VII. Жиырмасыншы Мундиаль!

15 Мамыр 2014, 12:45

Испания құрамасы дәл қазіргі кездегі әлемнің ең үздік құрамаларының бірі.

Испания құрамасы дәл қазіргі кездегі әлемнің ең үздік құрамаларының бірі. Қатарынан үш ірі турнирде жеңіске жету Испаниядан басқаның қолынан келген емес. 2008 және 2012 жылдардағы Еуропа чемпионаты мен 2010 жылғы әлем біріншілігінің алтынын ешкімге бермеген пиренейліктер өздерінің жұлдызды шақтарын бастан кешіруде.

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

ИСПАНИЯ ЧЕМПИОНДЫҒЫН ҚОРҒАЙ АЛА МА?

Испания құрамасы

Бас бапкер: Висенте дель Боске

Команда капитаны: Икер Касияльс

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Икер Касияльс (152)

Ең көп гол соққан ойыншы: Давид Вилья (56)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 1

Испания футболының бәсі қашаннан жоғары. Әсіресе, Испания футболы жайлы сөз қозғалғанда, клубтары ерекше аталады. «Реал» мен «Барселонаның» атақ-даңқы алысқа кеткені мәлім. Чемпиондар лигасында тоғыз рет жеңіске жеткен мадридтік «Реал» XX ғасырдың үздік клубы атануы осының бір дәлелі болса керек.

Клубтары қарымды, футболшылары дарынды болғанымен, ұлттық құрамасы 2010 жылға дейінгі өткен әлем біріншіліктерінде ширек финалдан әрі асып көрген емес. Бұлай дейтініміз, Испанияның өткен ғасырдағы ең ірі табысы 1964 жылғы Еуропа чемпионатында топ жаруы еді. Екінші рет ұйымдастырылған құрлық додасының ақтық сынында Хосе Вильялонган жасақтаған команда КСРО-ны тізе бүктірді. Арада 20 жыл өткенде «Фурия Роха», яғни «Қызыл фурия» (жанкүйерлердің қойған лақап аты) Францияда өткен Еуропа біріншілігінің финалына екінші рет шықты. Бірақ, бұл жолы алтын жүлде бұйырмады. Мишель Платини бастаған алаң иелері жеңіске жеткен болатын.

   «Тики-таканың» дәурені жүріп тұр

2008 жылғы Еуропа біріншілігінде бас бапкер Луис Арагонес қысқа пастарға негізделген тактика құрды. Бұл тактика допқа қалауынша иелік етуге негізделген – қапталдағы қорғаушылар шабуылға жиі дем беріп отырса, жартылай қорғаушылар алаң ортасында үстемдік құрады. Арагонес бапкердің жеңісті дәстүрін Висенте дель Боске 2010 және 2012 жылдары лайықты жалғастырды.

Құрамадағы ойыншылар:

Бас бапкер Висенте дель Боскенің қарамағында әрбір шепте кемі 2-3 мықты ойыншыдан бар.  «Қызыл Фурияның» орталық алаңда үстемдік құру арқылы қарсыласқа доп бермейтін жартылай қорғаушыларын ерекше атауға болады: Франсеск Фабрегас, Серхио Бускетс, Андрес Иньеста (бәрі – «Барселона»), Хаби Алонсо  («Реал»), Санти Касорла («Арсенал»), Давид Сильва, Хесус Навас (екеуі де «Манчестер Сити»), Хуан Мата («Манчестер Юнайтед»), Хави Мартинес («Бавария»). Бұл ойыншылардың кез келгені өз клубтарының көшбасшылары.

Жалпы кейінгі 5-6 жылда Испанияның құрамы тұрақты-ақ. Қақпашылар – Икер Касильяс («Реал»),  және Хосе Мануэль Рейна,  («Наполи»), Давид Де Хеа («Манчестер Юнайтед»);  қорғаушылар – Херард Пике, Хорди Альба  (екеуі де «Барселона») , Серхио Рамос, Дани Карвахаль (екеуі де «Реал»), («Барселона») Сесар Аспиликуэта («Челси»), Рауль Альбиоль («Наполи»), Альберто Морено («Севилья»), Хуанфран («Атлетико»), Хави Мартинес («Бавария»); жартылай қорғаушылар – Хави, Серджи Бускетс, Андрес Иньеста, Сеск Фабрегас (барлығы «Барселона»), Хаби Алонсо («Реал»), Коке («Атлетико»), Санти Касорла («Арсенал»), Андер Итурраспе («Атлетик»), Тиаго Алькантара («Бавария»), Хуан Мата («МЮ»), Давид Сильва («Манчестер Сити»); шабуылшылар – Педро («Барселона»), Хесус Навас («Манчестер Сити»), Диего Коста («Атлетико»), Давид Вилья («Атлетико»), Фернандо Торрес («Челси»), Альваро Негредо («Манчестер Сити»), Фернандо Льоренте («Ювентус»).

Біздегі болжам:

Үш ірі турнирде жеңіске жетіп әбден бас жүлдеге үйреніп қалған футболшылар бұл жолы да қолдарынан келгенін аянып қалмас. Оның үстіне, осы әлем біріншілігінен кейін ұлттық құрамамен бірнеше ойыншы қош айтысуы мүмкін. Олардың қатарында Икер Касильяс, Давид Вилья, Хави Алонсо, Хави Эрнандес бар.

Испанияның тобында Нидерланды, Австралия, Чили құрамалары бар. Негізінен топтағы бірінші орынға Луи ван Гал жаттықтыратын голландиялықтар мен осы Испания таласатын болады. Бұл топта екінші орын алудың өзі қауіпті. Өйткені, жеребе бойынша «В» тобының жеңімпазы «А» тобында бірінші орын алған құрамамен жолығады. Ол жақта алаң иелері Бразилия бар. Егер испандықтар Бразилиямен ерте жолықпаса, жартылай финалға қиналмауы шығуы тиіс. Бірақ, төртінші рет чемпион атанады деп айту қиын.

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

13 маусым. Салвадор. Испания  – Нидерланды

18 маусым. Рио-де-Жанейро. Испания  – Чили

23 маусым. Куритиба. Аустралия – Испания.

Бек Төлеуов

Бөлісу: