Вице-министр азық-түлік қауіпсіздігі мен инвестициялар туралы айтты

20 Қазан 2022, 17:44 1136

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай KGIR-2022 алаңында Қазақстанның ішкі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде мемлекет өз өндірісін ұлғайтуға және халықтың азық-түлік тауарларына тұтынушылық шығындарының үлесін төмендетуге ұмтылып жатыр.

«Ағымдағы жылы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға шамамен 900 млн доллар қарастырылған. Қаражат АӨК секторына жеңілдікпен кредит беру, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған», - деп атап өтті вице-министр.

Айта кетейік, 2022 жылдың басынан бастап агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі ұқсас кезеңмен салыстырғанда 7,5% - ға ұлғайып, 598,9 млрд теңгені құрады, оның ішінде азық-түлік өндірісі 1,3 есе өсіп, 88,8 млрд теңгеге жетті.

«Инвесторларды мемлекеттік қолдау жүйесі көп деңгейлі болып табылады және әртүрлі салалық жеңілдіктерді, сондай-ақ инвестициялық келісімшартты қамтиды.  Оның шеңберінде инвестициялық жобалар корпоративтік табыс пен жер салығы, сондай-ақ мүлік салығын төлеуден босатылады. Қазақстандағы инвесторлар ірі жобаларды іске асыру үшін Үкіметпен инвестициялар туралы тікелей келісім жасасу мүмкіндігіне ие болды», - деп толықтырды Ж. Өсербай.

Жалпы Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенде қолайлы инвестициялық ахуалға ие. Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан шетелдік әріптестермен бірлескен жобаларды қарауға және іске асыруға дайын екендігін мәлімдеді.

Бөлісу: