Венчурлық инвестиция дегеніміз не және олар Қазақстанда қалай жұмыс істейді

29 Қазан, 18:00 1383

Бүгінде Қазақстанның венчурлық нарығы динамикалық өсім көрсетіп жатқанын сарапшылар сүйіншілей хабарлауда. Бұған RISE Research компаниясының Орталық Азия және Кавказда жүргізген зерттеуі дәлел. Аталған компанияның EA Group және BGlobal Ventures холдингтерінің, сонымен қатар Crunchbase және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қатысуымен өткен зерттеу қорытындысы бойынша, елімізде венчурлық қаржыландыру көлемі соңғы бес жылда бес есе өскен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Astana Hub алаңында ұсынылған зерттеу нәтижелеріне сәйкес, 2023 жылы Орталық Азия және Кавказда венчурлық келісімдердің жалпы сомасы 110 миллион долларды құраса, соның 80 миллион доллары Қазақстанға тиесілі. Венчурлық келісімдердің жартысынан астамы (55%) желтоқсан айына тура келеді. Салыстыру үшін қарасақ, екінші орында тұрған Грузияда былтыр 21,6 миллион долларға келісім жасалған.

«Біздің зерттеу көрсеткендей, соңғы бес жылда Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі венчурлық қаржыландыру көлемі 5,5 есе артса, 2023 жылы келісімдер көлемі 110 миллион доллардан асқан. Дегенмен экожүйенің әлі де болса шағын екенін байқап отырмыз, тиісінше бұл қосымша инвестициялардың айтарлықтай әлеуетін көрсетеді. Өңірдегі басты кедергілердің бірі деп сенімді деректердің жоқтығын айтуға болады. Осы орайда біздің басты мақсатымыз – осы олқылықтың орнын толтырып, тұрақты өсімді қамтамасыз ететіндей инвесторлар мен мемлекетке сапалы әрі сенімді деректер ұсыну», – деді RISE Research-тің негізін қалаушы Айнұр Жантурина.

Мамандар дерегінше, стартапқа салынатын инвестиция көлемі 50-300 мың долларға дейін барады. Себебі тәуекелділіктің жоғары деңгейін ескермеске болмайды, ал көптеген елде тәуекелдер туралы статистика жоқ. Сондықтан мамандар еліміздің венчурлық келісімдер бойынша көш басына шығуы халықаралық инвесторлардың назарын аудартатынын алға тартады. Бұл отандық кәсіпкерлерге де үлкен мүмкіндік.

«Бұл біздің нарықтың ашықтығы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, халықаралық инвесторлардың назарын аударады және жергілікті стартаптар мен қорлар үшін жаһандық нарыққа есік ашады. Жаһандық амбициясы бар қазақстандық кәсіпкер ретінде бұл мені де қуантатыны сөзсіз», – дейді EA Group холдингінің CEO маманы Ерік Әубәкіров.

Орталық Азиядағы өзге елдерге қарағанда Қазақстанда венчурлық нарықта ойыншылар да, келісімдер де көп. Мамандар мұның бірқатар себебі бар деп отыр. New Ventures by inDrive компаниясының инвестициялық директоры Нұркен Рзалиевтің сөзінше, елімізде жасалған келісімдердің орташа көлемі 1 миллион долларға тең, ал бұл алты жыл бұрынғы көрсеткіштен 4 есеге жуық көп.

«Мұны қалыптасып үлгерген нарықтың арқасы деп айтар едім. Біздің нарықтың ауқымы кең екенін зерттеулер көрсетті. Екіншіден, дамыған инфрақұрылым. Бізде періштелер, VC, хабтар мен акселераторларды қамтитын толыққанды экожүйе бар. Ойыншылардың мұндай алуандылығы стартаптардың дамуына қолайлы жағдай жасайды», – дейді Рзалиев.

Бизнес-періштелер

Жалпы, венчурлық инвестиция дегеніміз не және оны кім береді? Ағылшын тілінен аударғанда, «venture» сөзі тәуекел дегенді білдіреді. Бұл – идеясы бар, бірақ оны жүзеге асыруға қаражаты жоқ жас компаниялар немесе стартаптарға ақша құю арқылы олардың дамуына, табыс табуына мүмкіндік беру деген сөз. Енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан мұндай компаниялар немесе жас дарындар өз жобаларының ауқымын кеңейту үшін қаражат іздейтіні анық, алайда оларға банк әдетте займ бермейді: өйткені кез келген банк тәуекелі көп жобаларды инвестициялаудан аулақ, тіпті келіскен күйдің өзінде міндетті түрде материалдық кепілзат талап етеді. Ал стартап авторында ондай дүние болмауы мүмкін. Сондықтан жастар немесе ұжымдар көздеген мақсаттарын жүзеге асыру үшін қалталы азаматтардың көмегіне жүгінеді. Мұндайда оларға негізінен бизнес-періштелер көмекке келеді.

Бизнестегі періштелер – әдетте тәжірибесі мол, көздерінде от жанып тұрған жастармен өзінің білгенін ғана емес, жинақ қорынан қаражат бөлісуден де қаймықпайтын жеке инвесторлар. Олар негізінен бір уақытта бірнеше жобамен айналысып жатады. Себебі жобалардың басым көпшілігі бастапқы кезеңде-ақ сәтсіздікке ұшырайды екен. Ал қомақты табыс әкелетіндері ілуде біреу. Есесіне ол сәтті болса, онда инвестордың да қалтасы қомпаяды деген сөз. Айталық, Google компаниясының алғашқы инвесторларының бірі Энди Бехтольсхайм – қазір миллиардер.

Сол секілді 2011 жылы құрылған Zoom Video Communications жобасы бірінші кезеңде венчурлық капиталистерден 3 миллион доллар алды. Zoom сервисі арада екі жыл өткен соң қосылды, ал оған инвестициялар бірнеше кезеңмен салынды. Бүгінде компания NAZDAQ құрамында, ал оның құны бірнеше миллиард долларға тең. 

 

Венчурлық индустрияда қандай мәселелер бар

Мұндай кәсіпкерлер өз қаражатының бір бөлігін инновациялық компанияларға олардың бастапқы даму – seed (егу) және start-up (бастапқы) кезеңдерінде салады. Олар банктер секілді қарызға ақша бермейді, есесіне олар өздерінің қаражатын, тәжірибесі мен таныстарын жаңа компанияның үлесіне айырбастайды.

«Жоғары өсу динамикасы мен жобалар сапасын арттырудың арқасында өңірлік венчурлық нарықтың инвестициялық тұрғыда да тартымдылығы арта түсті. Соңғы жылдарда венчурлық мәмілелер көлемі мен санының қарқынды өсуіне қарамастан, біздің өңірде стартаптар тарапынан инвестицияларға бар сұранысты қанағаттандыру үшін ерте және кеш сатыларда белсенді бизнес-періштелер мен венчурлық қорлар саны жеткіліксіз», – деді BGlobal Ventures-тің бас директоры Абай Әбсәмет.

Қазақстанда жасалған келісімдердің басым бөлігі де pre-seed (52%) және seed (38%) раундтарына жатады. A және B сериясы раундтары 2023 жылы жасалған келісімдердің жалпы санының 10%-ын ғана құрайды. Ал C сериясының раундында жасалған келісім мүлде жоқ. New Ventures by inDrive компаниясының инвестициялық директоры Нұркен Рзалиевтің айтуынша, бұл мәселелер компаниялардың толықтай жүзеге асуына кедергі.

«Бізде pre-seed кезеңінде көрсеткіштер қуантарлық. Алайда қорытынды кезеңге жақындаған сайын жағдай өзгереді. A және B раундтарында ойыншы тапшылығы қатты сезіледі. Енді ғана дамып келе жатқан компаниялар ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейге шығу үшін қаражат табуда қиындықтарға тап болады. New Ventures секілді бағдарламалардың пайда болуы стартаптарға «өлім алқабынан» аман өтіп, тұрақты өсімге шығуға мүмкіндік береді», - дейді Рзалиев.

Зерттеулер келісімдердің басым бөлігі Қазақстанға тиесілі екендігін аңғартқанымен, инвестиция көлемі жағынан отандық венчурлық инвесторлар халықаралық ойыншылардан едәуір қалыс қалған - 45%. Бұл қазақстандық стартаптар әлі де халықаралық инвесторларға тәуелді екендігінің көрінісі. Сөйте тұра соңғы бес жылда санға емес, сапаға мән беру көрсеткіші артқан.

Қазақстандық және халықаралық стартаптарды бағалаумен айналысатын EA Ventures венчурлық бөлімшесінің басшысы Әділбек Қамиев кәсіпкерлер әлі де дәстүрлі кәсіпке қаражат құюды құп көретінін алға тартады.

«Біздің нарықта бірнеше мәселе бар. Солардың ішінде бірегейі – венчурлық капиталдың тапшылығы. Бұл отандық стартаптардың әлеуетін тежеп отыр. Нарыққа бизнес-періштелерден бастап венчурлық қорларға дейінгі инвесторлар жетіспейді. Себебі дәстүрлі кәсіппен айналысатын бизнесмендер әрі қарай да сол бизнеске ақша құйғанды жөн санайды. Стартаптарға қаражат салуға асықпайды. Сонымен қатар капиталға қолжетімділікті қамтамасыз ететін түсінікті механизм жоқ.  Одан қалды біздің нарық стартап үшін тым шағын, оған бұл жер тарлық етеді. Сондықтан қазір Central Eurasian Region аясында көршілес нарықтарды біріктіру жұмыстары жүріп жатыр», - дейді ол.

Сонымен қатар Қамиев мемлекет тарапынан стартаперлер үшін де, инвесторлар үшін де жағдай жасалған деп отыр. Яғни тараптар келіссөз жүргізетін алаңдар бар, тек соны тиімді пайдалану керек.

«Мемлекет «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Astana hub-ты құру арқылы өз жұмысын атқарды. Осы жеткілікті. Себебі мемлекеттің венчурлық инвестицияларға, стартаптарды құруға араласып, оларды бақылауда ұстауы бұл саланың дамуына кедергі келтіреді және біздің биліктегілер мұны жақсы түсінетін секілді. Қазір бізге ғылымға назар аудару керек. Ғылым мен инновация қатар жүреді, сондықтан біз сапалы университеттер саны артқанын қалаймыз, сол арқылы білікті кадрлар көбейеді», - дейді ол.

Венчурлық инвесторларға қай салалар қызық?

2023 жылғы нәтижелерге сүйенсек, Қазақстандағы венчурлық инвесторларды FinTech, AI (жасанды интеллект), HealthTech (денсаулық сақтау саласындағы технологиялар) және PropTech (жылжымайтын мүлік саласындағы технологиялар) салалары көбірек қызықтырған.

Венчурлық инвесторлар негізінен қоғамдағы мәселені шешетін, өзекті, әлеуеті бар стартаптарға қаражат салуға ұмтылады. Әділбек Қамиевтің сөзіне қарағанда, трендтің ғана соңынан қуу жақсылыққа апармайды.  

«Біз түрлі нарықтағы трендтер мен жаңа инновацияларға инвестиция саламыз. Олардың қатарында Fintech, AI, E-comm, HealthTech секілді тексеруден өткен және бір ғана нарықпен шектеліп қалмаған бизнес-модельдер бар.

Бірақ біз бірінші кезекте стартапқа дамуға қол ұшын соза алатын индустрияға инвестиция жасаймыз. Себебі трендтердің соңынан ғана жүре беру венчурлық инвестиция үшін құптарлық шешім емес», - дейді Қамиев.

Ал отандық нарықтағы тәжірибелі венчурлық инвесторлардың бірі, кәсіпкер Мұрат Әбдірахмановтың айтуынша, стартап таңдауда оның арзандығына емес, қандай мәселелерді шешетініне мән беру керек.

«Жоба қызмет көрсету немесе ешкімге қажетсіз өнімді жасауды емес, нақты, өзекті мәселені шешуі керек. Әлемдік тәжірибеде – ол біз үшін де өзекті – 42%-ға жуық компаниялар сұраныс жоқ өнім шығарғандықтан да жабылады. Өнім мен қызметтің құндылығы көрініп тұруы қажет. Маған стартаперлер келіп: «біз басқалардан арзанбыз» деп айтады. Ондай кезде мен: «мұндай «артықшылықпен» мүлде таңғалдыра алмайсыңдар» деймін. Қайта өзгелерден арзан болу «қызыл жалауды» аңғартады. Яғни бұл дегеніміз – сіздің өніміңіз өзгелерге қарағанда нашар деген сөз. Сіз белгілі бір сервиске жазылуды 5 мың теңгеге сатуыңыз мүмкін, бірақ біз сізге емес, шынымен де қоғамға пайдалы болатын SaaS-шешімге көбірек қаражат бөлгенді дұрыс көреміз. Сондықтан нарықты зерттеңіз, ізденіңіз. Бұл сіздің уақытыңыз бен қаражатыңызды үнемдейді», - деп кеңес береді ол.

 

Стартаптар нені ескеруі керек

Идеясы бар, бірақ қаражаты мен ешқандай танысы жоқ адам венчурға жолды қайдан табады? Тәжірибелі инвесторлардан осы сауалдың да жауабын сұрап көрдік.

Әрине, инвестиция салуда тәуекелдің көп екендігін ұмытпаған жөн. Мұндайда дұрыс шешім қабылдай білу, қателіктерден сабақ алу және нарықты жан-жақты зерттеу өте маңызды. Әйтпесе адамның жеке қасиеттерінен бөлек сыртқы факторлардың да ықпалы орасан. Айталық, пандемия кезінде көп бизнес түрі жабылып қалды. Әлемді жаулаған індеттен енді ғана бас көтере бергенде, Ресей мен Украина арасындағы соғыс, одан бөлек те саяси ахуал жағдайды тіпті ушықтырып жіберді. Мұның өзі белгілі бір салаға, өңірге байланып қалмай, ауқымдырақ ойлау керектігін аңғартса керек. Кәсіпкер Мұрат Әбдірахманов жас кәсіпкердің мақсаты мен жан-жақты ізденгені осындай форс-мажорлар кезінде анық байқалады деп отыр. Себебі біреуі еңсесін тіктей алмай қалса, енді бірі мұндай қиын-қыстау кезеңді де өз пайдасына жарата алады. Білікті мамандар қателесуден емес, қателіктен сабақ алмау қорқынышты дегенді жиі айтады.

«Стартапердің бір таяқтың ұшын қайта-қайта баса беретінін жиі көремін. Себебі ол өз қателігін мойындап, сонымен жұмыс істеуге дайын емес. Дамудың жалғыз ғана жолы – үйрену үшін қателіктен сабақ алу керек. Егер қателігіңді мойындамасаң, онда сен ақшаңды жоғалтқаныңмен қоймай, әрі қарай пайдалануға болатын тәжірибе мен білім де ала алмадың деген сөз. Ал бұл тәжірибе жіберілген қателіктің құнынан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Өкінішке қарай, бізде көбісі сол кемшіліктерді мойындағысы келмейді немесе оларды тым жақын қабылдайды. Стартап үшін бұл нағыз дағдарыс. Себебі стартап үнемі бейімделгіш, жаңаға құштар болуы керек. Қолыңыздан келмей жатса да қайта-қайта көре беріңіз, тырысыңыз, өзгертіңіз, жаңа жағдайға бейімдеңіз. Сонда ғана қоғамға, нарыққа қажет, сұранысқа ие өнім шығара аласыз», - дейді Әбдірахманов.

Тәжірибелі мамандар стартапер жеке қызығушылықтарының соңынан ермей, түйткілдің түйінін тарқатататын жоба ұсынуы керек деп санайды. Сарапшы Әділбек Қамиевтің айтуынша, алдымен ақшаны алып алсам, әрі қарай бір мәнісі болады деген көзқарас венчурларға өтпейді.  

«Адам өтімді өнім ұсыну үшін өз саласының барлық нюансы мен дертін білуі қажет. 5000 сағат заңын ешкім жоққа шығара алмайды. Өзің енді ғана басыңды сұққан салада ерекше шешім ұсыну мүмкін емес. Стартап-индустрияны жақсырақ түсінгіңіз келсе, салалық іс-шараларға барыңыз, жаңалықтарды, түрлі подкасттарды қараңыз. Акселераторлар мен технологиялық хабтарға қатысудың да пайдасы орасан. Мысалы, Astana Hub, MOST және тағы басқа. Соның арқасында адам венчурлық бизнестің не екенін түсіне бастайды.

Стартапты дамыту үшін қаражат іздеген адам алдымен оның идеясы өзекті мәселені шеше ме, осыны түсініп алуы керек. Нақты идеясыз, стартапсыз, тек ақша аламын деп келу бекер тірлік», - дейді Қамиев.

Одан қалды инвесторлар стартап авторының тәжірибесіне қарайды екен. Өйткені оңды-солын әбден таныған адам шынымен де көпшіліктің сұранысын өтей алатын өнім ұсынуға қабілетті. Көпшілік жасқа мән бермейміз дегенімен, фаундердің жұмыс өтілі неғұрлым көп болса, оның өз саласын зерттеудегі тәжірибесі де мол деген сөз. Сондықтан әлемде табысты стартаперлердің орташа жасы 40-тан асқандарды құрайды.

 

Елімізде қандай венчурлық компаниялар бар

Бүгінде жеке адамдардан бөлек стартаптарға қол ұшын созып жүрген отандық компаниялар да бар. Біз солардың бірсыпырасына қысқаша тоқталып өтсек:

RISE Research – нарықты талдауға, финтех, венчурлық капитал, стартаптар, технологиялық экожүйелер және ТМД мен Орталық Азия аймағындағы үрдістер саласындағы зерттеулер мен консультацияларға маманданған компания.

EA Group – венчурлық және тікелей инвестиция бойынша, сонымен қатар активтерді басқаруға мамандандырылған қаржы-инвестиция холдингі. Компания өзі инвестиция құйған компаниялардың портфельдерін басқару, қосу мен біріктіру, және стратегиялық жетекшілік ету арқылы өсім мен табысқа жетелей отырып жан-жақты қолдау көрсетеді.

BGlobal Ventures венчурлық инвесторларға қаржыландыру және қаржылық емес қолдауды ұсынады. BGlobal Ventures «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ қорының еншілес компаниясы болып табылады.

Crunchbase – жеке компанияларды іздеу және зерттеу шешімдерінің жетекші жеткізушісі. 75 миллион қолданушы, соның ішінде сатушылар, кәсіпкерлер, инвесторлар мен нарық зерттеушілері Crunchbas-ті жаңа бизнес мүмкіндіктерін табу үшін пайдаланады.

KPMG – аудиторлық, салықтық және консалтингтік қызметтерді ұсынатын кәсіби фирмалардың әлемдегі ең ірі желілерінің бірі. KPMG фирмаларының кеңселерінде 143 елде бүкіл әлем бойынша 270 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. KPMG клиенттері іскерлік корпорациялар, үкіметтер мен мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдар болып табылады. Компания олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді, тәуекелдерді азайтуға және мүмкіндіктерді пайдалануға көмектеседі.

Qazaqstan Investment Corporation – ұлттық экономиканың қалыпты дамуына әсер ету үшін құрылған private equity қорының қоры. Ол Қазақстанда private equity инфрақұрылымын қалыптастыруға, экономиканың басым секторларына шетелдік инвестицияларды тартуға, жетекші халықаралық тәжірибені пайдалануға және private equity-ге инновациялық білім мен технологияларды трансферттеуге бағытталған.

MOST Ventures ІТ-нарықтың түрлі бағыттарын қарастырады. Қазақстан мен Орталық Азияның (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан) өзге елдерін қамтиды.

Халықаралық бизнес құрастырып жатқан IT-стартаптармен жұмыс істейді, Pre-Seed деңгейінде 20 мың доллар, Seed деңгейінде 400 мың доллар, ал тыс Series A деңгейінде 700 мың доллар бөлуге дайын. Қор портфелінде Cerebra, UvU, OneVision, CTOgram және Clockster секілді компаниялар бар.

Big Sky Capital Қазақстаннан бөлек, Сингапур, АҚШ аумағын қамтиды. Корпоративті салаға SaaS-өнімдер жасаумен айналысатын дамушы елдердің кәсіпкерлеріне инвестиция жасайды. Big Sky Capital дамудың ерте сатысындағы компанияларға 250 мыңнан бастап 500 мың долларға дейін беруге дайын. Инвестиция жасалған компаниялар арасында Kwaaka, HeRo Study, Hero’s Journey бар.

Tumar Venture Fund әлем бойынша жұмыс істей береді. Жергілікті ғана емес, халықаралық стартаптарға әртүрлі даму деңгейінде ақша құя алады. Қор көлемі шамамен 20 миллион долларға тең. Былтыр қор  Zypl.ai және Codiplay жобаларына қаржы бөлген.

Activat VC компанияларға негізінен Pre-Seed, Seed деңгейлерінде инвестиция жасайды. Қазақстанмен қатар Орталық Азия елдері, Әзербайжан, Грузия және Армения бар.

Activat VC Blockchain, DeepTech және Gambling-тен бөлек экономиканың барлық саласын қамтиды. Қордың бір жобаға бөлетін қаражаты әдетте 100 мың доллардан аспайды. Қор Billz, PLATMA, i-teka, EasyTap, ApartX секілді стартаптармен жұмыс істеген.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: