VI.Қазтуған жырау

31 Наурыз 2014, 03:59

Толғаудың алғашқы бөлігінде тікелей өзімен ұштастыра ұсынылған сезім келесі бөлікте жаңа қонысқа бет түзеген елдің баршасына ортақ сезім күйіне ұласады.

Толғаудың алғашқы бөлігінде тікелей өзімен ұштастыра ұсынылған сезім келесі бөлікте жаңа қонысқа бет түзеген елдің баршасына ортақ сезім күйіне ұласады. Бұл тұста жырау да өршелене толғап, асқақтата әсірелеуге ден қояды. Соған орай, алғашқы бөлікке тән реалистік сипатты ендігі тұста романтикалық суреттеулер алмастырады. Ата жұртты қасиеттей асқақтатқан жыраудың қимастық сезімнен арна тартып жатқан сөз айшығы да әсірелей бейнелеуге бейімделеді. Әйтсе де, бейнелеу тәсіліндегі бұл өзгеріс толғаудың көркемдік шындығына нұқсан келтірмейді, керісінше, толғаудың жалпы халықтық рухын айқындай түседі. Себебі:

...Салп-салпыншақ анау үш өзен – Салуалы менің ордам қонған жер, Жабағылы жас тайлақ Жардай атан болған жер, Жатып қалған бір тоқты Жайылып, мың қой болған жер; Жарлысы мен байы тең, Жабысы мен тайы тең, Жары менен сайы тең, Ботташығы бұзаудай, Боз сазаны тоқтыдай

...Қайран менің Еділім!.. –

 деген мазмұнда келіп, қимастық сезімімен қойындасып жатқан сезім сол сәттегі дүйім елдің бәріне ортақ болғаны даусыз. Баршаға ортақ ой мен сезімді лайықты суреттеулермен жеткізе білгендіктен де, жырау сөзі көңілдерде жатталып, ұрпақтан ұрпаққа ұласты. Қазақ поэзиясында сезім мен суретті романтикалық үлгіде ұштастыра жырлаудың жарқын үлгілерінің бірі туды.

Ал толғаудың түйінді бөлігін құрайтын соңғы үш тармақтың айтар ойы, мән-маңызы, қадір-қасиеті туралы жоғарыда айтқан едік.

Қазтуған жырау мұралары қатарында дидактикалық толғанысы мен романтикалық өршіл рух кемел ұштаса көрінетін туындысы – «Белгілі биік көк сеңгір...» деп басталатын толғауы.

Бұл толғаудың жалпы көркемдік мазмұнына көз салсақ, шағын ғана жырдың шығуына себепкер екі түрлі жағдай болуы мүмкіндігін және олардың қай-қайсы да алдыңғы толғауда көрініс тапқан оқиғамен, яғни туған жерден ірге ажырату әрекетімен байланысты болуы ықтималдығын байқаймыз. Себепкер жағдайдың алғашқысы ретінде қоныс аударған жұрттың алаңға толы көңілін жайландырып, еңсесін көтеру мақсатында айтылуы мүмкіндігін айтуға болады. Ал екінші жағдай жабыққан жыраудың өз көңіліне дем беру болуы мүмкін. Қалай болғанда да, толғау ел өміріндегі нақты бір оқиғаға қатысты шыққаны хақ. Аталған толғауда дидактика мен романтикалық сипаттардың ұштаса көрінуі себебі де сондықтан.

Көркем шығармадағы дидактика өмірде бар құбылыстар мен түрлі жағдайларды алға тарта отырып, ұлағат айту, өнеге көрсетуге негізделсе, романтикалық элементтер туындыға асқақ рух дарытуға, күнделікті қарапайым шындықтардың өзіне өршілдікке үндейтін қасиеттер үстеуге қызмет ететіні белгілі. Демек, Қазтуған жырау бұл толғауында ат үстінде күн көрген қазақ баласының қай-қайсына да етене таныс жәйттерді көңілдегі уайым мен мұңға қарсы қояр көркем бейнелерге айналдыра жырлағанда, нақты мақсат көздеген. Ол мақсат – жаратылыстағы қай нәрсенің де өзіне лайықты орны бар екенін алға тарта отырып, әр адамды өз бойында әрекетсіздік, мақсатсыздық, сарыуайымға салыну сияқты сезімдердің етек алуына жол бермеуге тәрбиелеу. Осы іспетті мақсатты көздегендіктен де, жырау суреттеген көріністерін әсірелей, әспеттей көрсетеді, сол көріністердің қай-қайсы да адам баласына өнеге аларлық жол нұсқап тұрғанын меңзей жырлайды. Сол себепті де, ол әр шумақта нақты нәрсенің тірлік-әрекетін айта келіп, сол нәрсенің бейнеленген әрекетінің мән-маңызын көтермелей, әсірелей ұсынады. Мәселен, жыраудың бұл толғауының алғашқы шумақтары төмендегідей үлгіде келеді:

Белгілі биік көк сеңгір Басынан қарға ұшырмас, Ер қарауыл қарар деп, Алыстан қара шалар деп;

Балдағы алтын құрыш болат Ашылып шапсам, дем тартар Сусыным қанға қанар деп...

Бөлісу: