VIII. Әліпби әңгімесі

1 Наурыз 2014, 08:15

Ұлттық әліпби ұлт сөздерін жазуға арналған деген зарымызға құлақ аспаса, амал қанша.

Қазіргі орыс айтылымындағы халықаралық сөздерді «Ұлттық жобаның» негізінде жазып көрсетіп («федерация-ны п[p]-мен жазамыз ба?» деп), жерден жеті қоян тапқандай күлкіге қарқ болып, интернет бетінде мазақ қып жүрген орыс (тілді) ағайындарымыз тағы бар.  Олар ұлттық әліпби ұлт сөздерін жазуға арналған деген зарымызға құлақ аспаса, амал қанша.

Кірме дыбыстардың жазылымы өз алдына шешілу керек дей беретінім сондықтан. Орыс айтылымындағы халықаралақ сөздердің жазылымын алға тартып, айбат шегіп отырған ағайындарымыздың тынышталуына болады.

Жазу реформасын тәуекел деп бастау ғана қалды. Өйткені реформаның оңайы болмайды: саяси реформа, әкімшілік реформа, қаражат реформасы т.б. Алайда, бұл реформалар жоғары билікте орындалады да төменгі көпшілік оның дайын нәтижесін ғана алады. Сөйтіп бұқара көпшілік реформа ауырлығын сезбейді. Ал жазу реформасының қиыншылығын сауат ашуды бастаған баладан бастап, демалыстағы зейнеткерге дейін әрқайсысы өз жеке басынан өткереді. Жазу реформасының өзге реформалардан ерекшелігі де, міне, осында. Сондықтан да жазу реформасына тәуекел деп кірісудің алдында сабырлы сақтық керек болады.

Латын графикасына көшудің мерзімі жайлы да ортақ пікір жоқ, біреулер ұшқырлық танытып жатса, енді біреулер шабан басып, он-он бес жыл деп жобалайды. Жазу реформасының (тек әліпби ауыстыру емес) мерзімі алдын-ала дайындыққа байланысты болады: мақсаты мен мазмұны айқын болу керек. Мақсаты – қазақ әліпбиін ұлттық үлгіге түсіру, мазмұны – қазақ сөзінің айтылым-жазылым үйлесімін орнықтыру.

Ол үшін (дайындық реті):

-бірінші, «сауат ашып алу» керек, көпшілік үшін қазақ мәтінінің «әліпби дыбыс жазбасын (транскрипциясын)» дайындау. Қазақ сөзі ми емес мый, су емес сұу, у емес ұу, и емес ій, ки емес кій, ит емес ійт, ою емес ойұу, сүю емес сүйүу, ащы емес ашшы, хат-хабар емес қат-қабар, жиһаз емес жиқаз, құлын емес құлұн, жүрек емес жүрөк екеніне көз жеткізіп, көңілге қондыру қиынның-қиыны болады (х, һ таңбаларын жасанды дыбыстап жатамыз, бірақ ол тіл заңдылығына жатпайды);

-екінші, «әліпби дыбыс жазбасына» лайық морфем, буын, тасымал емле-ережелерін қайта дайындау (өзгерістер енгізу);

-үшінші, қазақ тілінің төл дыбыстарына (кірме дыбыстар да қалып қоймасын) берілген балама латын таңбаларына көз үйретіп, қол жаттықтыру;

-төртінші, содан кейін барып, латын графикасы негізіндегі қазақ жазуына ырғалып-жырғалмай, жүрексініп-тартынбай, уақыт оздырмай жаппай көшу.

Жазу реформасын игеру үшін көпшілік бұқараға бір жылдың ар жақ бер жағы жетіп жатыр. Ал мектеп және өзге оқу орындары үшін жазба құралдарының дайындығына кететін уақытты есепке алуға тура келеді. Дегенмен, бұрынғыдай қорғасын сапырып, тарсыл-гүрсіл боп жатқан баспаханалар жоқ, компьютердің кілтімен кирилшеден латыншаға қас қағымда аударып алуға болады ғой. Ағылшын тілін жаппай оқып жатқан балаларға қазақ латыншасына жаттығу қиындық туғызбайды. Ендеше жылдан жылға созып, бес-он жылдап созбидаға салудың еш реті жоқ. Егер оқулықтар мен оқу-құралдарының латыншаға көшірілуі қол байлау болмаса, қазақ латыншасының көз жаттамы мен қол дағдысын қатар игеріп алу, арысы екі-үш жылдың шамасы, берісін тым жақындатпай-ақ қояын, уақыт көрсетер.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ  жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж

Бөлісу: