Вьетнамда «Яги» тайфунынан қаза тапқандар саны 233 адамға жетті

15 Қыркүйек, 05:25 561

Вьетнамда «Яги» тайфуны құрбандарының саны артып келеді. Билік 233 адамның қайтыс болғанын растады. 800 адам жарақат алды. Тағы 103 адам із-түзсіз жоғалғандар тізімінде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Euronews сайтына сілтеме жасап.

Олардың жартысына жуығы – Лаокай провинциясындағы қиранды, қоқыс тауларына айналып кеткен Ланг Ну кентінің тұрғындары. Онда дауылдан болған нөсер жауын салдарынан жергілікті өзендер арнасынан асып, көшкін орын алды.

Тірі қалғандарды іздеуге 500-ге жуық құтқарушы жұмылдырылды. Бірақ зардап шеккен аймаққа ауыр техниканы жеткізу мүмкін емес: жолдар жабылған немесе шайылған. 

«Яги» Вьетнамға сенбі күні жетті. Желдің жылдамдығы сағатына 145 шақырым болды. Ол жексенбіде басылды, бірақ бұл күндері қатты нөсер жауын тоқтамады.

Қазірдің өзінде Азиядағы ең қуатты дауылдардың бірі саналатын «Яги» Филиппинде де күшейіп, Қытайдың оңтүстігіне де әсер етті. Таиландтың солтүстік аймақтары зардап шекті, онда жағалаудағы бірнеше елді мекен су астында қалды. 

Толассыз жауған жаңбырдан көшкін болған Чианграй провинциясында кем дегенде алты адам қаза тапты. Билік су деңгейінің әлі де көтеріліп жатқанын ескертті. Олар тұрғындардан биік жерге көшуін сұрайды. 

Климатологтардың пікірінше, мұндай төтенше ауа райы құбылыстары климаттың адам әрекетінен туындаған өзгеруіне тікелей байланысты.

Зарина Арман
Бөлісу: