VI.Шалкиіз жырау

31 Наурыз 2014, 05:15

Шалкиіз жыраудың нақты оқиғаны арқау ете жырлап, жыр желісінде кейіпкерлерді бірінен бірін даралай бейнелейтін бірегей туындысы – «Ер Шобан».

Шалкиіз жыраудың нақты оқиғаны арқау ете жырлап, жыр желісінде кейіпкерлерді бірінен бірін даралай бейнелейтін бірегей туындысы – «Ер Шобан».

Жырдың жалпы мазмұнына қарасақ, жыр оқиғасы «Орманбетби өлген күн, Он сан ноғай бүлген күннен» кейінгі жылдарда, яғни біртұтас ноғайлы елі ыдыраған тұста болғанға ұқсайды. Себебі ноғайлы жұртынан шыққан Ер Шобанның қабарды жұртынан жылқы қуалап кету әрекетінің өзі ел арасында алауыздық, дүрдараздық барын аңғартады. Ал қуғыншы Биғазының Ер Шобан тізбелей атаған батырларды танып, ат тізгінін іркуі де осы жырда аталатын адамдардың бірін-бірі етене білгенін сездіреді. Бұл, әрине, жырдың туу уақытына қатысты айтылып жатқан ой. Жырдағы жырау шеберлігі жайына келсек, осы туындысында Шалкиіздің халықтық фольклорда қалыптасқан дәстүрді жетік меңгергені анық көрінеді. Жырау жыр кейіпкерлерін бейнелеу барысында эпитет, теңеу, метафоралық қолданыстарды ұтырлы пайдалануменқатар, бейнелерді бірінен бірін асыра, олардың қасиеттерін бірінен бірін арттыра, үстемелей суреттеуге де, батырларды бірінен бірін даралай бейнелеуге де шебер екендігін танытады. Мәселен, жырау батырлардың бірін:

«Арғымақ атың аласы, Қас игінің баласы,

 Алдаспан ауыр қылыш суырған, Ажалға қарсы жүгірген Бұ жиынның ішінде

Исалының ұлы Жылым бар» –

деп суреттесе, келесі батырды:

«Ойнай тұра күлдірген, Жауды көрсе бүлдірген, Атқан оғын оздырған, Дұспанның тобын тоздырған

Бір ойында алпыс алабалта сындырған Айсаның ару ұлы Қолай бар» – деп асқақтата бейнелейді.

Бұл тұста эпитет, теңеулерді термелемей-ақ, жыраудың батырлардыдаралау шеберлігіне ғана көңіл қойсақ та, Шалкиіздің суреткер жырау екендігін анық бағамдаймыз. Ол өзі бейнелеп отырған батырлардың әрқайсын даралай айшықтайтын сипаттарды тап баса көрсетеді. Жырау бейнелеген Жылым батыр – текті әулеттен шыққан («Қас игінің баласы»), сыртқы тұрпат-кейпі де өзгелерден ерекшелене көрінетін («Арғымақ аттың аласы»), бес қарудың ішінде қылыштасу өнерін жетік меңгерген («Алдаспан ауыр қылыш суырған»), өлімнен сескенбейтін ақкөз батыр («Ажалға қарсы жүгірген»). Қолай батыр да – Жылым батыр сияқты дұшпаннан беті қайтпас жаужүрек ер («Жауды көрсе бүлдірген») бола тұра, болмысы бөлек батыр. Ол – батылдығына ақкөңіл мінезі жарасқан («Ойнай тұра күлдірген»), әрі садақшы, әрі балтамен шайқасу өнеріне жетік («Атқан оғын оздырған», «Бір ойында алпыс алабалта сындырған») алапат күштің иесі. Міне, осы іспетті ерекшеліктер жырда аттары аталатын батырлардың әрқайсынан айқын көрінеді. Шалкиіз жыраудың суреткерлік бояуының қанықтығы сонша, жырдағы Жұмай, Мәмбет, Сұлтан, Қоян, Баубек, Жақсымбет, Жақан батырлардың бәрі де қайталанбас қасиеттерімен көрінеді. Шалкиіз жырына тән осы іспетті реалистік суреттеулер қазақ жырауларының көп орайда өмірлік шындыққа бейіл танытқанын көрсетеді.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу: