VIII. Жиырмасыншы Мундиаль!

15 Мамыр 2014, 12:51

Латын Америкасының оңтүстік-батысында орналасқан Чили мемлекеті Аргентина, Боливия, Перу республикаларымен шектесіп жатыр.

Латын Америкасының оңтүстік-батысында орналасқан Чили мемлекеті Аргентина, Боливия, Перу республикаларымен шектесіп жатыр. Чили мыс өндіру және оны экспорттау бойынша әлемге танымал. Қазіргі кезде мыс өндіру жөнінен әлемде көш бастап тұр.

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

1962 жылғы әлемнің қола жүлдегерлері!

Чили құрамасы

Бас бапкер: Хорхе Сампаоли 

Команда капитаны: Клаудио Браво 

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Леонель Санчес (84)

Ең көп гол соққан ойыншы: Марсело Салас (37)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 13

 

Оңтүстік Америка Еуропадан кейінгі футболы дамыған құрлық екені белгілі. Бірақ, Чили құрамасы Бразилия, Аргентина, Уругвай секілді әлем чемпионы атанып көрген емес. Ең ірі жетістіктері – өз алаңдарында өткен әлем біріншілігіндегі үшінші орын.

Сол жылы жарыс қожайындары Германия, Италия, Швейцария құрамаларымен бір топқа түседі. Алдымен Швейцарияны 3:1, Италияны 2:0 есебімен оңай ұтады. Топтағы соңғы ойында немістерге жол беріп, екінші орынмен келесі кезеңге өтеді. Ширек финалда алаң иелерін КСРО құрамасы күтіп тұрды. Екі жыл бұрын Еуропа чемпионы атанған құраманы айналып өту Фернандо Риера шәкірттеріне аса қиынға соққан жоқ. Бұл ойында құраманың басты сұрмергендері Санчес пен Рохас көзге түсті. Ал жартылай финалда болашақ әлем чемпиондары Бразилиямен жолыққан Чилидің азулы құрамаға шамасы жетпей, 2:4 есебімен жол береді. Осыдан соң, үшінші орынға таласта Югославияны тізе бүктіріп, тұңғыш рет әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол созады.

Чили құрамасы 1930 жылдан бастап 8 рет әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне қатысқан. Соның ішінде екі рет (1962 жылды қоспағанда) 1998 және 2010 жылдары 1/8 финалға дейін жеткен.

Америка Кубогы жолындағы додаға 34 рет қатысып, 4 рет екінші орын алған. Әзірге бас жүлде бұйырмай жүр.

Бүгінгі таңда ФИФА рейтингісінің 15-сатысында тұр.

Қазіргі құрам

Қақпашылар Джонни Эррера («Универсидад де Чили»), Кристофер Тосельи («Универсидад Католика»), Пауло Гарсес («О'Хиггинс») үштігі Чили біріншілігінде өнер көрсетеді. Қорғаушылар – Гари Медель («Кардифф»), Гонсало Хара («Ноттингем Форест»), Маркос Гонсалес («Унион Эспаньола»), Энцо Андиа («Универсидад Католика»), Хосе Рохас («Универсидад де Чили»), Эухенио Мена («Сантос»), Мауирсио Исла («Ювентус»); Жартылай қорғаныста құраманың басты жұлдызы Артур Видаль ойнайды. Туриндік «Ювентустің» сапында жарқырап жүрген Видальден үміт күтетіндер көп. Одан бөлек, 2006 жылғы Оңтүстік Американың үздік ойыншысы Матиас Фернандес («Фиорентина»), Карлос Кармона («Атланта), Фелипе Гутьеррес («Твенте»), Жан Босежур («Уиган Атлетик») секілді ойыншылар да көпшілікке танымал. Хорхе Вальдивия («Палмейрас»),Чарлес Арангис («Интернасьонал»), Хосе Педро Фуэнсалида ( «Коло-Коло»), Родриго Миллар («Атлас»), Пабло Эрнандес («О'Хиггинс»), Франсиско Силва («Осасуна»), Марсело Диас («Базель»), Миико Альборнос («Мальме») бас бапкер Хорке Самапаолидің сенім артып жүрген ойыншыларының қатарында. Чили құрамасының негізгі шабуылшылары Испания біріншілігінде ойнайды. Әсіресе «Барселона» шабуылшысы Алексис Санчесті ерекше айта кетсе болады. Шабуылда Санчеспен бірге жұп құрайтын Эдуардо Варгастың («Валенсия») да шеберлігінен хабардармыз. Олардан бөлек Фабиан Орельяна («Сельта»), Маурисио Пинилья («Кальяри»), Эстебан Паредес («Коло-Коло»), Густаво Каналес («Унион Эспаньола»), Жан Босежур («Уиган») кез-келген уақытта әріптестерін алмастыруға дайын.

Біздегі болжам:

Чилидің топтан шығуы екі талай. Испания мен Нидерланды латынамерикалықтарға жол бере қоймас. Десек те Чилидің өз тобында Аустралиядан басым түсуге мүмкіндігі мол.

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

13 маусым. Куяба. Чили – Аустралия

18 маусым. Рио-де-Жанейро. Испания – Чили

23 маусым. Сан-Паулу. Нидерланды – Чили.

Бек Төлеуов

Бөлісу: