Қырғызстан құрамасы Қазақстанға 1 гол сала білді бірақ…

8 Қыркүйек 2014, 08:24

6 қыркүйек күні «Астана Арена» спорт кешенінде Қазақстанның ұлттық футбол құрамасы Қырғызстан командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 7:1 есебімен жеңіске жетті.

6 қыркүйек күні «Астана Арена» спорт кешенінде Қазақстанның ұлттық футбол құрамасы Қырғызстан командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 7:1 есебімен жеңіске жетті. 

Айыр қалпақты ағайындармен болған ойын Юрий Красножан шәкірттері үшін Еуропа – 2016 біріншілігі іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынның алдындағы соңғы сынақ еді. Құрама жігіттері сынақтан сүрінбей өтті.

Алаң иелері алғашқы минуттан-ақ допқа иелік ете бастады, алайда өткір шабуыл ұйымдастыру мүмкіндігі бастап уақытта бола қоймады. Бірте-бірте қырғыздар қорғанысы шайқала бастап, Таңат Нөсербаев жойқын соққы жасай білді. Бұл допты қырғыз қақпашысы Павел Матяш қақпа сызығының дәл тұсынан тосып үлгерді. Қырғыздар қарымта шабуыл ұйымдастырып, Андрей Сидельников қақпасын көздеуге тырысты, бірақ доп қақпадан тыс кетті. Қазақстан ойыншылар бірқатар шабуылдар сериясын ұйымдастырды, алайда олардың ешқайсысы гол соғуға әкеле қоймады. Тек ойынның 27 минутында ғана Бауыржан Исламхан бастаған шабуыл Сергей Хижниченконың орындауындағы кездесудің алғашқы голына айналды. Осылайша польшалық «Коронаның» шабуылшысы есеп ашты – 1:0.

Біршама уақыттан соң Қазақстан құрамасы бұрыштама добын тебуге мүмкіндік алып, соның арқасында Таңат Нөсербаев ұлттық құраманың екінші голын соқты. Есеп – 2:0. Бірінші тайм аяқталар тұста Бауыржан Исламхан шығарған пасты Сергей Хижниченко сәтті пайдаланып, үшінші голды салды. Есеп – 3:0. Төреші бірінші таймның негізгі уақытына 2 минут қосты, бірақ есеп ары қарай өзгермеді.

Екінші тайм да Қазақстан ойыншыларының шабуылынан басталды. Алаңға жаңа шыққан Ұлан Қонысбаев айып алаңында ашыла білген Бауыржан Исламханға пас беріп, ол оны ойынның 4 голына айналдырды. Есеп – 4:0. Төртінші голдан соң да Қазақстан құрамасының екпіні басылмады, шабуыл үстіне шабуыл жалғасып, Бауыржан Жолшиев қырғыздар қақпасына 5-ші допты соқты.

Бесінші доптан кейін ұлттық құрама біршама еркінсіп, өз айып алаңына қырғыз шабуылшысын жіберіп алды. Шабуылшының алдынан сәтсіз шыққан қақпашы Мокин қырғыз шабуылшысы Қайрат Жырғалбекұлының гол соғуына оп-оңай жол берді. Осылайша қырғыздар өздерінің кездесудегі алғашқы голын соқты. Есеп – 5:1. Алайда қырғыздардың бар қауқары осымен таусылды. Ары қарай қазақстандық ойыншылар қайтадан белсенді шабуылға көшіп, Ұлан Қонысбаев есепті 6:1 жеткізді. Мұнымен қоймай ойынның соңғы минуттарында Азат Нұрғалиев Қазақстан құрамасының 7 голын соқты. Сонымен қорытынды есеп 7:1, ұлттық құрамамыздың пайдасына және бұл Қазақстанның ең нәтижелі жеңісі. Осыған дейін ұлттық құрама мұндай ірі есеппен ешбір команданы жеңіп көрмеді.

9 қыркүйек күні Қазақстан құрамасы Еуропа – 2016 біріншілігі іріктеу кезеңі аясында Латвия құрамасымен кездеседі. Кездесу еліміздің бас қаласындағы «Астана Арена» спорт кешенінде кешкі 22:00 өтеді.

«el.kz» интернет-жобасы

Бөлісу: