді. Ол үшін Президенттің тапсырмасы бойынша 2021 жылы ПОҚ (профессорлық-оқытушылық құрам) жалақысының ең төменгі деңгейін белгілейтін бұйрыққа қол қойдым. Бұл бұйрық жалақыны бұрынғымен салыстырғанда көбейтуге мүмкіндік берді. Жоғары оқу орнына жаңадан келген оқытушыға 1 ставка үшін кемінде 200 мың теңге бекітілді. Ал профессордың жалақысының минималды деңгейі 350-400 мың теңге болды. Ал педагогикалық жүктеме деңгейі оқу жылына 680 сағаттан аспайтындай деңгейде бекіттік. Сондай-ақ университеттердегі шамадан тыс бюрократия мен тікелей міндетке жатпайтын біраз функцияларды алып тастадық», - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, студенттер мен докторанттардың шәкіртақысы өсті. Яғни докторанттарға берілетін стипендия 3 жыл ішінде 82 мыңнан 200 мыңға жуық соммаға дейін өсті. Сондай-ақ осы уақыт аралығында жоғары оқу орындарына түсуге берілетін гранттар саны да екі есеге дейін өсті.

«Ең бастысы, бағдарламалық құжаттар арқылы 2025 жылға дейін стипендияны, оқытушылардың жалақысын, студенттік гранттар санын және ғылымды қаржыландыруды ұлғайту үшін қаржыландыру мен міндеттемелерді алдын ала белгілеп қойдық. Ел Президентінің тапсырмасы арқасында көтерілген грант құны университеттеріміздегі оқытушылардың жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Сәуір айында жоғары оқу орындарының ректорларына қосымша тапсырма бердік. Осы тапсырмаға сәйкес 2022 жылдың қыркүйегінен бастап университеттеріміздегі оқытушылардың жалақысы тағы да көтерілуі керек, ол үшін қаражат бар», - деді министр.

Бөлісу: