31 Наурыз 2014, 04:42
Дәл осы әдіптес динамикаға толы бейнелер жырау шығармаларының барлық тұсынан ұдайы ұшырасады және олардың бәрі іс-әрекеттің, яки оқиғаның толғау айтылған нақты уақытқа қаншалықты қатыстылығын да айқындай тануға мүмкіндік береді. Мәселен, «Сере, сере, сере қар» толғауында:
«...Көмбідей ару жаларға
Күректей мұзды тоңдырып,
Кірмембес ауыр қолға бас болып,
Күңіреніп күн түбіне жортқанмын!
Дүниенің басы – сайран, түбі – ойран,
Озар сойды бұ дүние
Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағадан...» –
деп келетін іс-әрекеттер көрінісі бұрынғы болып өткен және дәл сол сәттегі жағдайды танытады. Үзіндідегі алғашқы төрт тармақ Ер Доспамбеттің қалың елдің қамы үшін қандай қимылдарға барғанын жинақтай бейнелесе, кейінгі үш тармақ ел еркіндігі жолында «күңіреніп күн түбіне жортқан» Ердің дәл сол сәттегі қамыққан көңіл күйінен, басына түскен ауыр ахуалдан хабар береді. Осы үш тармақтан жорықшы жырау жаратылысына тән батырлық мінездің тағы бір қыры анық байқалады. Ол – қаһарман жыраудың басынан бұ дүниенің әне-міне озарын сезіп, «Озар сойды бұ дүние...» деп қамықса да, күңірене күйзеліп, торыға түңілмеуі, құтқармас ажалдың өзін қасқая қарсы алуға даяр мінез танытуы. Бұл да Доспамбет жыраудың батырлық болмысын айғақтайтын қасиет екендігі анық.
Сондай-ақ, жырау өткен күндерін еске оралтқан сәтте де әлдебір өкініштерге бой алдырып, зарлана опынып, шерлене егілмейді, керісінше, жасап үлгерген іс-қимылдарының бәрін сүйіне, сүйсіне ойға оралтады. Оның өткен дәуреннің түйінін: «Күңіреніп күн түбіне жортқанмын!» – деп риза көңілмен еске алуының сыры сондықтан. Ел іргесін жаудан қорғаған күндерін осы сипатта есіне алатын жырау бейбіт күндерде бастан өткерген сейіл-серуендерін де өкінішсіз жыр етеді. Жорық-жортуылдардан қалыс, алаңсыз күндер суретін:
«Ағарып атқан таңдай деп,
Шолпанды шыққан күндей деп,
Май қаңбақта ағалардың аты жусап жатыр деп,
Ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп,
Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз
Арғымақтың талдай мойнын талдырып,
Үйде қалған арудың
Ал иіндігін аудырып» – деп толғаған жырау сөздерінен де әлденендей өкініш сызы аңдалмайды. Тіпті ол: «Жазыда көп-ақ жортқан едік-ау!» – деп, аңсау сезіміне де берілмейді, «Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз»– деп, жастық албырттық пен аңғырттық жетегінде өткерген тірлігіне ризашылық, қанағаттану сезімдерін білдіреді. Ақтық сәтін күтіп жатқанның өзінде, аһ ұра құсаланбауы Доспамбет жыраудың хас батырларға ғана тән қайсар жаратылысын айшықтай танытады.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»