Яндекс платформасында 150 мыңға жуық адам жұмыс істейді - Бағдат Мусин

18 Тамыз 2022, 10:16 1676

«Яндекс GO» компаниясының бас директоры Александр Аникинмен кездесу барысында бірақатар мәселелер талқыланды

Яндекс платформасында 150 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды El.kz

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Қасымқызымен бірге «Яндекс GO» компаниясының бас директоры Александр Аникинмен кездестік. Кездесуге басқа да министрліктердің өкілдері шақырылды. Қазіргі таңда Яндекс платформасында 150 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Көбіне бұл кісілер әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған, себебі олар тіркелген таксопарктердің кейбірі тиісті салық пен аударымдарды төлемейді. Жұмыспен қамтамасыз етудің платформалық нұсқасы кең таралып жатқандықтан, мемлекет осындай платформалар арқылы табыс табатын азаматтарды қолдау жағын ойластыруы керек. Біз жүргізушілерге платформаға тікелей тіркелу мүмкіндігін беруді ұсындық, сонда мемлекет оларды әлеуметтік тұрғыда қорғай алады», - деп жазды министр Инстаграм парақшасында.

Министрдің айтуынша, қазір Яндекс 63 қазақстандық таксопаркпен жұмыс істеп жатыр. Министр компания басшысымен ЯндексGO қосымшаcын пайдалану кезінде азаматтардың қауіпсіздігін бірінші орынға қою мәселесін талқылаған.

«Қосымшада тіркелген жүргізушілерді сәйкестендіру және олардың құжаттарының дұрыстығын тексеру маңызды. Ол үшін биометриялық жүйені қолдануға болады. Бұл не үшін керек? Мәселен, біреулердің жүргізуші куәлігі жоқ немесе бөгде адамдар арқылы тіркелу оқиғалары кездеседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан инватакси қызметін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру бойынша ұсыныстар айтылды. Жалпы, осы мәселелерді жан-жақты қарастырып, барынша тиімді шешімдер мен тәсілдер іздестіретін болдық», - деді Бағдат Мусин.

Бөлісу: