31 Наурыз 2014, 07:09
Ақтамберді жыраудың бұл топтағы жыр-толғауларын елдік мұрат пен туған елі үшін шыбындай жанын шүберекке түйген ерлердің қаһармандық болмысын бейнелеген туындылар ретінде бағалаған абзал. Себебі – бұлардың қай-қайсында да ел мен ер бейнелері бірімен-бірі ұштаса, бірін-бірі толықтыра көрініп отырады.
«Арудан асқан жар бар ма, Жылқыдан асқан мал бар ма!» – деп, нағыз ер жігіттің бұл өмірден алашақ еншісін айқындап алған жырау бұл мақсатқа жету жолын да:
...Жол болмасқа немене,
Тарығып шын жыласа;
Мал бітпеске немене,
Жігіт жанды бұласа! – деп таңбалай алға тартады.
Демек, ер жігіт көксеген арманына жету үшін, әуелі, хақтан адалынан тілек етуі керек екен, тілеп қана қоймай, жан сала тірлік етуі қажет екен. Бейбіт күнде ер жігіттің парызына баланған бұл әрекеттер бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпағаны анық.
Алайда, Ақтамберді жырау өмір сүрген дәуір бейбіт күннің мамыражай күйін толғап отыратын уақыт болмағаны мәлім. Бұл дәуір – Қазақ даласының әр қиырынан анталай ұмтылған жаудың бетін қайтарып, ел-жұртқа қорған болу әр жігіттің ел алдындағы парызына айналған дәуір. Жырау толғауларында батырлық болмыс сипаттары, жүректілік белгілері жиі жырлануының сыры да сондықтан. Ер жігіттің сипаттарын жырлау барысында Ақтамберді өзінен бұрынғы жыраулар шығармашылығында кеңінен қолданылған салыстыра бағалау тәсілін пайдаланады. Мәселен:
Балпаң, балпаң кім баспас,
Басарға балтыр шыдамас;
Батырмын деп кім айтпас,
Барарға жүрек шыдамас, – деп жырлаған тұсқа назар аударсақ, жыраудың сөзге бар да, ерлік әрекетке жоқ бөспе жігіттің сатиралық келбетін мысқылдай көрсеткені аңғарылады.
Балпаң, балпаң басқан кезінде балтырын жарып жіберердей шіренген «батырсымақты» сатиралық кейіпте көрсеткен кезде жыраудың діттегені – жеңіл әжуа, арзан күлкі емес, қазақ баласының бойына абзал қасиеттерді дарыту. Осы толғаудың келесі бөлігінде ер жігіт бойынан табылуға тиісті қастерлі қасиеттердің бірі елге қорған болу екенін меңзей келе:
...Жалтара шапсаң жау қашпас,
Жауды аяған бет таппас;
Уа, жігіттер, жандарың
Жаудан аяй көрмеңіз,
Ғазірейіл тура келмей жан алмас! – деп айтар ойын ашық жеткізуі сондықтан.
Ел шетіне тиген жауға жан аямай шапқан кезде ер жігіттің қорғағаны қандай өмір, ер жігіттің бейбіт күнде орнықтырғысы келгені қандай өмір? Ақтамберді жырларынан бұл сұрақтың жауабы да табылады. Жай ғана жауап емес, ер жігіттің көңілінде мәңгі байырқалап қалатын әсерлі де, бейнелі жауап. Ең маңыздысы сол, бұл жауап – ер жігіттің ғана көксеген өмірі емес, көшпелі қазақ баласының әрқайсысы аңсаған арман өмір.
Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екеміз; Күдеріден бау тағып, Қамқапты киер ме екеміз?! – деп басталып, риторикалық сауал үлгісінде бір деммен айтылып шығатын бұл толғауда қазақ өмірінің алуан түрлі көріністері, қазақ баласының асыл армандары айшықтала жырланған. Риторикалық сауалмен түйінделіп отыратын әр шумақта қазақтың бірегей жаратылысы жатыр.
Өзенге бие байлатып,
Төскейде орда орнатып,
Төрткілдеп ошақ қаздырып,
Төбел бие сойғызып,
Төменде бидің кеңесін
Біз де бір құрар ма екеміз?! – деген жолдардан екі түрлі мағына аңдалады. Оның бірі – қазақ елінің қалыпты тірлігінің бейнелі суреті болса, екіншісі – осы қалыпты тірліктің шырқы бұзылған кездегі ел арманы.
Қос мағына арқалай, біріне-бірі рет-ретімен ұласа бейнеленетін динамикаға толы көріністерде біртіндеп әрекет аясы да кеңейе береді. Мысал үшін жоғарыдағы шумақтан кейінгі көрініске назар аударып байқалық:
Құлаты тауға қол салып, Садақтың оғын мол салып, Бетпақтың ен бір шөлінен Төтелеп жүріп жол салып, Қолды бір бастар ма екеміз?!
Берілген екі үзіндіні тұтас алып қарасақ, қазақ жұртында қағидадай қалыптасқан бағзы жол көрінеді. Яғни, ел тағдырына қатысты аса маңызды сәт туғанда әркім өз білгенінше әрекет ете бермей, ортақ шешімді ең әуелі ақылға кенен, ауызы дуалы билер қабылдайтынын, ал ұйғарымды іске асыру ерлердің еншісіне тиетінін көреміз.
Осыдан кейінгі шумақта «Майданда дабыл қақтырып, Ерлердің жолын аштырып, Атасы басқа қалмақты Жұртынан шауып, бостыру» көріністері суреттелген соң, жаудан азат болған жұртта орнығуын аңсаған өмір романтикалық асқақ құштарлықпен бейнеленеді. Бұл шумақтардың әр тармағынан қазақ баласының асқақ рухы, абзал болмысы, өмірге іңкәрлігі жарқырай танылады. Бұл тұста Ақтамбердінің арман ете жырлаған өмір көріністері Асан қайғы аңсаған Жерұйықтан әсте кем түспейді. Жыраудың шеберлігі сонда – ол бақыт қонақтаған өмірді қол жетпес армандай суреттемейді, керісінше, сол өмірді орнықтыруға болатынына кәміл сендіре жырлайды, кәміл сендіре отырып, сол өмірге тезірек жету үшін елге қатер төндірген жаудан туған жерді азат ету қажеттігін сездіреді.
Арман өмір көріністерін суреттеу барысында да жырау болашақ әрекеттердің уақыт тұрғысынан реттілігінен ауытқымастан, кезек-кезегімен алға тартады. «Атасы басқа қалмақты бостырғаннан» кейінгі жасалуға тиісті әрекет жырау толғауында:
Кеуде бір жерді жол қылсам, Шөлең бір жерді көл қылсам, Құрап жанды көп жиып, Өз алдына ел қылсам! – деген үлгіде ұсынылады.
Байқалып тұрғандай, жыраудың ең әуелі көздейтіні – бытырап кеткен елдің басын біріктіру. Өйткені ол өз көңіліндегі асыл армандардың бәрі ел тұтасқанда ғана іске асарын, бірлік жоқ жерде тірлік болмасын қапысыз ұғады. Сондықтанда бірінші кезекте елді бір шаңырақ астына жинауды мақсат етеді.
Ел тұтасқан кезде ел ішінде орнығар өмір қандай? Бұл орайда да жыраудың поэтикалық жауабы дайын:
Асқар бір тауды жайласам,
Желілеп бие байласам,
Күнде жиын, күнде той,
Қыз-бозбала ойнатсам;
Тентегін түзеп байқа деп,
Ішінен биді сайлатсам!
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»