VIII. Әліпби ауыстыру жазу реформасына айналу керек

1 Наурыз 2014, 07:18

Ауыл сауатсыз қалады деп кемсітудің де керегі жоқ, ауыл қаладағы сіз бен бізден бұрын үйреніп алады. Компьютердің тапшылығын алға тартып та керегі жоқ.

10.3. Ауыл сауатсыз қалады деп кемсітудің де керегі жоқ, ауыл қаладағы сіз бен бізден бұрын үйреніп алады. Компьютердің тапшылығын алға тартып та керегі жоқ. Осыдан бар болғаны бес-алты жыл бұрын өзіміз үрке қарайтын компьютеріміз бүгінде балалардың ойыншығына айналып кеткен жоқ па? Әні-міні дегенше ауыл көркінің бірі компьютер болады.

10.4. Тіптен, басқаны былай қойғанда, болашақ қағаздың заманы емес, электронды оқу-құралдар мен оқулықтардың, гәзет-жорналдардың, әдеби шығармалардың, ғылыми еңбектердің заманы екеніне де күман келтіреміз бе?

10.5. Латынға қарсы әріптестеріміз, тіптен, мекеме маңдайшасын алмастырудың өзін үлкен шығын деп дүрліктіреді. Әр мекеме үшін өз маңдайшасын алмастыру көтере алмайтын жүк емес қой. Оның үстіне жекеменшік мекемелер үкіметтен қаражат сұрамайды.

10.6. Баспа орындарын латын әліпбиіне икемдеп қайта құруды да даурықтырып керегі жоқ. Өйткені бұрынғыдай батпандап қорғасын сапырып, құлақты тұндыратын тарсыл-тұрсыл шығып жататын баспаханалар қазір жоқ. Компьютер тетігінің бір ғана бұрауымен қыруар іс бітіп жатады. Оның үстіне кез-келген баспаханада латын жазуына байланысты компьютер қоры дайын тұр.

10.7. Осы тұста Түрік Республикасының бір тәжірибесіне қарайлаған дұрыс сияқты. Түрік Республикасының кезінде латын әліпбиіне жарлықпен бір күнде өткені белгілі. Жарлықпен өткендіктен латын әліпбиі елдің барлық азаматтарына міндетті болды және араб жазуын пайдалануға тиым салынды. Сондықтан басы Ата Түріктің өзі болып латын жазуын үйренуді бастады, үйреніп қана қоймай, басқаларға өзі бас болып үйретті. Ең бастысы, баспаларға, жазушыларға мемлекет тарапынан қаражат көмек бөлдірген. Егер мелекет тарапынан көмек болып жатса, біздің баспа орындарымыз да қиналмай латын жазуына көшер еді. Өйткені баспа иелері мен жазушылардың дені латын әліпбиі негізінде кітап шығарудың қаражат шығынын алға тартып, қарсы болып отыр.

11. Көпшілік арасында тұрқы бөлек латын жазуы өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген ынтасын тоқтатады, бөлек жазу ұлысаралық татулыққа бүлік салады деген де қауіп бар.

11.1. Әліпби тұрқынан шошып тіл үйренбейтін болса, онда сол орысың да, қазағың да, басқаң да бала-шағасымен қосылып неге қазір жаппай латын жазуындағы ағылшын тілін үйреніп жатыр? Ендеше, себепті де орнымен іздеу керек.

11.2. Орыс ағайындардың қазақ тіліне деген құлқы тасып тұрмағаны белгілі. Бірақ қазақ тілін үйрене алмаудың басты себебі басқада. Ол – орыс ағайындарға ұсынып отырған әдістемелеріміз бен оқулықтарымыз. Әзірге біз өзге ұлт өкілдерін қазақ тілінде сөйлеуге емес, оларға қазақ тілінің грамматикалық ережелерін жаттатып әлек болып жатырмыз. Егер біз қазақ тілінде сөйлеудің әдістемесі мен оқулықтарын дұрыстап ұсына алсақ, онда, сөз жоқ, нәтиже басқа болған болар еді. Өкінішке қарай, әзірге олай болмай отыр.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ  жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж

Бөлісу: