Владимир Божко: Мәжілістегі ҚХА-дан сайланған депутаттар арқылы жұмысымызды ілгерілету үшін бастамалар көтеру керек

9 Қаңтар 2020, 16:13 2559

Қарағандының Достық үйінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко облыстық Ассамблея мүшелерімен, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті.

Алқалы басқосуды Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкен жүргізіп отырды. Кездесу барысында халық қалаулысы ең алдымен Парламент мәжілісінде атқарылып жатқан жұмыстарын, қабылданған заңдар мен алдағы уақытта депутаттардың назарына ұсынылатын заң жобаларыy таныстырып өтті және үкімет тарапынан көрсетілетін көмек, қолдау туралы да егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, бүгінде құрамына 31 мажілісмен кіретін ҚХА депутаттық тобы үлкен жұмыстар атқаруда. Сондай ақ, топ мүшелері заңнамаға 880 ұсыныс пен өзгертулер енгізіліп, 469 азаматты қабылдаған.


«Бізге сіздердің ұсыныстарыңыз өте маңызды. Парламент сайтында заңнамалық жұмыстың жоспары анық көрсетілген. Депутаттық сұраныстармен сонда танысуға болады. Сондай-ақ, жаңа заңнамада мал ұрлығы үшін жазалауды жеке мақалада белгілеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мас күйінде көлік жүргізгені үшін жазаны қатаңдату туралы айтылды – енді ол үшін жүргізушілер бас бостандығынан да айырылуы мүмкін»,- деді Владимир Божко.


Парламентарий «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасына да тоқталды.

«Ол - әлеуметтік және кәсіби мәселелерін шешуге, педагогтарға жүктемені азайтуға, оларды көптеген тексерулерден, сондай-ақ оларға тән емес функциялардан қорғауға, жұмыс істеп жүрген педагогтар үшін ынталандыру шараларын белгілеуге, жастарды мамандыққа тартуға бағытталған. Жаңа Заңға сәйкес, мұғалімдердің жалақысы жаңа жылдан бастап 25%-ға артады. Ұстаз шеберлігі үшін де ынталандыру қарастырылып, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған педагогқа 1 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір жолғы төлем белгіленген» , - деді спикер.


Білімді жастардың жаппай шетел асып, ал, елдегі білім беру орындарының «Диплом сататын» мекемеге айнала бастағанына не себеп? Қазір осы проблемаларды шешу үшін біраз іс-шаралар қолға алынуда. Оған Қазақстан Халқы Ассамблеясы мүшелерінің қосар ұсыныс-пікірлері қандай? Осындай өзекті мәселелер төңірегінде де мәжіліске қатысушылар пікір таластырды. ҚХА атынан биыл 34 депутаттық сауал жолданыпты. Өзектілердің қатарында талантты жастардың елден жаппай кетіп жатқаны бар. Мемлекет оларға мүмкіндік беріп, білім алуына жол ашады, алайда оларды қайта елге әкеліп, қызмет еткізу жүйесі заңды нормада толық қалыптаспаған.


Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- Бізді алаңдататыны талантты жастар Қазақстаннан кетіп жатқаны. Министрлікке де, үкіметке де ұсыныс айттық. Олар Ресейге барып оқиды да, елге қайтпайды. Ал, Ресейдің жоғарғы оқу орындары біздің облыстың түкпір-түкпірінде агитациялық жұмыстарын жүргізуде.

Абзал Нүкенов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

- Жастарға қатысты айтсам, былтыр Қарағанды облысынан 862 түлек барып білім алған Ресейден. Соның 11 пайызға жуығы сонда қалған. Бірақ биылғы көрсеткіш едәуір төмен. Біз өз жастарымызды елге қалдыру үшін жұмыс жүргізетін боламыз.

В. Божко өңірдегі ассамблея мүшелерінен нақты ұсыныстар аз келетінін де жеткізді.


Владимир БОЖКО, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- Әріптестер сіздердің тараптарыңыздан ұсыныс жоқ. Этномәдени бірлестіктер ұсыныс жасамайды. Мәжілістегі ҚХА-дан сайланған 9 депутат арқылы жұмысымызды ілгерлету үшін бастамалар көтеру керек. Соны атап айтқым келеді.

Аймақтарда тағы бір өзекті мәселе - ауылды жерлерде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үйлердің аз салынуы. Спикердің орынбасары бұл саладағы атқарылған істер көңіл көншітпейді -деді.

Еске салсақ, «Нұрлы жер» бағдарламасына алдағы 5 жылға республика бойынша 350 млрд. теңге қаржы бөлінген болатын. Ауыл шаруашылығы да басты назарда тұр.

Кездесуде Ассамблея құрылымының өкілдері халық қалаулысына сауалдарын қойып, ұсыныс пікірлерін жеткізді.


kartv.kz

Бөлісу: