Үйеңкі жапырағы

30 Маусым 2014, 03:46

Үйеңкі (Аcer) – әдемі жапырақты ағаш немесе бұта.

Үйеңкі (Аcer) – әдемі жапырақты ағаш немесе бұта. Бүгінде өсімдіктің 150-ден аса түрі белгілі. Үйеңкі атауы Асer латын тілінен аударғанда, «мықты», «берік», «өткір» деген мағынаны білдіреді. Үйеңкінің көпшілігі 10-40 метр биіктікте ағаш тәріздес болғанымен, олардың арасында 3-6 метрлік бұтақтылары да бар. Негізінен, үйеңкілер әдемі жапырақты, тек екі түрі ғана мәңгі жасыл болып келеді.

Қазақстанның таулы аймағында, өзен бойларында, сай-салаларда, орманды жерлер мен бұталар арасында табиғатта өсетін 2 түрі: татар үйеңкісі (А. tatarіcum) және Семенов үйеңкісі (А.Semenovі) бар.

Үйеңкі жапырағының пішіні әртүрлі: шеті тілімденген саусақ салалы, жиегі иректелген және шілтерлі болып келеді. Жапырағының түсі түрі мен сұрыпына қарай жасыл, сары және қызыл және ала түсті болады.

Үйеңкі сәуір-маусым айларында гүлдейді. Гүлі байқалмайды. Жемісі — қосқанатты, екі тұқымшасы болады. 150-200 жылдай жасайды. Бүгінде үйеңкінің қызыл сырғалы түрі кең қолданыста.

Мәдени түрге енгізілген үйеңкі көгалдандыруда саябақты, ауланы әдемілеуге қолданылады. Әдемі жапырақтылары мен ерекше пішіндегілері үлкен сұранысқа ие.

Өсімдік суыққа төзімді, алайда кейбір сұрыптарын жел өтінен қорғаған жөн. Ылғалдылықты жақсы көретіндіктен жиі суғарып тұруды қажет етеді, мүмкіндік болса су маңына еккеніңіз абзал.

Үйеңкі ерекше күтімді қажет етпейді, топырақ талғамайды. Тез өседі, көлеңкеде де өсе береді. Үйеңкіні пішіндеудің қажеті жоқ, тек қураған немесе ауру бұтағын ғана кесіп отырады. Қалемшелеу және телу арқылы көбейтіледі. Тұқымынан да көбейтуге болады.

Қолданылуы:

Үйеңкінің жапырағынан матаға, қағазға арналған қара май және сары бояу алынады. Жапырағының құрамында 29,5 % май, каучук пен қара май бар. Өсімдік шырыны емдік мақсатта қолданылады. Шырыны 1,5 % сахарозадан тұрады. Дәрігерлердің айтуынша, үйеңкіден алынған қант қызылшаныкінен пайдалырақ екен.

Қызықты деректер

Үйеңкі адамның ішкі жан дүниесін реттеп, дұрыс қалыпқа келтіруіне көмектеседі деседі. Өсімдік адам бойындағы барлық кері энергияны өзіне сіңіріп, адамның жүйкесінің тыныштануына әсер ететін көрінеді. Үйеңкінің бұтағы тіл-көзден сақтайды деген наным бар. Кейбір аңыздарда, үйеңкі ағашқа айналып кеткен адам делінеді. Наным сенімге байланысты болар, көп мемлекетте үйеңкіні отын ретінде қолдануға тыйым салынған. Үйеңкі жапырағы «Maple Story» компьютерлік ойынының белгісі ретінде қолданылады.

Канада мемлекетінің туы мен елтаңбасында қызыл жапырақты үйеңкі бейнеленген. Қызыл түс – өмірдің белгісін білдіреді. Канаданың ордендерінде де үйеңкінің суреті бар.

Бөлісу: