V. Алаштың Астанасы және ұлттық идея

1 Наурыз 2014, 08:57

Елдің астанасын ауыстырудың тағылымы мен нәтижесі, сана болмысына, өмір салтына, демографияға, элита тағдырына әсері терең зерттеулерді талап ететіні баршаға аян. Солардың ішінен ең маңыздысын айрықша атап өткен абзал.

Елдің астанасын ауыстырудың тағылымы мен нәтижесі, сана болмысына, өмір салтына, демографияға, элита тағдырына әсері терең зерттеулерді талап ететіні баршаға аян. Солардың ішінен ең маңыздысын айрықша атап өткен абзал. Ол – Астананы ауыстырумен қазақтың мемлекет құраушы ұлтқа айналуға, мемлекеттілігін қалыптастыруға шешуші қадам басқаны. Мемлекет пен мемлекеттілік ұғым-түсініктерінің ортақтастығы да, айырмашылығы да бар. Мемлекет дегеніміз – нақты аумақтағы саяси-құқықтық жүйе, оны халқы да, әлемдік қауымдастық та мойындайды. Ал мемлекеттің жоғарғы даму сатысы – мемлекеттілік. Оған қалыптасқан экономиканың, заңнама жүйесінің, басқару аппаратының, өз Қарулы Күштерінің, мемлекеттік шекарасының, дипломатиясының т.б. болуы тән.  Бүгінгі ұлттық идеяның тоқетер мәні нақты тарихи кезеңде мемлекет құраушы ұлт алдында тұрған басты мақсат пен өзекті міндеттердің жиынтық формуласы дегенге саятынын ескерсек, алматылық кезеңдегі қазақ әлі мемлекет құраушы ұлтқа айнала қоймаған, мемлекеттілігі де қалыптаспаған еді. Бірақ үрдіс басталған-тын. Астаналық кезеңде ол түпкілікті шешімін тапты. Ендеше өтпелі кезеңдегі ұлттық идеяны бірінші кезекте мемлекет құраушы және мемлекеттілік биігіне көтерілу ұстанымынан таразылағанда қазақ мұраты, арманы деп айдарлауға толық негіз бар.

Біріншіден, қазақтар тарихи Отанында отыр. Осында төлтума шаруашылық-мәдени құндылықтарын қалыптастырды, ХV ғасырдың екінші жартысында төл мемлекетінің шаңырағын көтерді, отарлық қыспақта да, тоталитарлық тозақта да елін, жерін тастай кеткен емес. Қазақтан басқа ұлттар мен халықтар ХVІ ғасырдан беріде ғана, біразы Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанға қоныс аударып, тағдырдың жазуымен мұнда екінші Отанын тапқандар. Бүгінде әрқайсы, тіпті бәрі қосылып мемлекет құраушы ұлтқа айналмайтынын ұққандықтан бұлардың арман-мұраты қазақ арман-мұратымен тұтасып, тамырланып кеткені күмән туғызбайтын ақиқат. Өзін қазақ мұратынан тыс қоятындардың болашағы бұлыңғыр. Олар келешекте не тарихи Отанына қоныс аударады, не ойы бөлек, сөзі бөлек, ісі бөлек нағыз жармаққа айналады.

Екіншіден, қазақтар көпұлтты ортада тату-тәтті өмір сүрудің сан ғасырлық мектебінен өткен этнос. Тағдыры мен мемлекеттік билігі жат қолына қараған, ұлттық мүддесі империялық, таптық, партиялық өктемдік бүктеуінде қалған патшалық құрылыс тұсында да, кеңестік жылдарда да ешкімді бөтенсінбей, бауырына тарта алды. Таспен атқанды аспен атты. Ал тәуелсіздік тізгінін қолға алғаннан бері аз халықтарға көрсетіп отырған қамқорлығы айдай әлемге мәлім. Елбасының бастамасымен дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясының Конституциялық мәртебеге ие болуының өзі неге тұрады. Халқымыздың дос көбейтпек қасиетін ендігі ниеті дұрыс қазақстандық халықтар әбден түсінді. Ұлттық идеяның Бірлік сегменті азаматтық, отаншылдық тұтастықты қалыптастыруға, ұлттық қауіпсіздікті бекемдеуге бағышталған, оның астарында мәдени-тілдік бірізділікке қол жеткізу есебі жоқ. 

«Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар», 2012 ж.

Бөлісу: