1 Наурыз 2014, 07:14
8.2. Жазудың сөздің айтылым үлгісіне ықпалы зор екенін ескерсек, жазу жүйесін қалыптастыруға жауапкершілікпен қарау керек. Ол үшін жазу ережелері (әліпби құрамы, таңба үлгісі, емле-ережесін бірге қарау керек) сол тілдің ішкі табиғи заңдылықтарына телінгенде ғана жүйелі жазу шығады.
9. Қазіргі кезде ағылшын тілінің ықпалы өте күшті болып тұр, солай бола да бермек. Ағылшын тілінің ықпалынан, тіптен, орыс тілінің өзі жасқана бастады.
9.1. Ағылшындардың өздері де емле-ережесінің (әліпбиінің емес) әлсіз тұсын мойындайды. Бірақ олар «Манчестер деп жазып, Ливерпуль деп оқимыз» деп, мәдениетті түрде күліп қояды. Біріншіден, ағылшын тілінің емле-ережесі қазақтарға емес, ағылшындарға арналған. Екіншіден, ағылшындар мұндай емле-ережені өздерінің қырықтан аса дыбыстарын бар болғаны жиырма алты таңбамен беру үшін үнемді ойлап тапқан. Сондықтан да олардың ойына тілінің емле-ережесін өзгерту деген әрекет кіріп-шығып жатқан жоқ. Біз болсақ, «жығылып жатып, сүрінгенге күледінің» кебін киіп, өзіміздің 26(28) дыбысымызға 42 таңба алып отырып, 46 дыбысын бар болғаны 26 әріппен белгілеп отырған шеберді мұқатамыз.
9.2. Кім не десе, о десін, біздің ойымша, ағылшын тілінің емле-ережесі аз таңбамен көп дыбысты қамтудың ең озық үлгісі болып табылады. Сондықтан да ағылшын жазуы сол емле-ережісімен-ақ бүкіл дүние жүзін игеріп келеді.
9.3. Шындығында, өзге тілдердің де, оның ішінде қазақ тілі де бар, айтылым емле-ережесінің оңай болып тұрғаны шамалы. Жалпы, қай тілдің болмасын, ең қиын жері оның айтылым емле-ережесі болып табылады. Айтылым емле-ереженің оңайы болмайды. Екінші бір тілді үйрене алмау сөз жаттаудың қиындығынан емес, азды-көпті сөзді әркім-ақ жаттап алады, сол тілдің айтылым емле-ережесін меңгере алмағандықтан болады. Латын әліпбиі мен ағылшын тілінің емле-ережесін шатастырмау керек. Өйткені ағылшын тілінің емле-ережесін ешкім көшіріп алайын деп отырған жоқ, әліпби латындікі (ағылшындікі емес) болғанымен, емле-ереже қазақтың өзінікі болады. Қазақ жазуы үшін ағылышын тілінің емле-ережесінің еш қажеті жоқ, өйткені қазақ тілінің төл дыбыстары бар болғаны 26 (28), компьютер түйметақтасындағы 26 түйметаңба толық жетіп жатыр. Бір дыбыс - бір таңба болып құйылып тұр.
9.4. Кирилшілердің тағы бір дәйегі - бұрынғы орыс жазуы негізіндегі жазба мұраларымыздан айрылып қаламыз, ертең оларды ешкім оқи алмай қалады деген қауіп екені рас. Орыс жазуын бүгін-ертең ешкім өшіріп тастайын деп отырған жоқ. Мамандардың ұсынысы бойынша кирил жазуы латын жазуымен он-он екі жыл қатар жүреді. Оқулықтар жыл ретімен
бірте-бірте латын жазуына көшіріліп отырады. Әдеби шығармалар мен көпшілік ғылыми еңбектер де сол ретпен жаңа жазуға ауысып отырады. Бұрынғы жарық көрген шығармаларымызды бәрі бір қайта баспай отыра алмаймыз ғой. Ендеше олар латын үлгісінде толық болмаса да жеткілікті түрде үзбей жалғаса жарияланып отырады. Қазіргі ұрпақ кем дегенде жарты ғасыр кирилді ұмытпайды ғой, ендеше орыс жазуымен көзін ашқан ұрпақ жазба мұрағаттарымыз оқылмай, мақұрым қаламыз деп уайымдамай-ақ қоялық.
Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж