VII съезд Жаңа Қазақстанның бейбіт ел екендігін көрсетеді – дінтанушы

19 Тамыз 2022, 12:15 3065

Съезге әлемнің 60 елінің өкілдерінен құралған 130 делегация келеді деп күтілуде

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі 2022 жылдың қыркүйек айында өтпек. Осы уақыт аралығында қазақ елі халықаралық деңгейде дінаралық және конфессияаралық диалог орнатуға ерекше мән беріп, көптеген бағытта маңызды жұмыстар атқарып келеді. Бұған қатысты дінтанушылар не айтады? Бұл жөнінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Құрманалиевадан сұрап білген едік.

– Айнұр Дүрбелеңқызы биыл жетінші мәрте ұйымдастырылатын съездің басты қағидаттарын айтып өтсеңіз?

– Съезд елімізде 2003 жылдан бері әр 3 жыл сайын өткізіліп келеді. Съездің бастамасына не түрткі болғанына кішкене ой жүгіртсек. 2001 жылғы 11 қыркүйектегі Америкадағы қос мұнараға жасалған террористік шабуылдан соң, бүкіл әлем бөлшектеніп, қоғамдағы радикалдану деңгейі көтерілді. Бұл әлемнің жаңа қауіппен бетпе-бет кездескен кезеңі болған еді. Осы сәтте көптеген басшылар мәселені шешудің жолын қарастыра отырып, діни көшбасшылардың қатысуымен осындай ауқымды шараны өткізу идеясы пайда болды. Және біздің еліміз осы істің инициаторы ретінде алға шығып, бұрын-соңды тарихта болмаған үлкен келелі идеяның жүзеге асырушысына айналды. Әр съездің өз миссиясы алдын ала талқыланып, резолюциялары шығарылып, келесі үш жылға дінаралық келісім мен диалогтың жоспарлары белгіленіп отырды. Қазақ даласының төрінде талқыланған және діни көсемдердің бірлесе отырып шешілген міндеттері мен мақсаттары ары қарай ел-елге таралып, әр келген діни көшбасшылардың мемлекеттерінде жалғасын тауып отырды. Биылғы съездің берері де өз алдына ерекше деп айта аламыз. «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» тақырыбының таңдалуы да ерекшелігін көрсетіп тұр. Біз қазір расымен де пандемияға дейінгі және пандемиядан кейінгі кезеңнің күн тәртібіне қойған мәселелерді саралай алатындай болдық. Пандемияның өмірге қаншалықты әсері барына көз жеткіздік. Бүкіл әлем бір мәселемен өмір сүріп, соны еңсерудің жолын іздеді. Адамзат толығымен індеттен құтылудың жолында бірікті. Рухани көсемдер бұл бірігу жолында өз қызметтерін көрсете алды, қарапайым халыққа медеу бола алды. Дәл осы тәжірибелер, болашақтағы қолға алынатын ауқымды жұмыстар биылғы съезд барысында талқыланады деп күтілуде. Съезд жұмысы төрт бағытта өтеді, яғни «Заманауи қоғамның рухани және адамгершілік құндылықтарын нығайтудағы діндердің рөлі», «Діндер мен мәдениеттердің өзара сыйластықпен өмір сүрудегі және әділеттілік пен бейбітшілікті нығайтудағы білім мен діни ағартудың рөлі», «Діни лидерлер мен мемлекет қайраткерлерінің жаһандық конфессияаралық диалог пен бейбітшілікті қалыптастыруға, әсіресе діни негіздегі экстремизм, радикализм және терроризмге қарсы іс қимылға қосқан үлесі және «Әйелдің қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қоғамдастықтардың рөлі» бағытындағы секциялар жұмысы жоспарланған. Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, талқыланатын тақырыптар ауқымды және бүгінгі қоғам сұраныстарынан туындаған және берері де көп болатынына сенімдіміз.

– Қазіргідей геосаясат пен саяси оқиғалар күн сайын құбылып тұрған уақытта мұндай диалог алаңының берері бар ма?

– Съезге әлемнің 60 елінің өкілдерінен құралған 130 делегация келеді деп күтілуде. Әр елдің қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты өз ұстанатын позициясы бар. Соңғы саяси жағдайларға байланысты қазіргі кезде әлем санциялармен өмір сүріп жатыр. Санкцияның әсерін барлық елдер сезіп те жатқан жоқ емес. Бүкіл әлем біртұтас ағза болып өмір сүріп келген болса, ендігі жерде табиғи айналым бұзылып, саясатта, экономикада дағдарыстар туындауда. Моральдық және материалдық тұрғыдан қиыншылықтар күннен күнге көбеймесе, азаймауда. Көршілес жатқан бауырлас елдердің арасындағы соғыс әрекеттері, қаншама адам өмірін алып кетіп, бұрын-соңды бұлай болуы болжанбаған оқиғаларға куә болып, қабырғамыз қайысып отыр. Осы саяси оқиғалар аясында бір дөңгелек стол басында бейбіт өмірдің құндылығын дәріптеп, адамзаттың ортақ мәселелерін алға қойып, бітімгершілік саясатты ұстануға шақыру бағытында да мәселелер қойылатыны анық деп ойлаймыз. Сол себепті де бұл съездің алдына қойған мақсаты мен мүддесі ауыр және жауапкершілігі мол әрі осы күннің салмақты мәселелерін шешуге үлкен талпыныс жасалып, нақты шешімдер ұсынылатын ескеретін болсақ, мұндай диалог алаңының берері мол және ары қарай да бірнеше жылдарға жалғасын табуы тиіс деген ойдамыз.

– Сондай-ақ рухани және моральдық тәрбиені насихаттауда таптырмас құрал деп қарауға да болады ғой...

– Әрине, бұл съезді рухани және моральдық тәрбиені насихаттауда таптырмас құрал деп қарауға болады. Себебі съезде қазіргі алмағайып замандағы рухани және адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы діндердің берері, әлемдегі бейбітшілік пен әділеттікті орнатудағы және діндер мен мәдениеттердің өзара сыйластықпен қалай өмір сүре алатындығы, бірлікте өмір сүрудің жолдары, осы жолға қол жеткізудегі білім мен діни сауаттылықтың рөлі туралы жан-жақты талқылап, талданатын болады. Әр елден келген діни көшбасшылар адамзатқа ортақ құндылықтарды ортаға сала отырып, өздерінің мысалында әлем назарына бейбітшілік пен татуластықтың үлгісін көрсетеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары, беделді діни қайраткерлер жаһандық конфессияаралық диалог пен бейбітшілікті қалыптастырудың, әсіресе діни негіздегі экстремизм, радикализм және терроризмге қарсы іс-қимылда бірлесе жұмыс жасаудың адамзатқа қаншалықты қажет екендігін және бүгінгі әлемнің бейбіт өмірге қаншалықты зәру екендігіне бүкіл әлемнің назарын тартады. Осыны көріп, бақылап отырған кез келген азамат өзіне сабақ алып, рухани тәрбие алатынына сенімдіміз. Әсіресе, жастар, артында сан мыңдаған, миллиондаған сенушілері бар жамағаттың тілегін білдіріп отырған рухани көсемдердің игі ісінен тәлім алады деген ойдамыз. Өз діни ілімдері тұрғысынан әр түрлі көзқарастарда болғанмен, адамзатқа ортақ құндылықтар: бейбітшілік, адамгершілік, татуластық, бейбіт, қатар өмір сүру, адамзаттың амандығы мәселесінде біріге алатын әлеуеті барлығын көрсете білу кім-кімге де болса ой салары анық.

– Жаңа Қазақстан құруға қадам жасап жатқан еліміз үшін осындай халықаралық кездесулердің пайдасы қандай?

– Бұл жөнінде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма төрағасы Б.Сәрсенбаев мырза төмендегідей өте жақсы айтып өтті: «Әлеуметтік желілердегі жеке тұлғалардың «бұл конгрестер не үшін қажет, қаражат пен ресурстарды басқа арнаға бағыттаған дұрыс» деген сөздерін атап өткім келеді. Бұл адамдар мұндай оқиғалардың маңыздылығын түсінбейді немесе бұл әдейі жасалады. Имиджге әрқашан инвестиция салу керек. Бұл ұзақ мерзімді перспектива. Өйткені, оң имидж экономиканың дамуымен тығыз байланысты, ал егер ел халықаралық аренада тартымды болса, тиісінше, басқа мемлекеттер мен шетелдік компаниялардың көпшілігі өз қаражатын оның дамуына салғысы келеді», деген еді.

Демек, бұл шараның, яғни съездің экономикалық үлес салмағы өте зор. Біздің еліміз әлемге сенімді алаң ретінде, яғни салынған қаражатқа қауіп төнбейтін орта, ары қарай алға дамудың кепілі бола алатындығын көрсете білсе, мемлекеттің ұтары да осында болмақ. Біз тәуелсіздік тізгінін қолға ұстағалы бері, толеранттылық мен ұлыстар татулығын дәріптеп келеміз. Елімізде әр түрлі діндер мен мәдениеттер өкілдері бірнеше ғасырдан бері татулықта өмір сүріп келеді. Тарихымыздың сындарлы уақытында өзге елден ауып келген халықтарға пана бола білдік. Ол ұстанымнан қазір де танған жоқпыз. Қай этностың өкілі болса да, туған жерінің азаматы ретінде еркін жүріп, елдің дамуына өз үлестерін қосуда. Ал бұл қол жеткен құндылығымызды кей кездері сырттан келген күштер, елімізде танылмаған діни ағымдар шайқалтқысы келеді. Сол себепті мұндай іріткілерге, қайшылықтарға жол бермей, басты байлығымыз бейбіт, қатар өмір сүру бағытымызды жоғалтпау әрқайсымызға қойылған міндет болу тиіс және биылғы өткізілейін деп отырған съезд жұмысының еліміздің дамуы, ары қарайға бет алысының дұрыс бағытынан таймауының кепілі деп түсінуіміз қажет.

Съезд күндері барлық әлемнің жаңалықтары Қазақстан туралы, қазақ даласының төріндегі бейбітшілік пен ынтамақтастық мүддесі үшін жиналған әр түрлі дін өкілдерінің сөздерін, қолға алынған шараларын, жаһандық біртұтастықтың игілігі үшін бас қосқан діндердің бірауыздылығына күә болады. Осындай шараға алғаш ұсыныс білдіріп және оны жүзеге асырушы ретінде алған бетінен танбай 20 жылға жуық уақыттан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Қазақ еліне деген ыстық ықыласты көреміз деген үміттеміз. Бұл шара Жаңа Қазақстанның тарихында ерекше орын алатынына сенімдіміз!

– Толымды сұқбатыңызға көп рақмет!

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: