Варшавада Ахмет Байтұрсынұлының қазақ ғылымына қосқан үлесі талқыланды

17 Қазан 2022, 18:00 2177

«Қазақ халқына қызмет ету: Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен еңбегі» атты поляк тіліндегі кітапшаның тұсаукесері өтті

Польшада Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық конференция өткізілді, деп хабарлайды El.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Конференцияны қазақ және поляк тілдерінде Қазақстанның Польшадағы Елшілігі Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университетінің Шығыстану институты жанындағы Орталық Азияны зерттеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияға 40-тан астам адам – ПР Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан, Польша және Түркияның академиялық топтарының өкілдері, «Польша – Шығыс» ынтымақтастық қоғамы, «Менің Қазақстаным» қауымдастығы мен «Польша – Қазақстан» сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығы, ҚР құрметті консулдары мен болу еліндегі қазақ орталықтарының басшылары, сондай-ақ қазақстандық студенттер мен Варшава қаласындағы орта мектеп оқушылары қатысты.

Қазақстанның Польшадағы Елшісі Әлім Қирабаев сөйлеген сөзінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қазақ ғылымының қалыптасуы мен мемлекеттілігіне қосқан үлесін, сондай-ақ «Алаш» қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің рөлін атап өтті.

Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университетінің проректоры, профессор Тадеуш Валлас Ахмет Байтұрсынұлының құнды еңбектері мен мұрасының тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде, оның ішінде Польшада да талқылануының ерекше маңыздылығын атап өтті.

Конференцияны Варшава қаласындағы орта мектеп оқушылары Ахмет Байтұрсынұлының «Тарту», «Оқуға шақыру», «Дағдарыс» шығармаларын мәнерлеп оқып ашты.

Іс-шараның модераторы ретінде профессор Гүлайхан Ақтай (2021 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды) және профессор Хенрик Янковский (Абайдың «Қара сөздері» шығармасын поляк тіліне тәржімелеп жарыққа шығарған авторы) болды.

Конференцияда Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбеттің «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасының зерттелуі мен зерделенуі», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Орынай Жұбайдың «Кескекті кезеңде келелі істер тындырған кемел ер», профессор Хенрик Янковскийдің «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әдебиет теориясының негізін салушы», Сыткы Кочман университетінің докторы Екрем Аянның «Ахмет Байтұрсынұлы және Баку түркология конференциясы», Әлихан Бөкейхан университетінің «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Еркін Рахметуллиннің «Ахмет Байтұрсынұлы және Дала өлкесіндегі қозғалыс: Ұлттық ояну кезеңі (1905–1910)» және профессор Гүлайхан Ақтайдың «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің негізін қалаушы» ғылыми-зерттеу баяндамалары ұсынылды.

«Қазақ халқының 1000 әні» жинағының авторы Александр Затаевич пен Ахмет Байтұрсынұлы арасындағы достығының негізінде Қазақстан-Польша қарым-қатынасының тарихын Алматы қаласындағы №152 мектеп-гимназиясының оқушысы Нүсіпқан Айқын домбырада «Тепең-көк» күйін ойнап көрсетті. Қазақстандық композитор Ғаламат Бейсеқожа Ахмет Байтұрсынұлына арнаған «Қаламгер» күйін ойнады.

Іс-шара барысында «Қазақ халқына қызмет ету: Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен еңбегі» атты поляк тіліндегі кітапшаның тұсаукесері өтті. Басылым Қазақстан Елшілігінің бастамасымен профессор Гүлайхан Ақтайдың редакциясымен жарық көрді. Кітапта Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі ұсынған материалдар қамтылған. Басылымға профессор Хенрик Янковскийдің поляк тіліне аударған Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары да енгізілген.

Бөлісу: