Youtube арқылы қалай табыс табуға болады?

19 Мамыр 2023, 09:30 3081

Қазақстанда YouTube-тің танымалдылығы артып, пайдаланушылар мен жазылушылар саны үнемі артып келеді. Ойын-сауық, білім беру, музыка сияқты әртүрлі тақырыптарда контент жасайтын көптеген белсенді YouTube арналары бар. Ал қазақстандық көрермен Youtube-те күніне 1,5 сағат уақытын өткізеді.

Қазақстандағы Youtube аудиториясы 14 миллион адамды құрайды, оның 8 миллионы қазақ тіліндегі роликтерді тамашалайды екен. Платформадағы контентке сұраныс артқан сайын контент жасаушылар арасында бәсекелестік те қыза түскен. Тіпті, Ютубта табыс табуды үйретіп, монетизацияға шығаруға көмексететін эксперт-мамандар да бар. Сондай маманның бірі – Айдана Мейірбекова. Ол ютубта видео түсіріп, табыс тапқысы келетіндер үшін арнайы орталық ашқан.

YouTube саласына келгеніме екі жыл болды. Өзім филолог болғандықтан, «Ербатыр және Алина» атты канал аштым. Бастауыш сыныптарға арналған қазақ тілі пәнінен сабақтар салдым. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі балалар менің қазақ тілі пәнімнің сабақтарын қарап, қаралым саны күн сайын көбейе түсті. Бұл каналды жүргізуімдегі басты мақсатым мектеп аясындағы балаларға қазақ тілі пәнін жетік түсіндіріп, меңгертіп, сөйлету еді.  Орыс, ағылшын тілінде білім алып, ютубта монетизациядан алғашқы табысымды тапқаннан кейін «Неге ютубты қазақ тілінде сөйлетпеске?» деген шешімге келдім. Кейіннен мектеп бағдарламасындағы басқа да пәндерді қосып, табысымды арттырып, оқушылар мен мұғалімдерге ютуб каналым арқылы көмек қолын созып отырмын деп ойлаймын, - дейді Айдана Мейірбекова.

Ол білімі мен тәжірибесіне сүйеніп, ютубағы қазақ тілді контенттің дамуына атсалысайын деген ниетпен онлайн курс жасап шығарған.

«Соншалықты тың дүние болғандықтан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен білім алушылар саны күн санап артты. Қазірге дейін 2000-нан аса шәкірт тәрбиелеп, алуан түрлі бағытта қазақ тілді каналдар ашылды. Солардың ішінде білім беру, ағартушылық, пайдалы ақпарат беру саласы ілгері шығып, табысты каналдар көбейе бастады», - дейді Айдана ханым.

Ютубты пайдаланып бірнеше жолмен табыс табуға болады. Бірақ қалай табыс табуға болатынын бірі білсе, бірі мүлде хабарсыз. Қазақстандық ютуб нарыққа енді шығып келе жатқандықтан табыс тапқысы келетіндердің саны күн санап артып келеді. Маманның айтуынша, әсіресе мектеп жасындағы балалардың видео түсіруге қызығушылығы жоғары.

Ең кішкентай шәкірттеріміздің жасы – 10-да. Ютуб каналдары «Егіздер арнасы» деп аталады. Жеке бренд қалыптастыру үшін влог жүргізеді, - дейді Айдана Мейірбекова.

YouTube желісінде қазақ тілді кез келген сала бос, яғни сапалы контент түсіретіндер аз болғандықтан бәсекелестік өте төмен. Кез-келген маман иесі ютубта канал ашып, сауатты түрде видео түсіріп, оны монтаждап, монетизациядан табыс таба алады.

«Ютубта монетизациясына әркім әртүрлі уақытта жетеді. Мен өзім 1 ай 10 күнде жеткен болатынмын. Бірақ, «ұстаздан шәкірт озар» демекші, бір айда, тіпті бір айға жетпей 20 күнде, 23 күнде, 3 аптада монетизацация қосып, ютубтан тапқан алғашқы ақшасын алған шәкірттерім көп. Ютубқа келгенде «ақша табамын» деген мақсатпен келмеу керек, ең алдымен өзіне «адамдарға менің қандай пайдам тиеді, оларға мен қалай көмек көрсете аламын?» деген сұрақ қою керек. Бұл жерден шығатын түйін – ютуб каналға дұрыс ниша таңдау. Көп адамдар ниша таңдаудан қателесіп, монетизацияға ұзақ жете алмай жүреді. Сол себепті, менің ютубты жаңадан бастап келе жатқан ютуберлерге кеңесім – дұрыс ниша таңдаңыздар және ютубтың алгоритмін дұрыс пайдалана біліңіздер», - дейді YouTube маман.

Қазіргі таңда үйде отырып-ақ ай сайын 300-500 доллар тауып отырған Айдананың шәкірттерінің бірі BILIM TV каналын жүргізеді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақтар түсіріп, 21 күнде монетизацияға шыққан.

Ютубта кез келген тақырыпта контент жасауға болады. Әркім өзіне ұнайтын тақырыпты түсірсе, жақсы нәтижеге жетеді.

Ютубта тек осы бағыт бойынша жүргізуге болады деген қағида жоқ. Сіздерге мысал ретінде айта кетейін, ютубты жаңадан бастап жатқандар нишаға байланысты жеке талдау жасағаны дұрыс. Әркімнің мамандығына, жақсы көретін хоббиына, айналысып жүрген ісіне байланысты сұрай отырып, ютуб каналға ниша шығарып алуға болады. Ол жеке талдау кезінде, болмаса адамның өзінің жеке зерттегенді немесе жақсы көретін дүниелеріне де байланысты. Мұғалім болса да, мемлекеттік қызметкер болса да, мектеп оқушысы немесе үйде отырған ана да, кез келген саладағы бизнеспен айналыссаңыз да, тіпті ешқандай мамандық иесі болмасаңыз да ютубты пайдаланып,  табыс табуды үйренуге болады, - дейді Айдана Мейірбекова.

Ютубта қалай табыс табуға болатыны туралы сұраққа жауап іздегенде Instagram-да ютуб-эксперттердің көп екенін байқадық. Осы орайда Қазақcтандағы үздік Youtube жобалардың басқарушысы, медиа-сарапшы Жанасыл Болатбектің пікірін сұрадық.

«Эксперттердің көбеюі заңдылық. Өйткені, бұл салаға сұраныс бар және табыс табуға болады деген көзқарас та, кейстер де бар. Осыны пайдаланып, инфобизнеске кетіп жатқандар жетерлік. Өз басым бұл салаға неге кетпедім? Себебі, инфобизнесте ақпаратты сату үшін өзіңді сол саланың маманы ретінде көрсетуің керек. «Өте көп табыс тауып жатырмын» деп өзіңнің керемет өміріңді көрсетуің керек. Яғни, ол дегенің қымбат мейрамханалардағы кездесулер, қымбат көлік секілді нәрселермен халықты алдауға тура келеді. Яғни, үнемі әдемі нәрсе көрсету үшін өтірік айту керек болады. Шынайы өмірің арқылы Ютуб сабақтарын сата алмайсың», - дейді Жанасыл Болатбек.

Мысалы, өзінің сабағын сату арқылы көлік сатып алады да, «Мен ютуб жобалар арқылы осынша қаржы тауып жатырмын» деп көрсетеді. Шындығында, ол көлікті YouTube жобасының монетизациясынан алып жатқан жоқ, өзінің инфоақпаратын, сабағын сату арқылы алып жатыр. Бірақ, оны аудиториясына басқа қырынан көрсетеді дейді сарапшы.

Екінші нәрсе, сен мың адамға сабақты сатсаң, кемі 10 пайызы ғана үйреніп кетіп, жасаған видеоларынан пайда көруі мүмкін. Қалғанының барлығы ештеңе алмайды, оларға ақпарат жетпейді. Себебі, олар бірден ютубта табыс табуға дайын емес немесе берілетін ақпарат бейімделмеген. Инфобизнес арқылы сатылған сабақтың көбі тиісті нүктесіне жетпейді. Түптеп келгенде ақпаратты түсіне алмаған адамдарға өтірікші болып шыға келесің. Көп нәрсе уәде бересің, ал уәде берген нәрсеге аудитория жете алмайтын жағдайлар жиі болады, - дейді маман.

Ютубта пайдалы видео жасап, жетістікке жету үшін тер төгуге тура келеді. Әлеуметтік желідегі кейбір мамандар айтқан тез табыс табу үлгісі бәріне бірдей жарай бермейді.

«Осыған қоса кететін тағы бір нәрсе, күшті нәтиже көрсету үшін Жайдарманның ютуб каналын алып, интернеттегі өтірік статистика беретін сайттар арқылы «Жайдарман видеоларының қаралымы мынанша мың, айына осынша ақша тауып жатыр» деген секілді өтірік статистиканы шығара салады. Шындығында оның артында ішкі настройкасынан қарасаң, монетизацияға жарамайтын видеолар көп, авторлық құқығы бұзылғандары да болады. Яғни, 100 мың қаралымға қарап, қанша ақша тапқанын болжай салу дұрыс емес», - дейді медиа-маман.

Қазақстанның YouTube нарығындағы жобалардың саны өсіп жатқанын байқадық. Ал сапасына қатысты сөз қозғағанда негізгі мәселе – жарнама тарту.

Қазақ контентінің негізгі мәселесінің бірі – бизнес тұрғыда сату өте қиын. Өйткені, қазақ тілді аудиторияның көрермені аз. Сондықтан монетизациялау өту қиын. Қарапайым тілді түсіндірсек, монетизацияның екі түрі бар. Біріншісі – ютубтағы қаралым, екіншісі – бір кәсіпкерге немесе үлкен компанияға тікелей сататын жарнама. Көрермен аз болғанына байланысты қаралым аз болады. Ютубтан түсетін қаржы аз болады, сондықтан жарнама алу қиынға соғады. Компаниялар жарнама бермес бұрын, дәл осы саладағы орыс тіліндегі арналардың белсенділігін салыстырады. Осының кесірінен қазақ тіліндегі жақсы жобалар тоқтап қалады. Идеясы жақсы ютуб каналардар бір-екі түсірілімнен кейін жұмысын жалғастырмайды, - дейді Жанасыл Болатбек.

Оның айтуынша, біздегі көп дүниелер ұлттық деңгейде жасалады. Тіл, қазақтың рухын көтеру мақсатында жасалады.

Ондай оймен жасалған дүниелер, тәжірибеде көргенімдей, 99 пайыз аяқсыз қалады. Негізі жобаларға бизнес тұрғысынан қарасақ, әлемдік нарыққа шығу үшін орыс не ағылшын тілінде контент жасау керек. Мысалы, қырғызстандық «D Billions» жобасы әлемдік нарықтағы үздік балалар жобасына айналды, - дейді сарапшы.

Сонымен қатар, қазақстандық Youtube сегментінде жетістікке жетіп, пайда әкеліп жатқан жобалардың көпшілігін мемлекет қаржыландырады. Саяси тақырып немесе тіл секілді мемлекеттің идеологиясына жақын дүниелер тұрақты түрде қаржы тауып жатқанын атап өтті.

Ішкі нарықта діни бағыттағы жобамыз айына кемі миллион теңге алып отыр. Себебі, халыққа ұнайтын өзекті тақырыптарды қозғайды және шығыны аз. Екінші бір жоба бар. Әлемдік нарыққа бағытталған – балалар контенті. Қырғыздың Dbillions стилінде жасап жатыр. Олардың белгілі бір деңгейде табыс тауып жатқаны сөзсіз. Біздің ютуб платформадағы контентті толтырған – телеарналар. Телеарналар алғашында барлық материалдарын ютуб каналдарына салып тастаған еді. Сол арқылы оқырман мен қаралым жиналды. Енді олар ютубта арнайы контент дайындауға көңіл бөліп жатыр. Ютуб контентімен айналысатын, түсірілім жасайтын арнайы команда құрылды. Бұл үрдістің екі себебін атауға болады. Мемлекеттік тапсырыс және жарнамаға тапсырысты әлеуметтік желі арқылы да алады, - дейді Жанасыл Болатбек.

Сарапшы жеке адамдарға қатысты, қызығушылықпен контент жасаушылардың алғашқы толқыны кеткенін айтты. Екінің бірі подкаст жасап, влог түсіргісі келді. Басынан дұрыс жоспарланбаған көп жобалар тоқтады. Одан кейін ютубтың жұмысын түсінетін, сауатты түрде қарайтын адамдар сапалы контент жасауға көшті.

YouTube платформасында ақша табу үшін мына қадамдарды жасаңыз:

  1. YouTube арнаңызды ашыңыз. Арнаңызға елден ерекше, көрерменге ұнайтын атау ойлап табыңыз. Арнаның сипаттамасын толтырып, мұқабасына сапасы жоғары сурет қойыңыз.
  2. Бағытыңыз бен мақсатты аудиторияңызды анықтаңыз.Нарықтағы бәсекені, сұранысты зерттеп, тақырыпты өзгеше жеткізуді көздеңіз.
  3. Дыбыс, сурет және бейне монтажының сапасына назар аударыңыз. Контент жоспар бойынша аудиторияңызды қызықтыратын видео жасаңыз. Мазмұнның сапасы мен бірегейлігін үнемі дамытуға тырысыңыз.
  4. Парақшаңызды YouTube монетизация бағдарламасына қосыңыз және жарнама үшін тапсырыстар алыңыз. Демеушілілер мен брендтік компаниялармен серіктес болуды қарастырыңыз. Өз өнімдеріңіз бен қызметтеріңізді жарнамалаңыз.

Қазақстандық ютуберлер ізденіс үстінде. Әртүрлі салада сапалы контент ұсыну үшін тың идеялар мен қызықты жобалар жасап жатыр. Қазірдің өзінде шетелде білім алуға қатысты, құқықтық сауаттылық, көлік сатып алу, тағам түрлеріне қатысты кәсіби деңгейге шыққан арналар бар. Әсіресе, кенжелеп қалған балалар контентін дамыту көптің көкейінде жүргені анық. Түйіндей келе, қазаққа пайдасы тиер қазақша контент көп болсын дейміз.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: