Қыдырәлiнiң астында – кресло, қолында – «Гүлдер»

12 Тамыз 2014, 08:42

Қыдырәлi БОЛМАНОВ, Халықаралық байқаулардың лауреаты, әншi:

Қыдырәлi Болманов – қазақ эстрадасының көгiнде өзiндiк орны бар өнер жұлдыздарының бiрi. Оның әншiлiк қабiлет-қарымын, талап-дарынын айтып, оқырман қауымға таныстырып жатудың өзi басы артық нәрсе. Ол қазақ әндерiн қайта жаңғыртып, бүгiнгi заманға лайықтап шырқаған кезде, көне әуендердiң өзi құлпырып, әнсүйер қауымның жүрегiне жол табады. Ұлттық әндердi нәшiне келтiре орындап, республикалық және халықаралық конкурстарда бас жүлделерге ие болып жүр. «Жiгiтке жетi өнер де аз» демекшi, ол әншiлiгiмен қоса, керемет ұйымдастырушы, қабiлеттi басшы. Соңғы екi-үш жылдың көлемiнде Қыдырәлi Болманов «Гүлдер» мемлекеттiк ансамблiн басқарып, оның аяқтан тұрып кетуiне сүбелi үлес қосты. Аптаның алғашқы күнi Қыдырәлi Болманов Алматы қалалық Мәдениет басқармасының бастығы болып тағайындалды. Әрине, бұл тағайындау Қыдырәлi үшiн тосындау болды. Бiрақ қала әкiмияты зор сенiм бiлдiрiп отырғаннан кейiн сол сенiм ддесiнен шығуға бекем бел буып отыр. Бiз Қыдырәлi Болмановпен телефон арылы тiлдесiп, алдағы жоспары және «Гүлдер» ансамблiнiң ендiгi тағдыры туралы әңгiмелескен едiк.

Қыдырəлi, Сiздi Алматы қалалық Мəдениет басқармасының бастығы етiп тағайындағанын естiп жатырмыз. Бұл тағайындау Сiзге тосындау болған жоқ па?

– Əрине, тосындау болды. Бiрақ сенiм бiлдiрiлiп отырғаннан кейiн сол сенiм үдесiнен шығуға тырысамын.

Бiрiншi кезекте қандай шаруаларды қолға алар едiңiз?

– Алматы қаласы – əлемдiк өркениет пен мəдениетте өз орны, ықпал-əсерi бар мəдениет орталығы. Бұл қала – қоғамдық пiкiр қалыптастастыратын үлкен мəдени орта. Сондықтан бiз бұл қаланың мəдени өмiрiне шектеу қойып, тар шеңберде қалып қоя алмаймыз. Оның ауқымы əлдеқайда кең. Алдағы уақытта кез келген мəдени iс-шараларды өткiзерде осыған баса назар аударып, ұлттық өнерiмiздi кеңiнен насихаттауға тырысамыз. Қаланың əрбiр мəдени орындарында «Отырар сазы» секiлдi ұлт-аспаптар оркестрiнiң орындауындағы əн-күйлер шырқалу тиiс. Дүйiм халық, мұқым елдiң патриоттық сезiмiн сонда ғана оятамыз деген пiкiрдемiн.

– «Гүлдер» мемлекеттiк ансамблiнiң көркемдiк жетекшiсi ретiнде оны қайта жандандырып келе жатыр едiңiз. Ендi оның тiзгiнiн кiмге ұсынасыз?

– «Гүлдер» ансамблiнiң 35 жылдық тарихы болғанымен, қызметке келген күннен бастап оны қайта құруға тура келдi. Өнер ұжымының мүшелерiн толығымен өзгерттiк. Заман көшiне iлесе алатын соңғы құрал-жабдықтар мен аспаптар алдық. Жаңа киiм-кешектер тiккiзуге тапсырыс бердiк. Өнер ұжымының аяқтан тұрып кетуiне барлық жағдай жасауға тырысып бақтық. Осы Өнер ордасының 35 жылдығын Мəскеу, Астана, Алматы қалаларында атап өтудi Наурыз айына жоспарлап отыр едiк. Соны аяғына дейiн жеткiзсем деймiн. «Гүлдер» ансамблi менiң «сəбиiм» секiлдi. Оның тағдырын кез келген көлденең аттыға қиғым келмейдi. Сондықтан осы екi қызметтi бiрдей алып жүре берсем деген пiкiрдемiн.

Бұл пiкiрiңiздi министрлiк қолдай қояды деп ойлайсыз ба?

– Əрине, тiл табысып, ортақ мəмлеге келемiз деп сенемiн. Олар да менiң ұсыныс-пiкiрiме құлақ асатын шығар.

Екi қызметiңiз де үлкен жауапкершiлiктi талап етедi. Шығармашылығыңызға керi əсерi тимейдi ме?

– Оны өзiм де iштей сеземiн. Бiр жарым миллион халқы бар қаланың мəдени саласын басқару оңай шаруа емес. Үлкен еңбектi, қажыр-қайратты, жауапкершiлiктi талап етедi. «Гүлдер» ансамблiне де жүрдiм-бардым қарай алмайсың. Дей тұрсақ та ұлттық өнерiмiз бен мəдениетiмiздi көтеруге бойымдағы бар күш-жiгерiмдi жұмсауға дайынмын.

Əңгiмеңiзге рақмет. Еңбегiңiзге табыс тiлеймiз.

 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ», 2004 жыл

Бөлісу: