31 Наурыз 2014, 05:13
Жақсы мен жаманның парқына әбден қанық жырау ел бүтіндігін сақтау үшін ел билеушісінің іс-әрекетінің қандай болмағы абзал боларын аңғартады. Бұл тұста да Шалкиіздің жадағай ақыл, жалаң сөзді қызықтап кетпей, әр сөзіне салмақ арта, астарлай ұсынатын парасатқа бейім шеберлігі айқын танылады. Мәселен, жыраудың:
«...Жоғары қарап оқ атпа, Жуық түсер қасыңа;
Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа, Күндердің күні болғанда Сол жаман айғақ болар басыңа. Жақсы да келер бұ көпке, Жаман да келер бұ көпке,
Түгел іс қойып болмас бір кепке...» –
деген жолдарындағы ой мазмұнын бірнеше қырынан тануға болары анық. Алғашқы қос тармақта жырау философша толғаса, одан соңғы үш жолда көпті көрген көнекөзше ақыл қосады, ал соңғы үш тармақ түйіні философиялық ойға да, сол ойдан өріс алатын қарекетке де жетелейді. Жыраудың меңзеп тұрғаны – «Ел билігіне жақсы да келер, жаман да келер; Солардың қай-қайсы да ел тірлігіндегі түйткілдің бәрін шешіп тастамас; бірақ, қалай болғанда да, ел игілігіне қайрат жұмсау– парыз» деген ой.
Қара бастың қамынан қалың елдің амандығын артық санаған Шалкиіз жыраудың: «Адам баласы үшін елге қызмет қылудан артық бақыт та, дәреже де жоқ», – деген ойды өмірлік мұратқа айналдырғаны оның қажылық сапарына жиналған Би Темірге айтқан сөздерінен де анық танылады. Ел жөнінен де, дін жолынан да жан-жақты хабардар жыраудың бұл толғауында оның суреткерлігі де, білімдарлығы да, ойшылдығы да кеңінен көрінеді және сол сипаттардың бәрі елжандылық қасиетті асқақтатуға қызмет қылады.
Жырау қажылыққа көңілі құлаған Би Темірді ниетінен бұрудыкөздесе, бұл әрекеті жеке бастың қимастығы емес, ел тірлігіне алаңдаудан туып жатқан әрекет. Сондықтан да ол: «Етектеп жиған көп халқың, Сұлтан ием, кімге асмар етерсің?!» – деп ашық сауал тастайды, я болмаса: «Енді өзіңден соңратын Жұртқа бір лайық ие жоқ...» – деп алаңдайды. Толғауының бір тұсында ойландыра, бір тұсында толқыта, бір тұсында салмақ сала жырлап келетін жырау сөз түйінін:
«...Ай, хан ием, сұраймын: Тәңірінің үйі кебені Ибраһим Халил алла жасапты,
Ғазырейіл – жан алмаға қасап-ты,
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңірінің үйі бәйтолла,
Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты!» – деп тұжырады.
Осы үзіндінің өзінен Шалкиіз жырау болмысы, арман-мұраты, білім кеңістігі айқын аңдалады. Діни білімімен де, өмірлік танымымен де жұртты аузына қаратқан, оның үстіне ойын іркуді білмейтін бетті мінезі бар жыраудың бұл өмірдегі ұлық арманы туған елдің бүтіндігі, туған жердің тыныштығы болғаны хақ. Бұл арман жыраудың кез келген шығармасынан айшықтала көрінеді.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»