Вакцина туралы не білеміз?

11 Қараша 2020, 16:45 9721

Екпені кім ойлап тапты?

Бүгін де вакцина, екпе деген сөздерге құлақ үйреніп, әбден сіңісті болды. Олар біздің ағзамызға жаға ма, жақпай ма, оң әлде теріс әсерін тигізе ме? Ол жұмбақ. Қайткенмен де вакцина сөзі дәл қазіргі індет өршіп тұрған мына заманда біздің өміріміздің бір бөлшегіне айналғандай. Біз одан қаша алмаймыз. Себебі, уақыттың талабы мәжбүрлеп отыр.

Дәрігер мамандардың сөзіне сенсек, бүгінгі барымыз үшін екпеге қарыздармыз. Бұл не деген сөз? Ғылыми тілмен айтсақ, вакцина – белгілі бір ауруға қарсы тұруға иммунитет қалыптастыратын биологиялық препарат.


Вакцина қалай жұмыс істейтінін түсіну қиын емес. Сізге егілген преператтың құрамында ауру шақыратын микроорганизмді еске салатын агент бар. Сіздің иммундық жүйеңізді күшейту үшін талапқа сай оны патогеннің ең әлсіз немесе өлі түрінен өндіреді. Иммундық жүйе өз жадына сақтап қалып, ол ауру қайта пайда болған жағдайда оған қарсылық көрсете алуы үшін, сол патогеннің өзінен гөрі токсиндерден жасақталған препарат немесе ондағы ақуыздың жоғарғы қабатындағы бір бөлшегі (антиген) көмекке келеді. Егер жады кеңістігі жеткілікті деңгейде өз жұмысын атқарар болса, ауру қылаң берген тұста бірден жүйелік іздестіру қызметі іске қосылып, сол патогеннің көзін жоюға әрекеттенеді. Ол дегеніңіз сіздің иммунитетіңіз сол дертке қарсы күресіп, деніңіз сау күйде қала беру деген сөз.


Егер адам баласының иммунитеті бактерия бөлшектері мен зиянсыз ақуыздан құралады деп түсінсек, онда неге бүгінге дейін жалпылама күресетін вакцина жоқ деген сұрақ туындауы мүмкін. Тіпті барлық әйгілі әрі өлі патогендерді өзіне топтастырған бір ғана екпе өнідіріп, адамзатты ештемеге дес бермейтін мықты етпеске деген ой келері анық. Талдап көрейікші.

Патогендер ағзаға түрлі жағдайда зиян келтіруі мүмкін дегеннен бастағанымыз жөн болар. Олардың әр текті болатындығы соншалық, генетикалық тұрғыдан шыбын мен пілдің айырмасындай айырмашылығы болуы бек мүмкін. Көпшілік вакциналар иммундық жүйеде Y-үлгідегі антидене қалыптастыра алатындай қабілетке ие. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, иммундық жүйенің үлкен әрі ең маңызды жасушалары мұнымен не істейтінін өздері шешеді. Олар патогеннің жоғарғы қабатына орналасады.


Ал, вирустар тек бірнеше мақсатты ақуыздан тұратын болса, бактериялар 6000, паразиттер одан да көп ақуыздан құралуы мүмкін. Тек вирус туралы айтар болсақ, ВИЧ, тұмау, грипп немесе С гепатиті секілді вирустар көз ілестірмейтіндей жылдамдықпен жоғарғы қабатындағы формасын ауыстырып, антиденеден бұрын нық орнап, жабысып үлгереді. Тек қана тұмау вирусын алар болсақ, вирус ақуызының жоғарғы қабаты 128 комбинациядан тұрады. Иммундық жүйенің әр формасына әсер ететін екпе салу үшін 128 комбинацияға 128 вакцина керек болуы мүмкін. Алайда бақытымызға қарай, эпидемияның басым көпшілігі бір формалы комбинацияға негізделген. Тұмаудың басты белгісі бас ауруы болса, бізге беймәлім мыңдаған патоген бар.

Өткен дәуірге кері шегінер болсақ, тіпті екпе болмай тұрғанда түрлі күрделі вирустан аман қалған адамдардың болғанын тарихтан білеміз. Яғни вирусты жеңген адамның иммундық жүйесі өзідігінен антидене қалыптастыра алған.

Тұмау вирусы бір жыл көлемінде мутацияға ұшыраса, ВИЧ тек бір күнде құбылуы мүмкін. Туберкулездің бактериялары өз айналасында өзге бактерияларға сіңіргіштік орта қалыптастыра отырып, биопленка жасақтау арқылы өміршеңдігін ұзартатын қабілетке ие. Малярлы плазмодий, падла сынды түрлері кәдімгі тығылыспақ ойнайды. Бұл паразиттер иммундық жүйе тарапынан қорғалған себебі олар бауыр мен қанның жасушасында жасырын орналасқандықтан, назардан тыс қалады. Қанның ақаулы жасушаларының жұмысы көкбауырдың қасында бұзылуы тиіс, алайда зақымданған немесе вирус жұқтырған жасуша falciparum адгезивті ақуыздарды бөледі. Соның арқасында олар сүзгілеу жүйесінен қашып, қантамырларына өтеді, мықтап жабысады. Иммундық жүйе мен жасырын паразиттер, мутацияға ұшырайтын паразиттер, жасырын құбылатын бактериялардың барлығы – ағзаға шақырту тастайтын жүйе. Мұның бәрі бірігіп қырғын шығын, бәсекелестік, жарыс туғызады. Сонымен екпені кім ойлап тапты?

Екпені кім ойлап тапты?

Иммунтитеттің концепциясы бұрыннан бері адамзат баласын шырғалаңға салып келеді. Екпе атаулы болмай тұрған дәуірде адамдар кез-келген сырқатқа табиғаттан тыс күшті кіналап, дертке шалдықса бұл өмірде жасаған «жаман қылықтары» үшін жазаланудамыз деп түсінген. Кейіннен Гиппократтың қиялы мен медицинаның ғылыми әдістері пайда болған тұста адам баласының белгілі бір сырқаты олардың денесіндегі қан мен сұйықтық, өттегі сары сұйықтық пен қара сұйқтықтың балансы бұзылғандығынан деп есептелді.


Кейіннен хумористикалық теорияға сай адамдардың микроәлем туралы идеясы өзгерді. Осы түсінікке байланысты ауа мен суда миазма сынды ауру шақыратын құпия элементтер бар деп түсінді. Тырысқақ, оба, безгек, сары безгек сынды дерттер ауаның өзгеріске ұшырауынан пайда болады деген пайымда еді.

Жалпы «иммунитет» деген сөзді латын тілінен аударсақ, «munis» яғни әскери немесе мемлекеттік қызметтен босау, салық төлемдерінен азат етілу деген мағынаны білдіреді. Иммунитет сөзінің алғашқы концепциясы біздің эрамызға дейінгі 430 жыл бұрын жазылған Фукидидоның хаттарында кездеседі. Бұл құжатта қазір біз «оба» деп жүрген сөз бар. Ең қызығы гректер қалдырған бір көне жазбада: «Дертке шалдыққандар мен ажал аузында жатқандарға дерттен айыққандар күтім көрсетті. Себебі, олар ауру ағазаға қалай әсер ететінін біледі және қауіптен құтылған жандар. Және ешқашан екінші рет қайта ауырмаған» деген сөздер бар. Сондай-ақ «иммунитет» деген термин біздің эрамызға дейін 60 жыл бұрын жазылған «Фарсалия» атты эпикалық поэмада да кездеседі. Ол жазбада иммунитет жыланның уына қарсы тұратын құрал ретінде сипатталады.

Қатігез екпелер

Тарихи деректерге сенсек, мыңдаған жылдар бұрын медицинада инокуляция деген ұғым болғанын аңғарамыз. Инокуляция – қарапайым тілмен айтқанда теріге жұқпалы зат енгізу. Сол дәуірде шешекпен ауырған адамның іріңді жарасын сүйкеу немесе ине тығу арқылы алынған нәрсені сау адамның терісіне қасақана түрде жанай жағып, терісіне сүйкей енгізу арқылы жұқтырған. Осылайша шешектің инфекциясын ауыздықтауға тырысқан. Сол әрекеттен кейін сау адамның денесінде үш күннен кейін іріңді бөртпе пайда болған. Бөртпенің әсерінен адам әлсіреп, қалтыраған. Он екінші күн толғанда іріңді бөртпе қабыршақтанып, тағы бір аптадан кейін жараның беті кеуіп, жазыла бастаған. Егер осы іріңді бөртпе ары қарай ұлғайып кетпей, жазылып кетсе науқас одан кейін мүлде ауырмайтын болған.


Бұл әрине ең тиімді сценарийлердің бірі еді. Көп жағдайда іріңді бөртпе тек науқастың қолына ғана шықпай, денесінің өзге де бөлшектеріне тарап, одан да күрделі белгілермен сипатталған. Кейбір пациенттерде екпенің салдары мен дерттің салдарында еш айырмашылық болмаған. Сол заманда өлім-жітім көрсеткіші тек 2 процентті ғана құраған деген деректер бар. Дей тұрғанмен, дерттің алдын-алу мақсатында осындай әдіспен егілген екпе барысында өлім-жітім көрсеткіші ауа арқылы таралатын кесапат өлімінің салдарына қарағанда 30 пайызға төмен болған.

Сол дәуірдің басты мәселесі деп екпе алған адам санатына жататын науқастың іріңді бөртпені кез-келген науқас секілді жұқтыру ықтималдылығы жоғары болғандығын айта аламыз. Неге дәл осы бөртпе деп қарастырсақ, оған визуалды тұрғыда диагностика жасай аласың, бұл дерт өмір бақи эпидемиямен қатар жағаласып, адамзат атаулыны мазалап келеді және өте жұқпалы болғандығымен қауіпті.


Бөртпе дертінің отаны – көне Африка болып есептеледі. Дерттің континент арқылы таралуы бертінгі дәуірге тән. Тарихи деректерге назар салсақ, бөртпе Египеттен біздің эрамызға дейнгі 1500 ғасыр бұрын Үндістанға, оннан біздің эрамызға дейінгі 1112 жыл бұрын Қытайға, Қытайдан Жапонияға жеткенін көрсетеді. Осылайша эпидемия шеңберінде кері айналып, жүре берсе керек.

Ең қызығы, сауда-саттық арқылы күндердің күнінде бөртпе дерті Азия елдеріне жеткені жазылады. Осылайша он жетінші ғасырдың соңында Константинопольге жетіп, оннан Ұлыбританияға ауыз салған. Сырқаттың алдын-алатын екпені дамытуға және насихаттауға көп еңбек сіңірген тұлға ретінде Мэри Уортли Монтегюдің есімі аталады. Ол Осман империясы елшісінің әйелі болған. 1717 жылы Константинопольде болған ол екпенің ғажайыбы туралы естіп, таңқалады. Себебі содан бірнеше жыл бұрын бөртпе дертіне шалдығып, әзер жазылған болатын. Аурудың машақатын жақсы білетін адам ретінде ол екпе туралы тың ақпаратқа қатты қызығады. Лондонда тұратын құрбысына жазған хатында аурудың алдын алуға болатынын білгенде таңданысын жасыра алмағанын жазған.


Мэри ханым британдық дәрігерді 5 жасар баласына екпе салуға мәжбүрлейді. Ал, 1721 жылы Англияға кері оралғанда патша сарайы дәрігерлерінің қатысуымен қызына екпе салғызады. Осылайша бұл жаңалық патша отбасының құлағына да жетіп, содан ары тұманды Альбионға тарады. Осылайша бүкіл еуропа континетіне жайылды.

COVID-19. Қазақстандық вакцина туралы не білеміз?

Қазір әлем елдері COVID-19 вирусының екінші толқынымен күресуде. Кесапатты кеселдің бірінші толқынын бастан өткеріп, етек-жеңін жинаған Қазақстан вирустың екінші толқыны өршіп кетпесі үшін қажетті шараларды қолға алғаны мәлім. Осыдан біраз уақыт бұрын ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында еліміздің биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-зерттеу қызметі сөз болып, қазақстандық ғалымдар ойлап тапқан вакцинаны клиникалық сынаққа алу мәселесі айтылған болатын.


Ресми деректерге сенсек, Қазақстанның биологиялық қауіпсіздік және биотехнология саласында ғылыми зерттеулер жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл сала бойынша қазір 12 ғылыми ұйым ашылған. Онда 2,5 мыңға жуық адам қызмет істеп жүр. Ұлттық биотехнология орталығының мамандары Пандемияның бастапқы кезеңінде SARS COVID-2 тірі штаммы болмаған кезде жасанды синтезді пайдалана отырып, коронавирусты диагностикалауға арналған ПТР тест-жүйесін әзірлеп шығарғаны туралы БАҚ өкілдері жарыса жазған болатын. Бертін қазақстандық ПТР тест-жүйесін шетелдік диагностикалармен салыстырғанда оның жоғары сезімталдығы дәлелденген болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық биотехнология орталығы 11 мың тест-жүйесін жасап шығарды. Мамандардың пікірінше, осы саладағы тағы бір маңызды ұйым — Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты. Қазіргі таңда аталмыш мекеменің 13 зертханасында қауіпті инфекциялармен жұмыс жүргізілуде. Институт Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымымен аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналарды әзірлеу туралы келісімшарт жасасты. Мекеме мамандары медицина мен ауыл шаруашылығы салаларына аса қажет вакциналардың жаңа түрлерін әзірлеп, иммунобиологиялық препараттарды өндіруді қолға алды. Осы уақытқа дейін аталмыш ұйым қауіпті және аса қауіпті инфекцияларға қарсы отандық вакциналардың 67 түрін әзірледі. Бұған қоса Институт ғалымдары КВИ-ға қарсы үш платформадан тұратын бес вакцина әзірлеуде.


Осыдан бірнеше күн бұрын қазақстандық БАҚ өкілдері Қазақстанда сынақтан өтіп жатқан екінші вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кандидаттар тізіміне қосқанын жарыса хабарлады. Ресми дерекке сенсек, әлем елдерінде 100-ден астам коронавирусқа қарсы вакцина жасалып жатыр. Талайды қыспаққа алған COVID-19 індетіне қарсы вакцинаны алғаш тіркеген Ресей елі күзде жаппай егу бағдарламасын жүзеге асыратынын жоспарлаған болатын. Қыркүйек айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Ресейден екпе сатып алу бойынша делегация баратыны айтылған еді. Алайда, бұл мәселе қоғамда кереғар пікір туғызып, сынға алынған еді. Сыни пікірге құлақ асқан Денсаулық сақтау министрлігі сынақтың барлық кезеңі аяқталмайынша препаратты алмайтынын мәлімдеген болатын.

Соңғы дерек

COVID-19-ға қарсы жаңа вакцина сынақтан сәтті өтті. 9 қарашада Германиядағы BioNTech биоинженерлік компаниясының мамандары коронавирусқа қарсы вакцина үшінші фазадан сәтті өткенін хабарлады. Арнайы жүргізілген тәжірибе нәтижесінде қатысқандардың 90 пайыз тиімді екені анықталған.


Вакцинаның ерекшелігі

Тиімділігі 90 пайыз болатын екпеге ғалымдар BNT162b2 деген атау берді. Екпенің 90 пайыз тиімділігі туралы шешім 8 қарашада тәуелсіз деректер мониторингі комитеті жүргізген алғашқы аралық талдауына негізделіп жасалып отыр.

BNT162b2 екпесінің клиникалық сынақтан өткізудің үшінші кезеңі 27 шілдеде қолға алынған болатын. Тәжірибеге жалпы саны 43 538 адам қатысқан. Өндіруші компаниялар коронавирусқа қарсы әзірлеген вакцинаның әр дозасын 19,5 (8 400 теңге) долларға бағалап отыр. Жыл соңына дейін вакцинаның 100 миллион дозасын жасап шығару үшін өндірушілерге Дональд Трамп құны 1,95 миллиард доллар тұратын грант бөлген. DW таратқан мәліметке назар аударсақ, компания өкілдері Ұлыбританияға екпенің 30 миллион дозасын жеткізген көрінеді.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: