31 Наурыз 2014, 06:34
Жоңғарлар басына үйірілген бұл зауал Абылай хан бастағанқазақ жұртына да ой салмай қоймады. Қазақ елін ойландыратын бұдан басқа да жағдайлар мен себептер аз емес еді. Елдің ертеңгі тағдырын тиянақтау үшін салиқалы жолмен шешілуге тиісті басты мәселелер Қазақ жеріне екі бүйірден көз тігіп отырған аса қуатты екі империямен арадағы қарым-қатынасты сәтімен реттеу еді.
Бір ғана мысал: 1758-1759 жылдары Жоңғарияны қырғынға ұшыратқан кездері Цинь әскерлері қазақ жеріне де бірнеше рет қатер төндірді. Тарбағатайдың солтүстігінде қазақ және қытай әскерлері арасында бірнеше ұрыс-шайқас болды. Жағдайды ушықтырмауды көздеген Абылай елші аттандырып, Цинь билеушілерімен келісімге келеді. Нәтижесінде олар Абылайдың Қазақ хандығындағы билігін мойындап, қазақ жеріне шекаралық талап қоядан тиылады. Осының арқасында қазақтардың шығыстағы шекарасына көз тігу толастайды.
Жоңғарлар қазақ жеріне шапқыншылық жасаған кезеңде Кіші жүз бен Орта жүздің кейбір бөлігі Ресей империясының құрамында еді. Алайда Ресей империясы шапқынға ұшырағанқазақтарға жәрдем қолын созбады. Тіпті, 1743 жылы патша өкіметі Еділ қалмақтарына қазақ жерінде «әскери олжа» табу жорықтарын жүргізіп тұруға рұқсат етеді, оларға көмек беру үшін екі мың казак әскерін де қосып береді. Осы сияқты жағдайлар қазақтардың батыстағы шекараға да ұдайы алаңдап отыруына себепкер болды.
Елдің тағдыры сынға түскен қысталаң кезеңде билікте болған Абылай хан шешуге тиісті жағдайлардың қай-қайсы да жеңіл емес еді. Алғашында сұлтан, кейіннен хан ретінде билік еткен Абылай сол қиындықтардың бәрін дерлік шеше алды. Ыдырай бастаған қазақ жұртын қайта біріктірді, Іленің сол жағасы мен Шу бойын, Созақ, Сайрам, Ташкент қалаларын қайтадан қазақ иелігіне көшірді. Жолбарыс хан дүниеден озғаннан кейін Ұлы жүздің бірталай руы, сондай-ақ, Ресей бодандығын қабылдаған Кіші жүздің бір бөлігі Абылай билігіне бұрылды.
Осы кезеңдегі Ресей державасының көксегені Қазақ елін Цинь ықпалынан оқшаулау, Қытайға бодан болуына жол бермеу болса, Қытай империясының көздегені Абылайды өз жағына тартып, қазақ жұртын бодан ету, сондай-ақ, Ресеймен соғысуға тура келген жағдайда қазақтардың әскери күшін пайдалану еді. Абылайдың саясаткерлік, қайраткерлік дара қасиеттері де осы жағдайлардан сәтімен шыға білуіне байланыстытанылды. Ол аса әлуетті екі империямен де тату көршілік негіздегі қарым-қатынас орнату саясатын ұстанды және бар қайраты мен ақыл-парасатын осы мүддеге арнады. Нәтижесінде Абылай хан билігі тұсында ел ішінде біршама саяси тұрақтылық орнықты, қазақтардың көршілес елдермен сауда, экономикалық, саяси байланыстары ұлғайды.
XVІІІ ғасырдағы тарихи оқиғалар және Абылай хан әрекеттері сол дәуір поэзиясында ерекше орын алды. Оның себебі осы жағдайлардың қай-қайсы да ел тағдырында шешуші мән иеленуінде жатыр.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
Әдебиеттер:
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»