30 Маусым 2014, 05:43
Константин Паустовскийдің «Адам жүрексіз өмір сүре алмайтынындай, еш уақытта Отансыз өмір сүре алмайды» деген сөзі бар. Әрбір адамның барлық тіршілік-тынысы өз Отанымен тікелей байланысты екені сөзсіз. Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері ынтымақ пен достық туын жоғары ұстап келеді. Соның ішінде ұйғыр ұлтының танымал жастарының алатын өз орны бар. Ұйғыр халқының сонау көне замандардан келе жатқан өздерінің салт-дәстүрлері, мәдениеті, қолөнері т.б. бар екені бәрімізге белгілі. Ал музыка саласында танылып жүрген жастардың қатары көп-ақ.
Дильназ Ахмадиева – солист-вокалист. 1980 жылы ару қала Алматыда дүние есігін ашқан. Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің түлегі. Әкесі Мұрат Ахмадиев та музыкант, атақты «Яшлык» ұйғыр ансамблінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының халық әртісі. Көп жылдар бойы Алматы қаласындағы Мемлекеттік ұйғыр театрының директоры болып қызмет атқарған. Отбасының өнерге жақын болуы және өзінің сұлулығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында биік шыңдардан көріне бастады. Төрт жасынан бастап балалар фильміне түскен Дильназ, кейінірек Ұйғыр театрының сахнасында өнер көрсете бастайды. Түрлі қойылымдарға қатысып, ән шырқаған. Ал үлкен сахнаға, яғни Алматы қаласындағы Республика сарайының сахнасына 1993 жылы шығады.
Юрмаладағы жас орындаушылардың халықаралық байқауы «Новая волнаға» қатысқан. «Алматы-98», «Үздік ән үшін» музыкалық сыйлығының иегері, «Жылдың үздік орындаушысы», «Жыл хиті», «Алтын диск» және т.б. байқаулардың, Венгриядағы «Медивайв-2000» фестивалінің, сонымен қатар Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты.
«Балет» сөзінің адамға керемет әсер қалдырары сөзсіз. Бұл өте әдемі, нәзік және қиялға бөлейтін өнердің бірі. Мұны сұлулық пен әдемілікке талпыну деп айтсақ қателеспейтін шығармыз. Ұйғыр нәсілінен шыққан осындай атақты балет бишілерінің бірі – Мукарам Саидакимқызы Абубакриева. 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Александр Селезнев атындағы Алматы хареография училищесінде және Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының хареография факультетінде оқыған. «Әнші балапан» (1989 ж.), «Айналайын» (1996 ж.) балалар фестиваліне қатысқан. Үлкен сахнаға аяқ басуы бес жасынан басталыпты, яғни 1988 жылы, ол кезде Ұйғыр театры әртістерінің концерттік бағдарламасына қатысқан. 1989, 1991 және 1994 жылдары жеке концерттік бағдарламаларын беріп, теледидарға шықты. Мукарам 2001 жылдан бері Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қызмет істейді. «Ненси», «Серенада» балет қойылымдарында, сонымен бірге Чайковскийдің бірқатар қойылымдарында өнер көрсеткен.
Бұл қыздар нәсіліне қарамастан, Қазақстан Республикасының Ата заңы негізінде өздерінің Отанына айналған қазақ еліне барынша қызмет етіп, беделдерін үстем етіп келеді.
Әсем Жарымбекова