VII.Қазтуған жырау

31 Наурыз 2014, 04:01

Шумақтардың түзіліміне назар аударсақ, алғашқы тармақтарда нақты бір нәрсенің бейнесі (берілген үзіндіде олар – көк сеңгір, құрыш болат) нақты әрекетімен сабақтаса суреттеледі, соңғы тармақтарда сол әрекеттердің себебі көрсетіледі.

Шумақтардың түзіліміне назар аударсақ, алғашқы тармақтарда нақты бір нәрсенің бейнесі (берілген үзіндіде олар – көк сеңгір, құрыш болат) нақты әрекетімен сабақтаса суреттеледі, соңғы тармақтарда сол әрекеттердің себебі көрсетіледі. Мәселен, көк сеңгірдің мақсаты – ердің қарауыл қарауына қызмет қылу болса, құрыш болаттың мақсаты – жауға жұмсалу. Бұдан кейінгі шумақтар да осы үлгіде келеді де, ең соңғы шумақта жырау алдыңғы айтқан жағдайларының түйінін өз толғауын тыңдаушы – адамға тікелей бағыттай ұсынады:

...Азамат ердің баласы Жабыққанын білдірмес, Жамандар мазақ қылар деп!

Көкірегінде намыс оты маздаған, сөз қадірін білетін қаһарманболмысты қазақ баласы үшін жеткілікті түйін. «Жаным– арымның садағасы» деп бағалайтын азамат үшін өзгенің мазағына айналып, табасына қалудан артық қорлық болмас емес. Сондықтанда жауынгер қазақ жырауы ел жігерін жанып, ер көңілін серпілту үшін атойлатпай-ақ, ұрандатпай-ақ, ұтымды тәсіл табады. Ол тәсіл – азамат ердің өзін ойландырып, ой түйінін, алдағы жасар нақты әрекетін өзі таңдауға мүмкіндік беру.

Қазтуған жыраудың осы толғауында сол заманның шындығы, сол заман адамының қадір тұтқаны мен қасиеттіге балағаны анық аңғарылады. Бұл тұста қысқа қайыра ой түйсек, жыраудың қастерлей ұсынар ардақты ұғымдары – туған жер (көк сеңгір бейнесі), туған жерге қорған болар ер ұлдардың қаруы мен серігі (құрыш болат, арғымақ). Сонымен бірге, толғаудан жыраудың өз өміріне тікелей қатысты сурет те көрініс табады. Ол – ақ дария бейнесі. Толғауда ұлан-ғайыр кең дала, я болмаса, асқар тау суреті емес, дария бейнесінің көрінуі – балалық, бозбалалық дәурені өзен бойын жайлаған ел ішінде өткен Қазтуған жырау үшін дариялы дала бейнесінің аса қымбат болғанын аңғартады. Жалпы, Қазтуған жырларында өзен, көлге қатысты суреттердің ұдайы кездесіп отыруының бір себебі осында жатса керек.

Қазтуған жыраудың дара жаратылысын, өмір жолының көркем бейнесін танытатын толғау – «Мадақ жыры».

Жалпы мазмұнына қарай отырып, бұл толғауды Қазтуғанның айбар-даңқы қазақ даласына танымал болған тұсқа телуге келеді. Өйткені жырау өзінің кім екендігін көрсету үшін алға тартатын суреттеулер де, баяндаулар мен сипаттаулар да айтылған әрекеттердің қай-қайсы да сол сәтке дейін бастан өткен жағдайлар екенін айғақтайды.

Қазтуған жыраудың монологы іспеттес «Мадақ жыры» толғауын ішкі мазмұн желісінің өзгерістеріне орай төрт бөлікке жіктей қарастыруға болады және бұл бөліктердің әрқайсысы жырау өмірін түзетін нақты кезеңдердің көркем бейнесі болып табылатынын айту абзал. Мәселен:

Бұдырайған екі шекелі, Мұздай үлкен көбелі,

Қара ұнымы сұлтандайын жүрісті, Адырнасы шайы жібек оққа кірісті... –

деп келетін алғашқы бөлікте жыраудың жорықтарға толы өмір кезеңдерінің суреті берілсе:

Айдаса қойдың көсемі, Сөйлесе қызыл тілдің шешені,

Ұстаса қашағанның ұзын құрығы, Қалайылаған қасты орданың сынығы... –

деген екінші бөлікте жорық-жортуылдардан тыншу тауып, бейбіт күндерді бастан өткерген уақыттарда ел ішінде жыраудың атқарған қызметтерінің және сол істерінің салмақ-маңызын аңғартатын бейнелер жасалған. Бұлай ой түюге себеп болып тұрған жәйт – көрсетілген тармақтарда тұрмыс-тіршілікке қатысты сөздердің («қой», «қашаған» сияқты түлік атауларының) қолданылуы ғана емес, сол сөздерді пайдалана отырып, жырау жасаған біртұтас образ, яғни жорықтан тыс тіршілік бейнесі.

Бөлісу: