1 Наурыз 2014, 07:41
17. Қазақ тіліндегі кірме сөздер деп жүргеніміздің бәрі орыс тілінің айтылым үлгісіндегі сөздер. Сол сөздерді қазақы айтылым үлгісіне бағындырып аламыз ба, жоқ әлде «орыс тілінде қалай айтылса солай жазамыздың» керімен оның төркін айтылымын сақтаймыз ба? Егер қазақ тілінің айтылым үлгісіне икемдеп алатын болсақ, онда мәселе оп-оңай шешіле кетеді де сол жоғарыдағы әліпбиіміз толығымен жетіп жатыр, оған ешнәрсе қосып-алып керегі жоқ. Ал, шын мағанасындағы халықаралық сөздерді (орыс тілінің айтылым үлгісіне икемдемей) сол өз латын үлгісіндегі жазылымын ала салуға болады. Күнделікті шет тілін көріп-тыңдап,
оқып-жазып жүрген балаға да, ересекке де оның еш қиындығы жоқ. Қайта оқу-әдістемелік тұрғыдан ұтымды болып шығады.
18. Біздің ойымызша болашақ латын әліпбиі ешкімнің атымен аталмау керек. Өйткені бұл жерде ат қоя салатындай үлкен жаңалық ашылып отырған жоқ. Жазудың дыбыс құрамы мен емле-ережесін Ахаң шешіп беріп қойған, ал латын әліпбиі - тарихи дайын тұрған дүние. Оның үстіне компьютер түйме тақтасында қазақ дыбыстарына сай келетін таңбалар жеткілікті. Оны іздеп табуға да көп бас қатырудың керегі жоқ, бәрі алақандағыдай көрініп тұр. Мәселе бірегей 3-4 дыбысты қалай таңбалаймыз дегенге ғана саяды. Қазақ дыбыстарын латын негізінде таңбалау үлгілері өткен жылдардың жазба мұрағаттарында ұсынылып қойылған.
Авторлық жайына келетін болсақ, «жоба жасама, жобаңа өз атыңды қойма» деп, әрине, ешкімге ешкім тиым сала алмайды. Жасаған жобасын тиісті орындарға тіркетіп, патент алып, сертификатын жалаулатып жүргендер жоқ емес. Бірақ бір таңбаны екінші таңбаға ауыстыра салу үшін аса үлкен бастың керегі жоқ. Ең бастысы, жоба авторлары әліпбидің, жоғарыда айтқандай, кешенді мәселелерін (әліпби, таңба, емле-ереже) қалай шешіп берді, бәрі соған байланысты. Ендеше, бар боғаны, кирилше таңбаны латынша таңбаға ғана өз білгенінше ауыстырып беріп, жаңа қазақ әліпбиін иеленемін деген әрекеттің өзі орынсыз болып табылады.
19. Жазу реформасын іске асыра алсақ, ең алдымен әдістемелік тұрғыдан жеңілдік болады. Ойланайық, 42 әріптің жазу-сызуын үйрену оңай ма, әлде 26(28) әріптің жазу-сызуын үйрену оңай ма? 42 әріпке таңылған емле-ережені меңгеру оңай ма, әлде 26(28) әріпке таңылған емле-ережені меңгеру оңай ма? Жауабын әркім өзі тапсын. Ал, орыс тілінің өзіне тән 33 әліпбиі мен емле-ережесіне сүйенген «Букварьді» орыс мектептері қанша уақытта бітіреді, қазақ тілінің өзіне тән емес 42 әліпбиі мен емле-ережесіне негізделген «Әліппені» қазақ мектептері қанша уақытта бітіреді? Осыған көңіл бөлген біреулер бар ма екен? Мұның да жауабын әркім өзі іздеп көрсін.
Сонан соң, қазақ тіліне байланысты қолғанат қондырғыларды (оргтехниканы айтып отырмын) құрастыруға көп септігін тигізеді. Оған бір ғана мысал келтірейін. Шағын латын әліпбиі қазақ тілінің мәтін терімін ықшамдауға мүмкіндік береді. Егер біз үндесім (сингармонизм) заңдылығын пайдаланып, қазақ тілінің өзіне тән компьютер түйметақтасын құрастырып, программасын жасай алсақ (жасай алатынымызға күман жоқ), онда мәтін терімі көп жеңілдейді. Қарапайым тілмен айтқанда, компьютер түйметақтасындағы түймешелерді жүз рет ұрудың орнына 70 рет, бір сағаттың орнына 40 минөт жұмыс істейсіз.
Қолданба бағыттағы жетісітік мұнымен ғана шектелмейді.
Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж