31 Наурыз 2014, 09:10
Үмбетей жырау өзінің шығармашылық жаратылысына тән реалистік шынайылықтан Бөгембай батырдың ерлік істерін жырлау барысында да ауытқымайды. Романтикалық әсірелеу, экспрессия сияқты тәсілдерден бой тарта отырып, батырдың ерлік жорықтарын тарихи шындық аясында бейнелейді. Мәселен, жыраудың:
«Баян Аула, Қызылтау, Абралы, Шыңғыстау, Қозы Маңрақ, Қой Маңрақ Арасы толған көп қалмақ;
Қалмақты қуып қашырдың, Қара Ертістен өткізіп, Алтай тауға асырдың!
...Қабанбай мен Бөгембай Арғын менен Найманға Қоныс қылып қалдырдың!» –
деген жолдарында айтылған жағдайлардың ешбірі де тарихи шындықтан алшақ жатқан жоқ. Жоңғар қолының жоғарыда аталған жерлерді басып алғаны да, жауға қарсы қазақ қолын бастаған Қабанбай мен Бөгембай батырлардың дұшпанды қазақ топырағынан бездіре қуып шыққаны да, азат етілген қонысты, негізінен, арғын, найман рулары жайлайтыны да ақиқат.
Жырау шығармашылығына тән реализм – «Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту» толғауына да етене сипат. Бұл толғауда Бөгембайдың батырлық, азаматтық қасиеттері тікелей бейнеленбей, жанама мінездеу арқылы берілген. Толғаудың басым бөлігінда Абылай ханның іс-әрекеттері жырлана келіп, сол әрекеттердің ел үшін игілікті болуында Бөгембай батырдың абзал қасиеттері қаншалықты ықпал еткені ашылады. Нәтижесінде хан мен батырдың кейінгі ұрпаққа өнеге болар асыл бейнелері жасалады.
«Ей, Абылай, Абылай, Абылай ханым, бұл қалай?» – деп ханға қарата айтылған риторикалық сауалдан басталатын естірту біртіндеп Абылайдың бастан өткерген қиын-қыстау шақтары мен барша қазақ баласына қадірі асқан уақытына дейінгі аралықтағы маңызды оқиғаларды жаңғырта еске салуға ұласады. Әр оқиғаның түйінінде жыраудың: «Ұмыттың ба соны, Абылай!» – деп қайырып тастап отыруы толғаудың экспрессивті әсерін арттырады. Себебі қайталанып отыратын осы сөйлем толғау түйінінде аса маңызды жәйт айтыларына тыңдаушыны алдын-ала іштей дайындайды.
Абылайдың бала кезінен бастап, «Абылайлап!» жауға шауып, қазақ баласының басын қосқан ханға айналған сәтіне дейін толғап келген жырау келесі кезекте қиын-қыстау кезеңдердің бәрінде Абылайдың жанынан табылып, айбынын асырған батырлар мен билерге ойысады. Олардың қатарынан Керей Жәнібек, Қаз дауысты Қазыбек, Қу дауысты Құттыбай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембайларды бөле-жара атайды. Ел билеген хан мен ел сүйсінген ерлердің тілек-ниеті ұштасқан уақытта елдің мерейі асып, жердің берекесі таситынын бейнелей жеткізеді.
«Батыры ханға сай болды, Елің жайпақ бай болды, Қыс қыстауы тау болды, Жаз жайлауы көл болды, Салқын сары бел болды, Елге лайық ер болды, Сарыарқа деп таңданып, Өзге жұрт аңсар жай болды,
Ұмыттың ба соны, Абылай!» –
деп, күні кеше дүйім жұртқа алыстағы армандай көрінген тірліктің ақиқатқа айналғанын алға тарта келе, жерге құт, елге тыныштық әкелген ерлерге тағы да қайырыла соғып өтеді де:
«...Дүние кезек, Абылай! Қаласың әлі-ақ сен былай, Артыңдағы балаңа
Табылар батыр тағы да-ай! Сондай ерлер көп тусын Деп тілей бер, а, құдай!..» – деп, өз тыңдаушысын психологиялық жағынан дайындап алып, суық хабарын жеткізеді.
Үмбетей жыраудың шеберлігі сонда – ол суық хабар жеткізе отырып та, тыңдаушысын жұбатарлық сөз табады. Жұбатарлық сөз – Бөгембай батырдың абзал қасиеттері, асыл болмысы. Жыраудың ой түйіндейтін шумақтары осы мәселелерге арнала келіп, кейінгіге жақсылық тілеумен аяқталады.
Үмбетей жыраудың Бөгембай батырға арналған толғаулары да реалистік суреткерлігімен ерекшеленеді. Ол өз қаһарманын: «Темір жұмсап, оқ атқан Қорғасындай Бөгембай!» – деп асқақтата суреттегеннің өзінде шындықтан алшақ кетпейді. Өйткені Үмбетей жырау Тілеуұлы – қандай жағдайда да ақиқаттан бұра тартпауды мақсат еткен шығармашылық тұлға. Бұл ойдың дұрыстығына жырау шығармаларының қай-қайсы да анық дәлел болады.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
Әдебиеттер:
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»