Вице-премьер жайылымдық жерлердің тапшы екенін айтты

26 Маусым, 11:04 732

Мәжілісте ауыл шаруашылығы бойынша, негізінен көктемгі егіс жұмыстарына қаражаттың жетіспеушілігі, жайылымдық жерлердің тапшылығы мәселелері көтерілді. Бұл мәселеге байланысты премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова биыл көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі екі еседен астамға ұлғайғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сөзінше, 180 млрд теңгеден 580 млрд теңгеге дейін қаржыландыру көлемі артты.

Биыл агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға көзделген 431 млрд теңгеге қосымша 323 млрд теңге қажеттілігі анықталып, бұл қаржы бюджетті нақтылау кезінде қосымша қаралмақ. Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін шешу бағытында биыл 946 мың га жер учаскелері қайтарып алынды (жыл соңына дейін 2 млн га жоспарланған), олар бірінші кезекте ауылдық жерлерде тұрғындарға мал жаю үшін берілетін болады, - деді премьер-министрдің орынбасары.

Тамара Дүйсенова сонымен қатар тұрғындар «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысты мәселелерді жиі көтергенін айтты.

Біз бұрын берілген несиелерді толығымен талдап шықтық, бірқатар проблемалық мәселелерді анықтадық, - деді ол.

Соның ішінде:

1) ауылдың кәсібін анықтайтын скрининг талдау жұмысы,
2) қаражаттың мақсатты пайдалануын бақылайтын, өтінімдерді қабылдайтын ақпараттық жүйені қалыптастыру қажеттігі,
3) шығарылған өнімді қайта өңдеу және сату тетіктерін анықтау, зәкірлік кооперация жолдары
4) сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлерін Ауыл аманаты жүргізіліп жатқан ауылдарда концентрациялау қажеттілігі анықталды.

Осы мәселелерді «Аманат» партиясымен бірге өңірлермен бірнеше дүркін сарапшыларды қоса отырып талқыладық. Биыл жаңа тәсілдерді алдымен бірқатар өңірде пилоттық түрде жүзеге асырғымыз келеді, содан кейін тәжірибе алмасып, әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып жасаймыз деп жоспарлап отырмыз, - деді Тамара Дүйсенова.

Миражан Махан
Бөлісу: