Вячеслав Додоновтың монографиясының тұсаукесері өтті

14 Шілде 2016, 11:54

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты

Монография — «АҚШ-тың әлемдік экономикадағы рөлінің өзгеруі: жаһандық тұрақтылыққа ықпалы» деп аталады.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында өтті. Тұсаукесер барысында қазіргі АҚШ-тың экономикасындағы жағдай халықаралық масштабтағы дағдарысқа жаңаша сипат бергендігі жайлы айтылды.

Вячеслав Додоновтың айтуынша ол өз еңбегінде әлемдік экономикадағы АҚШ-тың рөлін үш негізгі бағытта зерттеуге талпыныс жасаған. Зертеуде АҚШ экономикасының дамуындағы жағдай мен тенденция, АҚШ-тың мемлекеттік қаржы саласындағы ахуалмен несие  мәселесі қамтылған.

Вячеслав Додонов, монография авторы:

— АҚШ бүгінгі таңда қаржы саласының алпауыты саналатынын жақсы білесіздер. Өкінішке қарай, бұл мемлекетте болып жатқан экономикалық, саяси өзгерістер біздің елге ғана емес, бүкіл әлемге өз әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан, осындай алпауыт елдің экономикасы, оның ішінде қаржы саласы мені қатты қызықтырды.Жұмысты жазуға бір жылға жуық уақыт кетті.

Кітапта АҚШ-тың экономикалық құрылымын қайта құру үрдісі, әлемдік экономикаға ықпалы талданып, оның әлеуетіне соның ішінде Қазақстанның дамуы үшін маңызды салаларға тұшымды баға берілген.

Кітаптың таныстырылымында мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстанның жетекші сарапшылары мен әлемдік экономика және халықаралық қатынастар саласының мамандары қатысты.

Іс-шара барысында келушілер авторға өз сұрақтарын қойып, ашық пікір алаң форматында өз ойларымен бөлісті. Келушілердің бірі: «Америкаға жаңа президент келуі біздің елге қандай әсерін тигізуге болады» - деген сұраққа белгілі сарапшы: «АҚШ ұзақ жылдар бойы басқару жүйесі қалыптасқан, стратегиясы айқын ел. Сондықтан, президент Трамп болса да, Клинтон болса да үлкен өзгерістер болады деп айта алмас едім» - деп жауап берді.    

Вячеслав Додонов бүгінде Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Бас ғылыми қызметкері болып қызмет атқарады. 


Алмас Сауданбай

Фотограф — Жандос Кокумбаев

Бөлісу: