31 Наурыз 2014, 03:57
Айта кетерлік тағы бір жәйт – Қазтуған жырау өзіне ілескен жұртты бастап, Еділ бойынан қоныс аударып кетсе де, сол кезеңге дейін бірге тірлік кешіп, біте қайнасып кеткен ноғайлы жұртына қарау пиғыл танытпайды. Мәселен, қолжазба толғаудағы қаһарман – Қазтуған күні кешегі ағайын жұртқа: «Қара ағаштай қалың ноғайым» – деп іш тартса, тарихи Қазтуған өзінің төл жырында:
«Қайран менің Еділім, Мен салмадым, сен салдың, Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!..» – деп, іші қан жылай тұра, мәрттік танытады.
Мұндай мәрт мінезділік те қазақ жырауларына етене қасиет болғандығы даусыз. Қазтуған сөзі соның бір дәлелі іспетті.
Әлбетте, кез келген шығармашылық тұлғаның болмыс даралығы, әдебиет өкілі ретіндегі өзіндік ерекшелігі оның бейнесі сомдалған әдеби-көркем туындылар арқылы емес, сол тұлғаның өз шығармаларын зерделеу арқылы ғана танылмақ. Бұл – жазба әдебиет өкіліне де, халықтық үлгідегі әдебиет өкіліне де қатысты талап. Сол себепті Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде өмір сүрген Қазтуған жыраудың өзіне ғана тән сипаттарды оның төл туындыларына сүйене отырып, танып-білген орынды болмақ.
Жыраудың соңында қалған әйгілі мұралардың бірі – «Алаң да алаң, алаң жұрт...» деп басталатын толғауы.
Толғаудың жалпы мазмұнына ден қоя пайымдасақ, аталған толғаудың Қазтуған бастаған бір қауым елдің атамекен – Еділ бойынан Қазақ хандығы аумағына қарай бет түзей қоныс аударып, ноғайлы жұртынан ірге бөліскен жылдары дүниеге келгені аңдалады. Жыраудың сөз түйінінде: «Қайырлы болсын сіздерге Менен қалған мынау Еділ жұрт!..» – деп тілек ете қайыруының сыры сонда.
Ал толғаудың жалпы композициялық түзілімі мен сюжеттік өрістеу үлгісін іштей үш бөлікке жіктей қарастыруға болады. Алғашқы бөлік «Алаң да алаң, алаң жұрт...» деп басталып, «...Жанға сақтау болған жұрт» деп түйінделсе, ортаңғы бөлік «Салп-салпыншақ анау үш өзен...» тармағынан «...Қайран менің Еділім» деп түйілетін тармақтар аралығын қамтиды, ал түйінді бөлік соңғы үш тармақтан тұрады.
Алаң да алаң, алаң жұрт, Ақала ордам қонған жұрт...
...Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт, Кіндігімді кескен жұрт, Кір-қоңымды жуған жұрт, Қарағайдан садақ будырып,
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып, Жанға сақтау болған жұрт... –
деп келетін алғашқы бөлікте жырау ата жұртының қадір-қасиетін тікелей өзімен, өзінің жеке өмірімен байланыстыра алға тартады. Осы жұртта атасы Сүйініш пен анасы Бозтуғанның шаңырағы тігілгендіктен, сол шаңырақ астында өзінің кіндігі кесіліп, осы өңірде ат жалын тартып мінер азаматқа айналғандықтан, Еділ бойының өзіне аса қымбат екендігін реалистік үлгіде суреттей жеткізеді.