VI.ХVIІІ ғасырдағы тарихи-әлеуметтік жағдай

31 Наурыз 2014, 06:29

Ресей билеушілерінің «мәмілегер қызметтерінің» бірі – 1742 жылдың 20 тамызында Ор қаласында жоңғар, қарақалпақ,қазақтардың өкілдерін жинап, қазақ пен жоңғар арасын бітістіруге арналған келіссөз жүргізуі еді.

Ресей билеушілерінің «мәмілегер қызметтерінің» бірі – 1742 жылдың 20 тамызында Ор қаласында жоңғар, қарақалпақ,қазақтардың өкілдерін жинап, қазақ пен жоңғар арасын бітістіруге арналған келіссөз жүргізуі еді. Бірақ ұйымдастырушытарап аса мүдделілік таныта қоймаған бұл келіссөзден ештеңе өнбеді. «Мәмілегер» сөзіне жүгінуді қажет деп санамаған жоңғарлар қазақтардың қоныстары мен орыстардың бекініс-қамалдарына жақын өңірлерде 20 мыңнан астам сарбаздан тұратын әскер ұстап, қазақ жеріне оқтын-оқтын шабуылдап тұруын тоқтатпады. Тіпті, Ресей қарауындағы Еділ қалмақтары мен башқұрттардың да шабуыл-шапқыны тиылмады.

Өз тағдырының болашағына өзінен басқа ешкімнің де жаны қиналмасын анық аңғарған қазақ халқы ендігі жерде тек қана өз қайратына сену қажеттігін, ол үшін жұмыла күш біріктіру керектігін, сөйтіп, жоңғар әскеріне қайтып бас көтерместей соққы беру қажеттігін, сонда ғана ел мен жерге тыныштық боларын қапысыз түсінді. Ел тағдыры таразыға түскен осы бір сын сағатта тарих алаңына Абылай көтерілген еді.

XVІІІ ғасырдың алғашқы отыз жылынан кейінгі қазақ халқының жарты ғасырлық тарихында Абылай әрекеттері шешуші маңыз иеленгені анық. Абылай бейнесінің осы дәуірдегі жыраулар поэзиясында жиі көрінуі де сондықтан. Осы жағдайларға орай, ендігі тарихи оқиғалар жайын Абылайдың сұлтан және хан болған кезеңдеріндегі қимылдарымен, шешімдерімен сабақтастыра сөз ету абзал.

Әкесі Уәли сұлтан көз жұмғаннан кейінгі бала Абылайдың өміріне қатысты нақты дерек – оның өз ата тегін жасырып, «Сабалақ» деген есім иеленіп, тірлік кешкені. Ал анық-қанығы аңыз іспетті болып жеткен әңгімелердің бірінде ол үйсін Төле бидің түйесін баққан намысқой жеткіншек ретінде көрінсе, енді бір әңгімелерде қарауыл Дәулеткелді байдың жылқышысы ретінде айтылады. Бұл тұста анық болжауға болатын жәйт – Уәли сұлтанның «Ақтабан шұбырынды» тұсында дүниеден озғаны және жас Абылайдың содан кейінгі жылдары ел ішінде бой жасырып, көп көзінен аулақта төрт түліктің бірін бағумен айналысқаны.

Бозбала Абылайдың аты шығып, елге танылуына жол ашқан шайқастың нақты қай шайқас екені туралы бірауызды пікір жоқ. Тарихшылардың бірі бұл шайқасты «Бұлантымен» байланыстырса, енді бірі «Аңырақайға» телиді, сондай-ақ, 1733 жылы қазақ пен қалмақ арасында болған соғыспен сабақтастыратын көзқарастар да бар. Қалай болғанда да, қонтайшы Қалден Сереннің жақын бауыры, жоңғарлардың атышулы батыры Шарышты жекпе-жекте өлтірген жас Абылайдың алғашқы даңқты ерлігі XVІІІ ғасырдың отызыншы жылының арғы-бергі тұсында жасалғаны және дәл осы шайқаста оның алғаш рет «Абылайлап» жауға шапқаны, дәл осы жағдайға байланысты бозбала Әбілмансұрдың өз атасы Абылай есімін иеленгені анық. Сондай-ақ, Әбілмәмбет ханның өз қолындағы хандық билікті жас Абылайға ұсынғаны және жаужүрек сұлтанның хан тағынан бастартқаны, сол себепті Әбілмәмбет хан көз жұмғанға дейін Абылайдың сұлтанатағымен жүргені, дегенмен, іс жүзінде ел билігін қолына алғаны шындық. Осы ерліктен кейінгі Абылайға қатысты айтылатын әңгімелердің бәрінің тарихи негізі бар. Тіпті, Абылай сұлтанның Қалден Серен тұтқынында болуы, тұтқыннан аман-сау оралу жағдайларының бәрі – тарихи ақиқат.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу: