V. Әліпби әңгімесі

1 Наурыз 2014, 08:08

-жиын сөзі жи-ын болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма?

Тасымал талданым:

c Онда «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені қайда қоямыз? Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын тұрған деген не?» деп, әрі-сәрі боламыз.

-суық сөзі су-ық болып тасымалданып, тасымал жігі екі дауыстының арасынан өтіп тұрады ма? Ендеше «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені тағы қайталаймыз. Оның үстіне «сөз соңында тұйық буын неге тұр?» деп, әрі-сәрінің үстіне дел-сал боламыз.

Көріп отырғанымыздай, аттаған сайын сұрақ белгісі алдымыздан шығып отыр. Бұл – бүгінгі қазақ жазуының күманды тұстары көп деген сөз.

Енді дәлелдемеге көшейін.

Қазақ сөзінің құрамындағы кірме и, у, я, ю, щ, һ, х таңбаларының дыбыс мәні жайлы фонетика-фонологиялық тұрғыдан бұған дейін көп жазылған, сондықтан оған тоқталып жатпаймын. Тек қана, дыбыс құрамын көрсетіп өтейін.

и –[ый, ій],          у – [ұу, үу],
      я – [йа, йә],         ю – [йұу, йүу],
щ – [шш],      һ – [қ],      х – [қ]

 

Кірме әріптердің дыбыс құрамына қарағанда олар екі-үш дербес дыбыстардың тіркесімін белгілейтін таңбалар екенін көреміз. Осы кірме әріптердің дыбыс мәнінің дәлелдемесін, бәріне тоқталып жатпай, и мен у таңбаларына ғана қатысты жеке-жеке талдап берейін.

Морфем дәлел. Тіркесімнің екінші сыңарының морфологиялық қызметін өзге морфем бірліктерімен салыстырып барып аңғаруға болады:

 

оқы – л [oqu - l]      
оқы – п [oqu - p]      
оқы – с [oqu - s]
оқы – й [oqu - y]    
 
оқы – у [oqu - w]

 

Осында оқыл дегендегі дауыссыз л[l] – ырықсыз етіс көрсеткіші, оқып дегендегі дауыссыз п[p] - көсемше көрсеткіші, оқыс дегендегі дауыссыз с[s] – ортақ етіс көрсеткіші ретіндегі морфологиялық қызмет оқи [oquy] дегендегі дауыссыз й[y] – көсемше көрсеткішіне, оқу [oquw] дегендегі дауыссыз у[w] – тұйық рай көрсеткішіне де тән екенін көреміз. Тілдік (морфологиялық) қызмет  осындағы [l], [p], [s], [y], [w] дауыссыздарына бірыңғай тән. Ендеше и, у таңбаларын дауысты деп шатаспауымыз керек.

Буын дәлел. Тіркесімнің екінші сыңары, қазақ тілінің өзге дауыссыз дыбыстары тәрізді, буынның құрамды бөлігі болып табылады:

 

       қыр – қы+р [qɪ-r]              тіc – ті+c [ti-s]               ұл – ұ+л [u-l]

                 қи  –  қы+й [qɪ-y]               ти – ті+й [ti-y]                  у – ұ+у [u-w]  

 

Осындағы [r], [s], [l], [y], [w] дауыссыздары буынның соңғы дауыссыз сыңары ретінде бірдей жұмсалып отыр.

Тасымал дәлел. Тіркесімнің екінші сыңары қазақ тілінің өзге дауыссыз дыбыстары тәрізді тасымал жігін көрсетеді:

 

тыным – ты-ным                         шіре - ші-ре
тиым  –  ты-йым                        шие - ші-йе

         құсы – құ-сы                       елігі – е-лі-гі
         қуы  – құ-уы                      елуі – е-лі-уі

 

Осындағы [n], [r], [y],  [s], [g], [w] дыбыстары дауыссыз болғандықтан сөз ішіндегі буынның бас шебінде тұр. Сөйтіп сөз соңындағы бейтәртіп дауысты буын мен тұйық буыннан құтыламыз.

Олай болса, дауысты и, у, я (ю) деп жүргеніміз екі (үш) дыбыстың тіркесімін белгілейтін таңба (!) екен.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ  жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж

Бөлісу: