Ұйқы, күйзеліс және семіздік. Қандай байланыс бар?

21 Қыркүйек 2015, 10:44

Ұйқы, күйзеліс және семіздік. Қандай байланыс бар?

Ұйқы, күйзеліс және семіздік. Қандай байланыс бар?

Қазіргі кезде әлемде ұйқының орташа ұзақтығының қысқаруы байқалуда. Ұйқының орташа ұзақтығы 1960 жыл мен 2000 жыл аралығында 1-2 сағатқа азайды. Ұйқының ұзақтығы адам организмінде лептин, грелин гормондарының синтезделуіне әсер ететіндігі белгілі, дәлірек айтсақ, ұйқының жеткіліксіздігі олардың арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соғады. 
Кейде, артық дене салмағын азайтқысы келген адам тамақты ішіп-жеуін шектеп, дене белсенділігін жоғарылатқанымен, дене салмағы өзгермейді. Бұл жағдай ұйқының аздығымен байланысты болуы мүмкін, себебі ұйқы жеткіліксіз болғанда май ұлпасында лептин гормонының синтезделуі нашарлап, керісінше грелин гормоны көп мөлшерде бөліне бастайды. Лептин гормоны біздің миымызға тойыну сезімі туралы сигнал жіберсе, грелин асқа тәбетті күшейтеді. Кейбір мәліметтер бойынша, ұйқы жеткіліксіз болғанда, осы гормондардың жасалуындағы ауытқу қалыпты деңгеймен салыстырғанда 20%-ға дейін жетеді. Олардың арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы адамда ашығу сезімінің күшеюін тудырып, асқа тәбетін ашады да, тағамды артық мөлшерде ішіп-жеуіне әкеп соғады. 
Адам аз ұйықтағанда күйзеліс гормоны – кортизол көп мөлшерде бөліне бастайтындығы белгілі. Бұл гормонның қандағы деңгейінің тұрақты түрде жоғарылауы созылмалы күйзеліс тудырады, адам ашушаң болып, зат алмасуының бұзылыстары байқалады. Кортизол деңгейінің үнемі жоғары болуы семіздік тудырып, висцеральдық (ішкі) майдың көбеюіне және ерлердің ішінің төменгі жағы мен арқасында, әйелдердің сандарында майлардың жинақталуына әкеп соғады.
Сонымен, адам аз ұйықтаса, дене салмағы арта бастайды. Алайда, бұл дене салмағын азайту үшін көп уақыт ұйықтау керек деген пікір емес. Адам дұрыс тамақтанып, дене белсенділігін қалыпты ұстаса да, түнде 8-9 сағат ұйықтаған жағдайда, дене салмағы арта бастауы мүмкін. 
Адамның шектен шықпай ұйықтағаны дұрыс, әсіресе түнгі ұйқының ұзақтығы организмнің қажеттілігіне сәйкес болуы керек. Ересек адамның ұйқысының орташа ұзақтығы 7-8 сағат, бірақ ұйқысы аз уақытқа (5-6 сағат) да, көп уақытқа (9-10 сағат) да созылатындар бар.
Әр түрлі себепті (әлеуметтік, психологиялық, ұйқының жеткіліксіздігі және т.б.) созылмалы күйзеліс кезінде қандағы кортизол гормонының көбеюіне байланысты дене салмағының артуы байқалуы мүмкін. Осы жағдайда, өзіңізге ыңғайлы, күйзелісті басуға көмектесетін йога, би, релаксация, медитация сияқты шаралар, дұрыс тамақтанып, дене белсенділігін қалыпты ұстасаңыз, артық дене салмағыңызды азайтуға және семіздіктің алдын алуға көмектеседі.

Бөлісу: