V. ХVІІ ғасырдағы жыраулар

31 Наурыз 2014, 06:07

Ал толғау айтылған сәттегі қазақ жағдайы қандай?

Ал толғау айтылған сәттегі қазақ жағдайы қандай? Толғауда айтылғандай, қазақ баласы «тал шарбаққа мал сақтап, тас қалаға жан сақтауға» көшсе, демек, көшпелі қазақ тіршілігіне отырықшылық салты да ене бастаған. Сонымен бірге бұл тіркестер Жиембет жыраудың осы толғауы Түркістан қаласында айтылуы ықтималдығын да аңдатады.

Өз замандасы Есім ханға тікелей бағыттала айтылған жырау толғауларынан оның өз болмысына тән мінез қырлары да танылады. Мәселен, жыраудың:

...Мен жоқ болсам, Есім хан, Ит түрткіні көресің, «Жиембет қайда?» дегенде Не деп жауап бересің?.. – деп жырлаған тұстарынан оның ел ішіндегі өз қадірін жақсы білетінін, сол себепті өзіне-өзі кәміл сенімді адам екенін танысақ:

 ...Менім ерлігімді сұрасаң, Жолбарыс пенен аюдай, Өрлігімді сұрасаң, Жылқыдағы асау тайыңдай, Зорлығымды сұрасаң, Бекіре менен жайындай, Періктігімді сұрасаң, Қарағай менен қайыңдай... – деп толғайтын сөздерінен ер мінезді, өр болмысты қасиетін аңғарамыз. Ал іс аужайы аңдалған сәтте:

...Қарамасаң, ханым, қарама, Сенсіз де күнімді көрермін! –

деп шорт қайырған сөздері Жиембет жыраудың екі қайырыла сөйлемейтін мәрт мінезді батыл адам болғанын айғақтайды.

Жыраудың дәл осынау қажырлы да батыл мінез-қасиеттері оның туған жерінен жыраққа қуғындалған кезіндегі жырларынан да айқын көрінеді. Қазақ жырауының мінез ерекшелігін айқынырақ тану үшін оның осы кезеңдегі шығармаларын жоғарырақта айтылып өткен рим ақыны Овидийдің қуғында жүрген кезінде жазған элегияларының сарынымен салыстырып көрелік. Айдаудағы рим ақыны:

...Кім бар дейсің бұл өлкеде мені жоқтап, мәйітімді арулар? Шыбындай жан көкке ұшқанда, көз жасымен мөлт еткен Қас қағым сәт аялдатар сүйікті жар болар ма?

 Айтылмастан ақтық аманатым да, шаншылғанда кірпігім,

Дос пейілмен көзім жабар жан болмас... – деп шерленеді.

Римдік ақын Отанына оралудан үміттену түгілі, көз жұма қалса, жер қойнына адам сияқты жерленуден де дәмеленбей, түңіле зарлайды. Жалпы, оның осы жылдардағы элегияларының бәрінде торығу, үмітсіздік сарыны басым. Ал Жием­бет туындыларында туған жерді аңсау, сағыныш, туған жерге ораларына сенімділік сезімдері тоғыса көрінеді. Тіпті:

«Қол-аяғым бұғауда, Тарылды байтақ кең жерім! Арманда болып барамын...» – деп басталатын толғауының алғашқы жолдарында күңірене күйзелуге бой ұрғандай болса да, бұл сезім біртіндеп қимастыққа ұласа барып, жыр түйінінде:

«Қайырымсыз болған хандарға Тиер ме екен бір күні Жолбарыстай шеңгелім!» – деген үлгідегі батыл арманға жалғасады. Жыр мазмұнын құрайтын мұндай сезім күйлері қазақ жырауының өр мінезділігін, батырға тән жаратылысын айғақтаса керек.

Бөлісу: