VII. ХVІІ ғасырдағы жыраулар

31 Наурыз 2014, 06:13

ХVІІ ғасырда Жиембет жыраумен тұстас өмір сүріп, Есім ханмен етене араласқандығы шығармашылығынан анық танылатын жырау – Марғасқа.

ХVІІ ғасырда Жиембет жыраумен тұстас өмір сүріп, Есім ханмен етене араласқандығы шығармашылығынан анық танылатын жырау – Марғасқа.

Марғасқа жырауға қатысты ешқандай нақты дерек-мағлұмат жоқ деуге болады. Оның Есім хан билігі тұсында өмір сүргендігі жыраудың өз толғауы арқылы белгілі. Мазмұнына Есім ханның ел билеушілік, қолбасылық қасиеттері, ерлік қимылдары арқау болған жеті мың жолдық «Еңсегей бойлы Ер Есім» аталатын тарихи-қаһармандық жырдың авторы болуы ықтимал деп болжанатын Марғасқа жыраудан бүгінге дейін сақталып жеткен жалғыз ғана шағын шығарма бар. Әдебиетші ғалымдар Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, К.Сыдықовтар Қазақстан Ғылым академиясы Әдебиет институтының қолжазба қорынан алып, 1967 жылы «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясында» жариялаған бұл толғаудың мәтіні төмендегідей:

Ей, Қатағанның хан Тұрсын!

Кім арамды ант ұрсын,

Жазықсыз елді еңіретіп,

Жер тәңірсіп жатырсың.

Хан емессің, қасқырсың,

Қара албасты басқырсың,

Алтын тақта жатсаң да,

Ажалы жеткен пақырсың!

Еңсегей бойлы Ер Есім

Есігіңде келіп тұр: 

Алғалы тұр жаныңды,

Шашқалы тұр қаныңды!

Марғасқа толғауының жалпы мазмұнына қарасақ, шығарманың 1627 жылы шыққаны анық танылады. Себебі – бірнеше жылдар бойы оқтын-оқтын шапқыншылық жасап, елдің берекесіналған ойраттарға қарсы қалың ел Есім ханның бастауымен дәл осы жылы шешуші жорыққа аттанған кезде Қазақ хандығына қарасты Ташкент жұртының әміршісі, қатаған руынан шыққан Тұрсын хан ел ішінде ойран жасап, сол кезеңдегі қазақ астанасы – Түркістанды опасыздықпен басып алған болатын және Есім ханның отбасын тұтқындап, Ташкентке жөнелткен еді. Ал ойраттарға күйрете соққы беріп, қайтып оралған Есім хан келесі кезекте Тұрсын хан бастаған бүлікшілерді Сайрам түбінде талқандап, Ташкентті қайта бағындырып, антбұзар Тұрсын ханның басын шапқан болатын.

Марғасқаның опасыз Тұрсын ханға арналған сөзі дәл осы оқиға үстінде, дәлірегі, Тұрсынның Ташкенттегі сарайын Есім хан сарбаздары басып алған сәтте айтылса керек. Осы тұста, жоғарыда сөз болған, ойраттарды талқандай жеңу мен Ташкентке шабуыл аралығында үзіліс болмағанын ескерсек, Марғасқа жыраудың аталған екі оқиғаның да белортасында жүргенін түсінеміз. Ал Тұрсын ханның сарайына алдыңғы лекпен кіріп, оған бетпе-бет тіл қатуына қарағанда, оның әрдайым сарбаздардың алдыңғы қатарында жүргенін де пайымдаймыз. Марғасқа жыраудың алғы лекте болғанын оның:

«Еңсегей бойлы Ер Есім

Есігіңде келіп тұр:

Алғалы тұр жаныңды,

Шашқалы тұр қаныңды!» – деген сөздері айғақтайды.

Жоғарыдағы жәйттерден Марғасқа жыраудың Есім хан тұсындағы дүбірлі оқиғалардың қақ ортасында жүріп, жорықтар мен ұрыс-шайқастар кезінде қазақ сарбаздарын өткір жыр-толғауларымен жігерлендірген өр мінезді, өткір тілді жырау болғанын анық сезіледі. Сондай-ақ, Марғасқа жырау толғауына тән батылдық, кесіп айту іспетті сипаттардың кейінгі ақын-жырауларда ауқымдала көрінетінін ескерсек, оның шығармашылық дәстүрі кейінгі жыраулар буыны үшін үлгі болғанын байқаймыз.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Жиембет пен Есім хан қарым-қатынасының шиеленісу себептері неде?
  2. Жолымбет әрекетіне Жиембет пен Есім ханның екі түрлі көзқараста болуының сыры неде?
  3. Жыраудың Жолымбет оқиғасына байланысты толғауларын талдап, Жиембет мінезін сипатта.
  4. Жыраудың кейінгі толғауларындағы элегиялық сарынның себебі мен ерекшеліктерін баянда.
  5. Жиембет шығармалары бойынша Есім хан әрекеттерін бағала.
  6. Марғасқа толғауынан танылатын Уақыт бейнесі мен жыраудың өз мінезіне сипаттама жаса.

 Әдебиеттер:

  1. Алдаспан. – Алматы, 1971.
  2. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы, 1993.
  3. Мәдібай Қ. Хандық дәуір әдебиеті. – Алматы, 1992.
  4. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы,2006.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

 

Бөлісу: