V. Әліпби ауыстыру жазу реформасына айналу керек

1 Наурыз 2014, 07:12

Осыған орай, «қазақтар орыс тілін үйренуге өте икемді, таза сөйлейді» деген өте жаңсақ пікір бар. Қазақтың өзге ұлттардан артық түгі жоқ, ал грузин мен армиянның, латыш пен эстонның аузы-мұрнында не ынтасында еш кемшілік жоқ.

7.4. Осыған орай, «қазақтар орыс тілін үйренуге өте икемді, таза сөйлейді» деген өте жаңсақ пікір бар. Қазақтың өзге ұлттардан артық түгі жоқ, ал грузин мен армиянның, латыш пен эстонның аузы-мұрнында не ынтасында еш кемшілік жоқ. Гәп - олардың әліпби таңбасының бөлек болғанында да емес, сол ана тілі жазуының ішкі емле-ережесінің бөлек болғанында. Олар орыс тілінде и дауысты дыбысы бар екен деп и әрпін, у дауысты дыбысы бар екен деп у әрпін, ф дауыссыз дыбысы бар екен деп ф әрпін, ц  дауыссыз дыбысы бар екен деп ц әрпін алып отырған жоқ. «Орыс сөзі қалай жазылса, солай жазайық, қалай айтылса, солай айтайық» деген емле-ережені алу олардың ойына да кіріп-шыққан жоқ.  Ана тілінің емле-ережесі бөлек болған соң, бала күннен өзіндік дыбыстау үлгісі қалыптасады. Бертін келе орыс сөздерін бұзып сөйлейтіні сондықтан. Ал, армиян-грузин, латыш-эстон тілінің әліпби тұрқына байланып қалған ерекшелік болса, онда неге орыс тілінің емле-ережесімен сауат ашқан грузин, армиян, латыш, эстондар орысша тап-таза сайрап отыр? Ендеше, екінші бір тілде жақсы сөйлеу деген – сол тілдің емле-ережесін жақсы меңгерген деген сөз.

8. Тілдің айтылым емле-ережесі мектеп оқулығынан басталады. Ендеше қазақ сөзінің айтылымын орыс сөзінің айтылымына жақындастыру сол мектеп балаларынан басталғанын байқамай келдік.

8.1. Кез келген қазақ тілінің оқулығын алыңыз да бетін ашыңызшы. Қайран қаласыз! Қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары деп 7-8 әріпті бөліп қояды. Сонда не, өзге дыбыстардың бәрі қазақтікі емес пе? Қазақ дыбыстарын осылай бөлектеудің өзі шәкірт санасын тұмшалап, есейгенде мәңгүрт қылады. Сөйтіп, 26 (28) дыбысымыздың бәрінің де (!) дыбысталуы сол іспеттес орыс тілінің (сол іспеттес араб т.б.) дыбыстарына баспа-бас ұқсай қоймайтыны, дыбыстардың өзара тіркесім емле-ережелері мүлдем бөлек екендігі не тіл мамандары – біздің санамызға жетпей-ақ қойды, не оқулық авторларының қаперіне ілінбей-ақ қойды. Дыбыстарымыз бірдей, әріптеріміз бірдей деп ұзын желінің аяқ жағына басымызды тұқыртқан өзіміз екен, кімге өкпелейміз? «Ұра берсе құдай да өледі» дегендей, жазуымызды орыс жазуына теліп, орыс жазуының емле-ережесінің мұртын бұзбай көшіріп алып, орыстармен бір-біріміздің иінімізге дем алып отырсақ, орысша біз сайрамағанда, кім сайрайды. Ендеше «орыс тілін үйренуге икемдіміз» деп әсіре мақтанға салынбай, алдымен табиғат-тәңірі берген тілімізге ие болайық.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ  жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж

Бөлісу: