Ғылымдар "патшасының" төресі

18 Маусым 2015, 10:08

Танымал математик Білал Шаймардановтың ұстаздық жолы жайлы не білеміз?

Жасы сексеннің сеңгіріне жетсе де, ардагер ұстаз Біләл Ехсанұлы қағаз, қаламнан бір сәт ажыраған емес. Тағылымды ойын қағаз бетіне түсіріп, газет-журналдар оқиды. Мұны өмірінің жарты ғасырдан астам уақытын ұстаздық қызметке арнауымен байланыстырады.

Ол 1933 жылы, халық ашаршылықтан азап шеккен тұста Успен ауданы Жаңа құрылыс ауылында дүниеге келіпті. Небары төрт жасында әкесі Ехсан «халық жауы» деп танылып, бала Біләл анасының тәрбиесінде қалды. Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келгендіктен, еңбекке ерте араласты. Мал бағу, жер жырту, шөп шабу, егін ору жұмыстарына білек сыбана кірісе жүріп, оқуын да шет қалдырмайды. Соғыстан кейін оқуын жалғастырып, төртінші сыныпты бітірген соң Ресейдің Новосібір облысы, Қарасуық ауданы, Қарасуық орта мектебін 1949 жылы тәмамдайды. Одан кейін Павлодардағы педучилищеге оқуға түсіп, оны 1953 жылы аяқтайды. Жас маман арнайы жолдамамен Успен ауданы Аманкелді ауылына мұғалім болып барады. Білім ордасында математика пәнінің мұғалімінен еңбек жолын бастады. Бір жылдан кейін Семей педагогикалық институтының физика–математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1959 жылы бітірген соң, Абай атындағы №10 мектепте ұстаздық қызмет етті. Кейін екі жыл қалалық оқу бөлімінде инспектор, №3 облыстық қазақ мектеп-интернатында, кейін қайта қалалық оқу бөлімінде, 1972-1987 жылдары Абай атындағы №10 қазақ мектебінде, 1987-2003 жылдар аралығында облыстық қазақ гимназия-интернатында еңбек етті.

Қай мекемеде қызмет істесе де, басты мақсаты – оқушыларға сапалы білім беру. Бұл жөнінде ұстаздың өзі «Мақсатым пәнді оқушыларға бар ынта-жігеріммен үйрету, соған баулу болды. Бұл салада академик С.Соболевтің: Мен математиканы басқа ғылымдар арқау етіп дамитын негіз деп санаймын» деген ұлағатты сөзін нысана етіп алдым» дейді. Осы орайда Біләл Ехсанұлының пәнді жүргізу әдістемесі облыстық қана емес, республикалық деңгейде де ерекше аталып өткенін тілге тиек етпеу қисынсыз. Математика пәні бойынша өтетін апталықтар, онкүндіктер мағыналы әрі қызықты болатын.

Математикалық кештердің ерекшілігі сол, ол есеп пен поэзияның ұштасуы, өнердің жарқын көрінісі. Өйткені, кешке шақыру билеттері жасалып, өлеңмен жазылады.

Біләл Шаймардановтың математика бойынша жазған кітаптары да әрдайым сұраныста. Ең алғашқы кітабы 1969 жылы жарық көрген екен. Содан бері көптеген еңбектері оқушылардың ажырамас серігіне айналды. Әсіресе, сауалнамалар кітабының орны ерекше. Есептерді өзі құрастырып, шешу жолдарын түсіндіріп, оқушыларға есептердің түйінін қалай тарқату керек екенін атап көрсеткен. Жыл сайын ұлттық тест орталығында жарық көретін тест жинақтарында да жауабы табылмаған бірде-бір есеп жоқ. Десе де, мұғалім ҰБТ-ға қарсы екенін бүгіп қалмады:

«Тест тапсырмаларының оқу жүйесіне енгені дұрыс болмады. Бұл оқушылардың тіл байлығын, сөздік қорын жұтаңдатады. Оған қоса, кітап оқитындар саны күрт азайып кетті. Сорақысы сол, тест тапсырмаларының кейбірі қате. Ол оқушыны дұрыс шешімнен жаңылдырады. Сондықтан, бірнеше нұсқасы бар тапсырмалардан арылған абзал», – деп ойын білдірді.

Ұстаздың өз ісінің үздігі екенін осы күнге дейін иеленген көп марапаттары дәлелдей алады. «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ері» медальдері, «Еңбек Қызыл ту» ордені, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі, Крупская атындағы сыйлық – Біләл Ехсанұлының қоржынындағы марапаттардың бір бөлігі ғана.

   

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

 

Бөлісу: