VI. Жиырмасыншы Мундиаль!

15 Мамыр 2014, 12:41

Жасыл құрлықтың футболшылары алғашқы ойындарын 1922 жылы Жаңа Зеландияға қарсы өткізді.

Жасыл құрлықтың футболшылары алғашқы ойындарын 1922 жылы Жаңа Зеландияға қарсы өткізді. Осыдан бастап, 25 жыл бойы Австралия футболшылары тек Жаңа Зеландия, Қытай, Оңтүстік Африка футболшыларымен ғана кездесіп жүрді. Елдің географиялық алшақтығы өзге елдермен ойын өткізуге өзіндік кедергісін тигізді. Футболдың дамуы­на халықаралық тәжірибе жетіспеді. Уақыт өте бұл проблема да шешіле бастады. АВИА тасымалдау саласы жетіле түскен соң, Аустралия құрамасы да өзге елдерге шыға бас­тады.

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

АВСТРАЛИЯНЫҢ ӨЗ АЙТАРЫ БАР...

Австралия құрамасы

Бас бапкер: Ангелос Постекоглу

Команда капитаны: Тим Кэхилл

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Марк Шварцер (109)

Ең көп гол соққан ойыншы:  Тим Кэхилл (31)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 59

 1974 жылы тұңғыш рет Германияда өткен әлем чемпионатына қатысты. Топтық кезеңде екі рет жеңіліс тауып, тек Чилимен ғана тең түсті. Ал екінші рет мундиалға арада  30 жыл өткен соң қатысты. Өйткені ФИФА Мұхит аймағына әлем чемпионатына қатысуға тікелей жолдама бермейді. Төрт жылдықтың басты додасына қатысу үшін олар Азия, Оңтүстік және Солтүстік Америка құрамаларымен кездесу өткізіп, жеңіліп қалып жүрді. Тек, 2005 жылы Гус Хиддинк жаттықтырған тұста, өтпелі кезеңде Уругвайды жеңіп, әлем чемпионаты кезеңіне жолдама алдық.  Бір қызығы, 1974 жылдағыдай бұл кезде де әлем біріншілігі Германияда өткізілген болатын. Топтық кезеңде, Бразилия, Хорватия, Жапония құрамаларына қарсылас атанды. Алдымен Жапонияны 3:1 есебімен жеңді.Команданың жартылай қорғаушысы Тим Кэхилл дубль жасаса, Алоизи бір доп соқты. Одан кейін Бразилиядан ұтылып, Хорватиямен тең түсті. Жалпы төрт ұпаймен алғашқы рет әлем біріншілігінің плей-офф кезеңіне шықты. Бұл сында оларды болашақ чемпион Италия күтіп тұрды. Италиялықтар әупірімдеп жүріп,  95-минутта Франическо Тоттидің пенальтиден соққан голының арқасында ғана жеңіске жетті.

Осы әлем біріншілігі аяқталғаннан кейін, Аустралия футбол федерациясы Азияға (АФК) мүше болды. 2007 жылдан бері үш рет Азия кубогына қатысты. 2011 жылы финалға дейін жетті. Ақтық сында Жапонияға ұтылып, тұңғыш рет Азияның күмісіне қол жеткізді. Қазіргі кезде Азиядағы фавориттердің бірі саналады. Оңтүстік Африка Республикасында өткен 2010 жылғы әлем біріншілігіне  жолдаманы Азиядан алды. Бірақ, топтық кезеңде жолы болмай, жарысты ерте аяқтады.

Бразилияға жолдама алу үшін олар биыл екі  іріктеу кезеңіне қатысты. Алғашқы іріктеу кезеңінде Оман, Сауд Арабия, Тайланд құрамасымен бір топқа түсті. Алты ойынның бесеуінде жеңіске жетіп, 15 ұпай жинап, бірінші орынмен шықты. Тек сырт алаңда Оманнан ұтылған.

Ал екінші іріктеу кезеңде Жапония, Иордания, Оман, Ирак құрамаларымен кездесті. Бұл сында Жапонияны алға шығарып, екінші орынмен әлем біріншілігіне тікелей жолдама алды.

Аустралия құрамасы 1997 және 2001 жылы Конфедерация кубогына жүлдеге ілікті. Сауд Арабиясында өткен додада финалға дейін жетіп,  күміс жүлдеге қол жеткізді. Сол жолы топтық кезеңде Бразилиямен тең ойнағанымен, финалда 0:6 есебімен ойсырай ұтылды. Оңтүстік Корея мен Жапонияда өткен 2001 жылы үшінші орынға ие болды.

 

Қазіргі құрам

 

1993 жылдан бері 21 жыл бойы құрама сапында 109 ойын өткізген қақпашы Марк Шварцер қараша айында ұлттық құрамамен қоштасатынын мәлімдеді. Оның алдында 41 жастағы қақпашы тағы бір рет әлем біріншілігіне қатысқысы келетінін айтқан еді. Бірақ, Франция және Канадамен өткен жолдастық кездесулерге шақырылмағаннан кейін, құрамамен қоштасып тынды. Енді оның орнын Митчелл Лангерак («Боруссия», Дортмунд),  Мэттью Райан («Брюгге»), Юджин Галекович («Аделаида») басатын болады. Қорғаушылар – Иван Франжич («Брисбен»), Мэттью Шпиранович («Вестерн Сидней»), Кертис Гуд («Ньюкасл»), Бэйли Райт («Престон»), Джейсон Дэвидсон («Хераклес»), Люк Уилкшир («Динамо»), Алекс Уилкинсон («Чонбук»), Райан Макгован («Шаньдун); жартылай қорғаушылар – Оливер Бозанич («Люцерн), Миле Йединак («Кристал Пэлас»), Марк Миллиган («Мельбурн»), Джеймс Холленд («Аустрия»), Массимо Луонго («Суиндон»), Адам Сарота («Утрехт), Мэтт Маккей («Брисбен»), Марк Брешиано («Аль-Гарафа»), Джошуа Бриллант («Ньюкасл»), Тим Кэхилл («Нью-Йорк»), Томас Рогич («Мельбурн»), Дарио Видосич («Сьон»); шабуылшылар – Джошуа Кеннеди («Нагоя»), Томас Оар («Утрехт»), Джеймс Тройси («Мельбурн»), Бен Хэллоран («Фортуна»), Адам Таггарт («Ньюкасл»), Мэттью Леки («Франкфурт»);

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

13 маусым. Куяба. Чили – Аустралия

18 маусым. Порту-Алегри. Аустралия – Нидерланды

23 маусым. Куритиба. Аустралия – Испания.

 

Бек Төлеуов

Бөлісу: