V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын қазақстандық спортшылар анықталды

13 Тамыз, 17:02 856

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына теңге ілу мен жамбы атудан қатысатын қазақстандық спортшылар анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Теңге ілуден ұлттық құрама 8 тамыз күні Олимпиадалық даярлау орталығында 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын үздік үштікті анықтады.

Еліміздің ең үздік 6 теңге ілушісі көшпенділер ойындарына тікелей жолдама беретін 3 орынды сарапқа салып, іріктеу ойындарына қатысты. Спортшыларымыз «қос құлаш», «бес белес», «жеті құт» стилдері бойынша бақ сынады. Қорытындылай келе, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындапында ел намысын «бес белес» стилінен Бекнұр  Серіков,  «жеті құт» стилі бойынша Бақыт Төлтай, ал «қос құлаш» стилінен Рахат Қамбаров қорғайды.

Осылайша теңге ілуден  5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасы:

  1. Рахат Қамбаров - 2001 жылы Түркістан облысының тумасы. 2022 ж. Теңге ілу федерациясының бас жүлдесі, 2023 жылы өткен VI ҚР Ұлттық спорт фестивалінің бас жүлдесі, 2024 жылы Азия кубогі, 2024 жылы өткен Азия чемпионатының алтын жүлдегері.
  2. Бақыт Төлтай - 1998 жылдың 12 тамызында Шымкент қаласы, Арыс ауданы, Монтайтас ауылында дүниеге келген. 2021 жылы ересектер арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері, 2023 жылы ересектер арасындағы ҚР чемпионатында алтын және күміс медалінің иегері, 2024 жылы Азия чемпионатының алтын медалінің иегері.
  3. Бекнұр Серіков – Батыс Қазақстан облысының тумасы. 2018 жылы жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, 2020 жылы жастар арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, 2023 жылы І Азия кубогінің 1-орын иегері.

Оған қоса, жамбы атудан Қазақстан ұлттық құрамасы 8 тамыз күні Олимпиадалық даярлау орталығында 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын үздік төрттік белгілі болды.

Еліміздің ең үздік 10 жамбы атушысы көшпенділер ойындарына тікелей жолдама беретін 3 орынды сарапқа салып, іріктеу ойындарына қатысты. Мергендеріміз «мажар», «азия», «түркі», «жамбы» стилдері бойынша бақ сынады. Жалпы есепті қорытындылай келе, 1-орынды Айтбек Сарыбай, 2-орын Абзал Тұлыбеков, ал соңғы жолдаманы Ералхан Айкөз ұтып алды. Айта кетейік, әлем чемпионы Батыр Бексауыт көшпенділер ойындарына тікелей жолдама алған еді.

Осылайша жамбы атудан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасы:

  1. Ералхан Айкөз - 1998 жылы 5 маусында Түркістан облысы, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2021 ж. Тегерандағы XVI әлем чемпионатының жеңімпазы және күміс жүлдегері;
  2. Батыр Бексауыт - 2001 жылдың 8 тамызында Түркістан облысы, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2021 жылы Жастар арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, Шымкентте өткен Азия чемпионатының алтын және қола жүлдегері, Қытайда өткен әлем чемпионатының алтын және қола жүлдегері;
  3. Айтбек Сарыбай – 1998 жылы 30 қаңтарда, Түркістан облысы, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2019 ж. Оңтүстік Кореяда өткен XV әлем чемпионатының жеңімпазы және қола жүлдегері, Қытайда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері;
  4. Абзал Тұлыбеков – 1996 жылы 31 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. 2018 жылы жамбы атудан әлем чемпионатының жеңімпазы.

Еске сала кетейік, теңге ілу мен жамбы атудан 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді.

Равиль Ашығали
Бөлісу: